» » » ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСТЫ

ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСТЫ

Жастар жылы аясында Қорқыт ата мәңгілік мекен болған қасиетті Қармақшыда айдынды Арал мен қарт Қаратаудан қара домбырасын жанына серік етіп, жақұт жырымен елдің мерейін асқақтатуға келген жас ақындар айтысы өтті.
Жыраулар үйі жыл сайын ұйымдастыратын дәстүрлі айтыс биыл Дүр Оңғар Дырқайұлының туғанына 160 жыл толуына орайластырылды.  «Ерлерім сөйле дегесін» атты облыстық ақындар бәйгесіне өнер қазанында қайнап, піспеген,  бұрын топқа түспеген, бұғанасы қатпаған, тек қара өлең жаттаған балалар қатысса да айтар ойлары жүйрік болды. Ең жас айтыскер небәрі 10 жаста. Бұл жасында қазақтың ұлттық аспабын арқалап, әу деп ән айту да, сахнада еркін отыру – үлкен нәтиже. Бұл – шоқтығы биік өнер айтысқа жастардың да таласы барын анық көрсетеді.
Жастар айтысында сахна шымылдығын жас жүргізушілер ашты. Облыстық дода болған соң көрермен мен қатысушыларға аудан айшықтарын анық айтып жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев сөз сөйлеп, жас ақындарға сәттілік тіледі. Сүлейлер жолын жалғастырған Әлиакбар Жұматаев, Шәймерден Шегебаев, Әлімбай Әлиасқаров, Мұзарап Жүсіпов, Қали Шыңғысов сынды әкелеріміз қалыптастырып кеткен айтыс мектебінің ізі жойылмайды. Жүз жыраудың Отанында жыр додасының жыл сайын өтуі заңдылық, – деді өнерді айрықша орынға қоятын жас басшы.
Мұнан соң айтысты жүргізу тізгінін ақын, күйші Берік Аққалиев алды. Дастан Мырзабекұлы, Нұрбай Жанәділов, Арнұр Көшенеев қазылық еткен жыр бәйгесінде 10 ақын сөз таластырды. 
Алғашқы жұп болып сахнаға шыққан жалағаштық Динара Берікқызы мен қазалылық Жанұзақ Серіков. Қара бала мен қара қыздың домбыраны енді қолға алғандары көрініп тұр. Арасында шертіп-шертіп қояды. Бастысы ел сүйсінер таудай талаптары бар. Сөз бастаған Жанұзақ:
Додаға түспейді ғой шынықпаған,
Айтысқа қатыспайды жыр ұқпаған.
Қармақшыдай ауданнан айналайын
Дүр Оңғардай бабасын ұмытпаған, – деп, аудан тұрғындарының мерейін көтеріп тас­тады. Бірі – Мамырдың мектебінен, бірі – Нартайдың шекпенінен шыққан қызыл­ордалық Бақдәулет Әбілдаев пен шиелілік Айқын Төлеген өз деңгейлерінде жақсы өнер көрсетті. Айқын:
Жырменен көрерменді еліттіріп,
Алмайық бағамызды кеміттіріп.
Жүзіміз төмен қарап кетпейікші
Жүз жыраудың жеріне келіп тұрып, – деп қарсыласын әдемі айтыс жасауға шақырды. Қармақшылық Қаламқас Жаулыбаева мен қызылордалық Биғожа Нұржігіттің айтысы бәрін тәнті етті. Көрермен көзайымы атанған да осы жұп. Томпиып отырған түрлері-ақ сүйкімді. Екеуінің жастары да шамалас. Айтыс­тары да өздеріне лайық. Сөздері де келісті.  Биғожаның қасында қалы бар Қаламқасты «ең сұлу қызға» теңегені жарасымды болды. Мұнан кейін қазалылық Өміртай Есебайтегі мен қызылордалық Піржан Сандыбай шық­қандағы қошеметті айтсаңызшы. Домбырадан да, көкейден де жыр түйдек-түйдек түсіп жатты. Екеуі де  сахнаға жиі шығып жүргені белгілі. Олар:
Тарих пен сырға толы төңірегің,
Қармақшы, сұлу қыздай керім едің.
Қорқыт баба мәңгілік мекен еткен,
Тұранның ту ұстаған төрі едің, – деп қасиетті жерімізді жырға қосып, теңеу берді.
Соңғы жұп болған жерлесіміз Еркебұлан Серіков пен аралдық Ақылбек Бекболатов та осал емес. Еркебұлан сыр мақамына салды. Байқоңырды да, Қорқытты да жырға қосты. Дүр Оңғар атамыздың кім болғанын таныстыруға тырысты. Бірінші кезең аяқталып, мықты деген 4 ақын екінші айналымға өтті. Жүйрікті анықтау үшін «Құлмамбет айтысы» жасалды. Нәтижесінде ІІІ орынды жерлесіміз Еркебұлан Серіков, ІІ орынды Бақдәулет Әбілдаев, І орынды Айқын Төлеген, бас жүлдені Піржан Сандыбай иеленді. Жүлдегерлерге, оларды баптап топқа салған жетекшілері, белгілі ақындар Айдос Рахметов, Ержеңіс Әбдиев, Қайрат Күлекешов, Ержан Әміров, Мамыр Байдәулет, Берік Аққалиев, Жарқынбек Тұрымбетовке аудан әкімдігінің дипломдары мен ақшалай сыйлық табысталды.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».
17 маусым 2019 ж. 1 660 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№5 (10373)

21 қаңтар 2025 ж.

№4 (10372)

18 қаңтар 2025 ж.

№3 (10371)

14 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 325
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031