АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА
Өздеріңізге белгілі, Президент тапсырмасына сәйкес ҚР Үкіметінің жанынан еліміздің азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, сондай-ақ көп балалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Жұмыс тобы екі ай ішінде Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау бойынша кешенді шаралар қабылдайтын болады.
Аталған жұмысшы топқа аудан бойынша әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау бағытындағы тиісті ұсыныстар мен ақпараттарды ұсыну мақсатында аудан әкімінің өкімімен жұмысшы тобы құрылды.
Осы мақсатта аудандық жұмысшы топ бүгіннен бастап әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізуде.
Зерделеу нәтижесімен тұрғындардың ұсыныстары мен көтерген мәселелері шешімін табуы үшін аудан, облыс, республика болып, 3 деңгейге бөлінеді. Аудан деңгейінде ұйымдастырылатын шаралар бойынша нақты жұмыс жоспары бекітілетін болады. Ал облыс, республика деңгейінде шешімін табуы тиісті мәселелер жоғары тұрған органдарға жіберіледі.
Құрметті аудан тұрғындары!
Бүгінгі күні WhatsApp (ватцап) желісі арқылы «Қармақшы аналар», «Ақжүніс Қармақшы қоғамы», «Төретам, Байқоңыр аналары» және т.б. топтар құрылған. Осы тектес топтар арқылы кейбір азаматшалар тұрғындардың ресми құжаттарын (жеке куәлік, неке туралы куәлік, балалардың туу туралы куәлігі және т.б.) жинауда. «Осы құжаттарды өткізбесе Үкімет тарапынан берілетін көмекке ілікпей қаласыңдар» деген жалған ақпараттар тарауда.
Сондықтан жалған ақпаратта сеніп, құжат тапсырудың еш қажеті жоқ. Аудан әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ әр үйді аралап, ұсыныс-пікірлеріңізді жинақтауда. Осы жұмысшы топқа шынайы ақпарат берулеріңізді сұраймыз.
Сондай-ақ, өзгелердің арбауына түспеуге шақырамыз!
Қармақшы ауданы әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы тобы
Қосымша ақпарат үшін 2-16-53, 2-16-81 телефон номерлеріне хабарласуыңызға болады.