» » » Тәтімбет би туралы не білеміз?

Тәтімбет би туралы не білеміз?

Тәтімбет Бұлғақұлы (1711-1764) – би, батыр әрі елші болған кісі. Ататегі – Кіші жүз – Алшын – Қаракесек – Шөмен – Шөмекей – Бозғұл – Қаратамыр. Ол Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы Қорқыт Ата өңірінде, яғни Қызылорда облысының Қармақшы және Ақтөбе облысының Ырғыз аудандары аумағында өмір сүрген. Көрнекті тұлғаның туған жеріндегі қыс қыстауы – Қуаңдария, Жаңадария өзенінің бойы, жаз жайлауы – Ырғыз және Қарақұм қойнауы болған.
Бабамыздың бейіті Қарақұмның Аралмен шектесіп жатқан Қармақшы жақ бетіндегі Жеңішкеқұмның етегінде. Осы әулеттің тікелей ұрпағы – КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы, академик, РФ, ҚР техника ғылымдарының докторы, профессор Ясин Ұзақовтың айтуынша, ол өзі ертеректе Тәтімбет бабасының жамбасы тиген Жеңішкеқұмға арнайы зиярат етіп қайтқан екен. Сонда ол жергілікті көнекөз, құймақұлақ қарттардан естіген мына бір әңгімені бізге айтып берген еді.
Тәтімбет би кезінде Әбілқайыр хан ордасында елші болған. Сөйтіп, Ырғыз өңірінде тұрып қалған. Қартайған шағында осы жерде дүниеден өткен. Елдің ақсақалдары сонда кеңінен ақылдасып көрнекті тұлғаның мәйітін Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлеу жөнінде бірауызды шешім жасапты. Сөйтіп қаралы топ жаздың күні мәйітті зембілге салып, түйеге артқан соң көштің басын Түркістанға қарай бұрады. Сақтықты ескеріп, күндіз көп жүрмей, түнде суыт жүріп отырады. Бірақ күннің ыстығына шыдамай, бұзылуға айнала бастаған мәйітті енді Түркістанға жеткізудің мүмкін емесін түсінген жолаушылар атақты биге бұйырған жер осы болғаны ғой деп марқұмды Жеңішке құмның жиегіндегі Қармақшыға жақын тұрған бітіктеу жерге арулап жерлеген екен.
Қармақшы өңірінде «Бес Бұлғақтың баласы» деген сөз жиі айтылады. Оның мәнісі Бұлғақ биден – Бәйімбет, Қазымбет, Тәтімбет, Мәмбет, Өтей дейтін бес бала тараған. Шежіреші, зерттеуші, этнограф, белгілі қаламгер Тынышбек Дайрабайдың айтуынша, «Бұлғақ» сөзі – бұлғаңдап еркін өскен, еркіндік иесі деген мағынаны білдіреді. Бұлғақ бабамыздың атын ата-анасы да кезінде еркін өссін деп қойған болуы мүмкін. Ол шын мәнінде жас кезінен еркін, қайратты азамат болып өседі. Еліне адал қызмет етеді. Бұл әулеттің ең үлкені Бәйімбет. Қалған жұрт оның ұрпақтарын аға баласы деп сыйлаған. Ынтымақ, бірліктері жарасқан осы ортадан Тәтімбет пен Мәмбет қатар шығып, бірі – би әрі батыр атанса, енді бірі – аталық, би деген мәртебеге ие болады. Мәмбеттің де батыр болғанын растайтын әңгіме, деректер мұрағат материалында жиі кездеседі. Ағайынды екеудің бір ғана атаның емес, жалпы халықтың баласы болғаны Сырда да, қырда да жиі айтылып келген, әлі де айтыла береді.
XIІІ-XVII ғасырда қазақ даласында алуан түрлі соғыстар мен қарулы қақтығыстар жиі болғаны тарихтан белгілі. Әсіресе Кіші жүз қазақтары бір жағынан Еділ бойындағы қалмақтар мен башқұрттардың, екінші жағынан жоңғар қалмақтарының, ара-тұра бөркі шошайған түрікмендердің де шабуылына жиі тап болып бәріне де тойтарыс беріп отырған. Осы бір үрейлі де мазасыз шақта мұндай қиындықтан шығудың бірден-бір жолы – көрші Ресей патшалығының қол астына кіру екенін Кіші жүздің ханы Әбілқайыр жақсы білген. Оның бар ойы – елді аман алып қалу болды. Сол себептен Тәуке ханның жолымен Ресейге елші жіберуді жөн көрді. Бұл тұста ол Қараұлы Бөгенбай, мен Шақшақ Жәнібекке үлкен сенім артқан-ды.
Тынышбек Дайрабайдың жазбасынан байқағандай, 1710 жылы Кіші Қарақұмда үш жүздің басын қосқан үлкен жиын өтіп, оны Тәуке хан басқарады. Жиында Тәуке ханға серіктес ретінде Қайып пен Әбілқайыр сұлтандар сайланады. Жиыннан кейін Әбілқайыр аға хан болып тағайындалады да, ел тізгінін басқаруды қолға алады. Бұл маңызы үлкен жиынға Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Табын Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет батырлармен қатар Шөмекей елінің батыры әрі биі Тәтімбет Бұлғақұлының қатысқанын дереккөз де растайды.
1727 жылы Ұлытау бөктеріндегі Бұланты мен Білеуті өзендері маңында жоңғарлармен кескілескен үлкен шайқас болады. Оған Кіші жүз ханы Әбілқайыр бас қолбасшылық жасаған. Осы қанды шайқасқа қазақтың Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, т.б. көптеген даңқты батырларымен бірге Сыр бойынан Сәмеке, Баймұрат, Арыстанбай, Мәмбет, Тәтімбет басқа да батырлары қатысып, зор ауызбірліктің арқасында қалмақтарға күйрете соққы беріледі. Осы ұрыс болған жер тарихта «Қалмақ қырылған» атымен алты Алашқа жайылған. Қазір де осы сұрапыл шайқастың қалай болып, қандай абыроймен аяқталғаны жиі айтылады.
1729 жылы қазақ пен жоңғардың арасындағы шешуші майдан – «Аңырақай» шайқасында Сыр елінінің Әлім, Шөмен, Байсары руының батырлары да ерекше көзге түсіп, шешуші шайқас салтанатының куәгері болған. Оны ел аузындағы аңыз-әңгімелер мен жырау, ақындардың өлең- толғаулары мен жыр-дастандарынан оқып, білуге болады.
1771 жылы хан ордасына А.Тевкелев келіп түрлі тарту-талалғылар арқылы қазақ сұлтандары мен би, батырларын ант беруге Әбілқайыр ханмен бір бас болып көндіреді. Сонда ант берген 27 бидің ішінде Тәтімбет Бұлғақұлы да болған. Өйткені Тәтімбеттің Әбілқайыр ханмен және Ералы сұлтанмен өзара сыйластықта болғаны белгілі. Бұл жәйт мұрағат құжаттарында жиі көрініс берген. Мұны белгілі зерттеуші Тынышбек Дайрабай өзінің зерттеу мақаласында атап көрсетеді. Сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлының редакциялауымен жарық көрген «Қармақшы» кітабында (Астана.«Фолиант» баспасы 2018, 100-бет.) «Әбілқайыр ханның 1732 жылғы желтоқсанда Ресей патшалығына екінші рет аттандырған елшілік құрамында болған. Нұралы сұлтанды хан сайлауға Жәнібек тархан, Батыр сұлтан, тағы басқа билермен бірге Тәтімбет батыр да қатысқан. Батырдың ұрпақтары батыр, би болған. Оның Қожан, Ерназар деген балалары ел ісіне араласады. Немересі Ерназарұлы Күнтуар да би, одан атақты Тұяқ би туған. Мұрат та сол ізбен би болды.
Сыр сүлейлері Балқы Базар, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет,Тұрымбет, Баспан жыраулар, т.б. жеті атасынан бері билік пен батырлықтың туын тең дәрежеде ұстаған батыр әрі би Тәтімбетті және оның арғы аталары өздерінің жыр-толғауына кең арқау етіп отырған. Мысалы, Балқы Базар:
«Арғы атам Тәтімбет пен
Ерназардың,
Дабылы желдей гулеген.
Қанары келіп кектенсе,
Жебесін тасқа түйреген» деп жырлайды.
Ал Тұрмағамбет ақын:
«Озат өскен бәйтерек
Қаратамыр Күнтуар,
Енді ондай кім туар» деп жазған.
Баспан жырау:
Олардан бергі атасы,
Мұрат пенен Тұяқты.
Жаугершілік заманда,
Өңгерген найза қияқты, – деп жырға қосқан.
Осы әулеттің жалғасы – жолбарыс аруақты би Төребай Пышанұлы қайтыс болғанда бала жырау Тұрымбет Салқынбайұлы:
«Төкеме екі мың үйдің бәрі баласы,
Бұл сөздің демес ешкім бар қатасы.
Келе жатқан болып елдің баласыңдай,
Күнтуар, Мұрат бимен арғы атасы»деп жырлайды.
Жалпы атадан-әке, баладан-немере-шөбереге, қала берді үрім-бұтаққа жалғасып келе жатқан елдік пен ерліктің дәстүрлерін, ата-бабалардың тектік шежіресі мен асыл мұрасын зерттеп, оларды бүгінгі ұрпақтың кәдесіне жаратудағы ауыр жұмысты қара нардай көтеріп, үнемі шаң басқан мұрағаттардан шықпай ерінбей-талмай еңбектенудің нәтижесінде оқырман қауымды көптеген тарихи-танымдық кітаптарымен қуантып жүрген қарымды қаламгер, этнограф, зерттеуші, Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің Құрметті професоры Тынышбек Дайрабай бұл әулеттің ататек шежіресін төмендегідей таратады. Бұлғақ биден – Тәтімбет, одан Ерназар. Ерназардан Күнтуар – одан – Мұрат, Тұяқ, Темір. Мұраттан – Пышан, Ағытай билер. Пышаннан – атақты Төребай би, Ағытайдан – Өмірзақ, Ұзақ, Мәлік. Одан тараған ұрпақтар да бір қауым ел. Солардың бірі – Мәлік баласы Яcин Ұзақов – елімізге белгілі академик, қоғам қайраткері. Ол көп жылдар бойы Алматыда тұрады, университет ұстазы. Айтулы азамат бүгінде қазақ тарихында елдің тұтастығы мен дербестігін сақтау жолында өз заманының көрнекті қайраткерлері болған қос тарихи тұлғаның есімдерін жаңғырту мақсатында құрылған «Тәтімбет би Мәмбет аталық» қоғамдық қорының президенті ретінде көптеген игілікті шараға мұрындық болуда. Оның жемісін алдағы уақыт әлі толық көрсетеді деген ойдамыз.

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ
16 қазан 2019 ж. 1 318 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031