Ардагерлерге арнап дастарқан жайды
Құрбан айт мейрамы аудан мешіттерімен бірге, өзге де еңбек ұжымында кеңінен аталып өтті. Соның бірі – Жосалы кенті орталығындағы Е.Көшербаев көшесінің бойында орналасқан Жастар ресурстық орталығының алдында сала ардагерлеріне дастарқан жайылып, спорттық іс-шара ұйымдастырылды.
Айтулы шараға аудандық Полиция бөлімі, Әділет басқармасы, Жастар ресурстық орталығы, «Қазақстан Халық Банкі» аудандық бөлімшесі, Төтенше жағдайлар мен Өрт сөндіру бөлімшесі, кәсіпкерлер мұрындық болды. Имандылық мерекесінде осы мекемелерде қызмет етіп, бақилық болғандардың аруағына «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек Әбиұлы Құран оқып, дұға бағыштады.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов жиналғандарды Құрбан айтпен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Мұнан әрі аудандық Полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Азиз Шагиров, «Қазақстан Халық Банкі» аудандық бөлімшесінің бастығы Нұрбол Үсенов, сала ардагері Темірбек Пернебаев, Берікбай Байжановтар ақ жарма тілегін білдірсе, сексен бесті бағындырған ел ағасы Әбдібек Лақбаев осындай игі іске атсалысқан атқа мінер мен жастарға аталық батасын жаудырды.
Шараны Жастар ресурстық орталығының директоры Әділ Ыбрахим жүргізсе, «Жасыл ел» жасағынан құралған қыз-жігіттер, өзге де белсенді жастар аға буын өкіліне қызмет қылды.
Мерекенің қызықты бөлімі – жүлдеге тігілген қошқар көтеру жарысы болды. «Күш атасын танымас» деген. Бас жүлдеге тігілген қошқар Шопан ата төлін бес жүз мәрте көтеріп, жеңіске жеткен Мейірбек Орынғалиевқа бұйырды.
Мұнан бөлек, "Малике ана" мейрамханасында Кете әулетінің ұйытқы болуымен әйелдерге арналған айт мерекесі ұйымдастырылды. Оған облыстық әйелдер секторының меңгерушісі Ләззат Сыдықова қатысып, әйел жамағатқа тәрбиелік маңызы зор уағыз айтса, имандылыққа қатысты түрлі сұраққа жауап бергендер сый-сияпатқа ие болды. Сол секілді Жосалы кентіндегі автовокзал маңындағы "Әсел", халыққа қызмет көрсету орталығы жанындағы "Дидар", вокзалдан "1000 ұсақ", орталықтан "Балықтар әлемі", емхана қасындағы "Аягөз", тағы басқа дүкен мен сауда нысанында жамағатқа арналып дастарқан жайылып, мереке өз мәнінде аталды.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК