Республикасының Президенті: «СЫР ӨҢІРІНІҢ ДАМУЫ СЕНІМ ҰЯЛАТАДЫ»
Сейсенбіде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев іс-сапармен облысқа келді. Сапар барысында аймақ жұртшылығымен жүздесіп, алдымен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына ат басын тіреді. Әлеуметтік нысандарды аралап, шаһардың сол жағалауындағы құрылыс жұмысымен танысты. Осыдан небәрі екі жыл бұрын ашылған ауруханада 8 клиникалық, 3 хирургиялық бейімдегі бөлімше, 30 төсекке арналған күндізгі стационар мен мейіргерлік күтім бөлімшелері бар. Әрі мұнда бір ауысымда 300 бала қабылдайтын кеңес беру диагностикалық бөлімшесі де өз қызметін атқарып тұр. Сондай-ақ, нысан елдегі үздік 5 аурухананың тізіміне енген.
Мемлекет басшысына аурухана қызметін бас дәрігер Зоя Көшенова баяндады. Нысан бой көтергелі ата-ана сәбиіне шипа іздеп өзге қалаға сабылмайтын болған.
– Реабилитациялық, полиативті көмекті жақсартуға баса назар аударылуда. Сондай-ақ, өңірде балаларға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту, сәби өлімінің алдын алу, аурушаңдықты төмендету, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру секілді, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында арнайы Жол картасы әзірленді. Әрі сол мақсатта ауқымды жұмыстар атқарылуда, – дейді бас дәрігер.
Қуантарлығы, балалар хирургиясын жетілдіру мақсатында ота жасау аясы кеңейіп, бірнеше ота түрі алғаш рет жасалған. Жалпы 903 бала ем қабылдап шықса, 650 балаға ота жасалған. Былтыр дәрігерлер жаңа туған 93 шақалақты өлім аузынан алып қалған. Бүгінде аймақта сәби өлімі 20 процентке азайды.
Ендігі бағыт «Жан-Арай» ЖШС-ның күріш өңдеу ісіне мамандандырылған агроиндустриялық кешеніне бұрылды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы мұндағы атқарылып жатқан жұмыспен танысты. Өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Соңғы 6 жылда облыстың ауыл шаруашылығы өндірісі кешеніндегі экспортталатын өнім түрі 3-тен 15-ке дейін артты. Былтырғы қорытынды бойынша экспорттың 97 проценті қайта өңделген өнім үлесіне тиесілі. Мемлекет басшысы шаруашылық басшыларымен әңгімелесе отырып, бұл саланы өркендетудің басты бағыттарын атап көрсетті.
– Ауыл шаруашылығы – әлеуеті өте зор, стратегиялық маңызы бар сала. Бұл саладағы мәселелерді жақсы білеміз. Билік оларды шешудің барлық мүмкіндіктерін қарастырады, – деді Президент.
«Агрохолдинг Қызылорда» ЖШС басқарушы директоры Манарбек Еспановтың айтуынша, соңғы жылдары енгізілген технологияның, техниканың жаңа түрі шаруашылықтың жағдайын жақсарта түскен.
Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы аумағы 1532 гектарды құрайтын сол жағалаудың даму барысымен танысты. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев шаһардың ҚР Үкіметі бекіткен бас жоспарын көрсетіп, бүгінде жағалауда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 460 пәтерлік 8 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын екенін айтты. Сондай-ақ, облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің әлеуеті артқанын, тың тәжірибе табысты жүзеге асып отырғанын тілге тиек етті. Тиімді әріптестік аясында қаланың жаңа бөлігіндегі құрылыс қарқынына тоқталды.
Сонымен қатар, Президент жуырда ғана Сырдарияның сол жағалауында бой көтерген Жастар орталығында жастармен жүздесті. Кездесуде Санкт-Петербург мемлекеттік өнеркәсіптік технологиялар және дизайн университетінің түлегі Жазира Смаилова мемлекеттің жастарға қамқорлығы мен қолдауы үшін разылығын білдірді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы тәулік бойы жұмыс істейтін Жастар орталығының тыныс-тіршілігімен танысты. Жаңа ғимарат құрылысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорны» ЖШС-нің демеушілігі арқылы жүргізілді. Мұнда интернет-кітапхана, антикафе, IT-парк, жаттығу және конференц залдары орналасқан.
Сапар барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы сырбойылықтармен кездесті. Оған аймақтың зиялы қауым өкілдері, жергілікті атқарушы орган басшылары, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты. Сапар керуені «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінде жалғасты. Мұнда мемлекет басшысы музейдің жаңартылған экспонаттарымен танысты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр өңіріне сапары Байқоңыр қаласында қорытындыланды. Онда «Байқоңыр» кешенін дамыту мәселелері талқыланды.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».