ЕҢ ҮЗДІК БИЗНЕС ОРТА АТАНДЫҚ
Астанадағы «ЭКСПО» Конгресс орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустриаландыру жобаларын таныстыру және «Парыз», «Алтын сапа» сыйлықтарын табыстау салтанатына қатысты. Сарыарқа төсінде жылды қорытып, түйіндеген жиында Алтай мен Атырау арасындағы ағеден елдің игі жақсылары бас қосты. Ел Президенті рәсім алдында индустриаландырудың және цифрландыру жобалары қойылған көрмені тамашалады. Аймақтың абыройы артқан айтулы шарада Мемлекет басшысы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын табыстады.
«Инудстриаландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» телекөпірі барысында облыстан жылына миллион тонна цемент шығаратын зауыт іске қосылды. Сонымен қатар, «Қараөзек» станциясынан «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы басталды. Ерке Есілдің бойында айбыны асқан Астанаға Алаштың анасы атанған Ақмешіттен табиғи газ барып, көңілдерге қуаныш сыйлайтын күн де алыс емес. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен телекөпірде аймақ абыройы асқақтады. Мемлекет дамуына сүбелі үлесін қосып, дамудың даңғыл жолында көш бастап тұрған облыс екенімізді тағы бір мәрте дәлелдедік.
Биылғы қорытынды бойынша рейтингте облыстың бизнеске қолайлы орта боп танылғанының себебі де жоқ емес. Ақмешіттегі ағеден елдің кәсіп бастап, қолын аузына жеткізуі үшін мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, кәсіпкерлікті қолдау жылы боп белгіленген. Бұл тұста осы жылдың 1 қарашасындағы дерекке жүгінсек, өңірде 51 956 шағын және орта бизнес субьектісі тіркеліпті. Оның 42 066-сы жұмыс істеп тұр. Өткен жылмен салыстырғандағы өсім 12,7 пайызды құрайды. Аспанға атқан малақайымызды жуық арада төмен түспесі мәлім, бұл сан республикада көш бастап тұр.
Ішкі жалпы өнімнің көлемін арттырып, жұмыссыздардың санын азайту мақсатында облыс әкімдігінің, облыстық мәслихат пен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, қоғамдық кеңес пен өңірлік кәсіпкерлер палатасының шешімімен 2018-2020 жылдар кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы боп белгіленді. Жыл басында-ақ, «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы» әзірленген. Мұның өзі-ақ, өңірдегі қарқынды тірліктің жарқын көрінісін тап басып танытып тұр. Ал шағын және орта бизнесті дамытуға ұзын саны 32 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Кәсіпкерлікті алыс ауылдар мен аудандарда дамыту мәселесіне келгенде ынталандыруды ұмытпаған басшылық жыл қорытындысы бойынша өз ісін осы жылы бастаған әрбір аудан мен облыс орталығындағы үздік стартап-кәсіпкерлерді, ауданның үздік әкімін, жауапты лауазымды тұлғаны 1 миллион теңге сыйақымен марапаттау туралы шешім шығарған еді. Айта кетейік, қазір облыстың әрбір елді мекенінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кураторлар бекітілген. Бұл міндетті басқарма басшылары, әкім орынбасарлары тәрізді лауазымдағы басшылар мойындарына алған. Тартысты бәсекеде миллионның кімге бұйыратыны да жыл соңында белгілі болмақ. Телекөпірде табан тіреген жүлдемізге осы жетістіктердің барлығы сеп болып тұр.
– Біз индустриаландыру кезеңінде 1250 жаңа кәсіпорын құрдық. Оның 100-і биыл іске қосылды. 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл күнде әлемнің 110 мемлекеті Қазақстанда шығарылған өнімді тұтынуда. Біз бұған дейін елімізде бұрын-соңды жасалмаған бұйымның 500-ден астам түрін шығарып, 50-ге жуық жаңа тауар экспорттап отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы әр түрлі деңгейдегі әкімдердің мойнына жүктеген ең негізгі үш міндет бар. Ол жұмыссыздар санын азайту, салық базасын ұлғайту және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру. Мұның барлығы бір ғана кәсіпкерлікті дамыту арқылы шешіледі. Бұл басты тетіктің дамуынан салық базасы ұлғаяды. Жұмыссыздық деңгейі төмендейді. Ал қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты болуы – халықтың екі қолға бір күрек ұстауына байланысты. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деген Абай сөзін қаперге алсақ, тұрақты жұмысы бар жанның несібесі де болары ойға оралады. Ал кәсіпкерліктің дамуына күш салған Сыр елі бұл мәселелерді шешуге әлдеқашан кірісіп кеткен.
Дәулет ҚЫРДАН