Назарбаев Қазақстанда жалақы 4 есе артқанын мәлімдеді
Тәуелсіздік жылдары табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындар саны 15 есе азайған
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Назарбаев тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде мемлекетіміз зор жетістіктерге жеткенін айта келе, оның құрылу тарихында Қазақстанның жас астанасының маңызды рөл атқарғанына айрықша тоқталды.
Елбасы көлік-логистика инфрақұрылымына тартылған инвестицияның арқасында Қазақстан құрлықтық маңызы бар транзиттік хабқа айналғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдары табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындар саны 15 есе азайып, ал нақты еңбекақы 4 есе артқанын мәлім етті.
"Егемен Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – халқымыздың саны 18 миллионнан асып, тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетуі. Осы маңызды жеңістеріміз бен игі нәтижелеріміз біз таңдаған бағыттың дұрыс болғанын растап отыр", – деді мемлекет басшысы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында.
Назарбаевтың пайымынша, Қазақстанның жемісті бітімгерлік қызметі Астанадағы Сирияаралық келіссөздердің нәтижелі болуына септігін тигізді.
Ол барлық жетістігіміздің бастауында қоғамдағы бірлік пен келісім тұрғанын айтты.
"Этносаралық және конфессияаралық дамудың қазақстандық моделі бүгінде халықаралық брендке айналды", – деді мемлекет басшысы.
Қазақстанда тағы бір маңызды бағыт әлеуметтік сала болып отыр. Назарбаевтың айтуынша,Тәуелсіздік жылдары миллионға жуық азаматымыз баспаналы болды.
"Біз жуырдағы 5 жыл ішінде 70 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй саламыз. Бұл шамамен тағы екі миллионға жуық қазақстандық баспаналы болады деген сөз", – деп түйіндеді Елбасы.
sputniknews.kz
Пікір 2