» » Елін сүйген, Елі сүйген ЕЛБАСЫ

Елін сүйген, Елі сүйген ЕЛБАСЫ

Әуеде желбіреген көк байрақта күннің астында қалықтаған қыран тәрізді тәуелсіз қазақ елі ғаламшардағы ғаламат абыройымен топ жарып келеді. Биіктікті қыранның қанатымен өлшеген елдің тауға қарап өспейтін, аспанға қол созатын алтын айдарлы ұлдары ел еңсесін тіктегелі қашан?! Өз алдына отау тігіп, тәуелсіздігін нықтап, шекарасын шегендегелі де біраз жыл өтті. Бабалардан қалған ұлы мұратпен шаңырағымызды көтердік, уығымызды нықтап, керегесін бекіттік. Қанша дауыл, қанша құйынды сәттер болса да, міз бақпай төтеп беретін беріктікті серік еттік. Иә, оған да 27 жыл болды. Бозбаланың жасы дегенмен, «болар бала он бесінде баспын дер» дейтін елміз, алған асуы ауыз толтырып айтарлықтай. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты қазақты әлемге танытуда жолбағдар боп келеді. Әңгіме, елін сүйген Елбасы хақында болмақ.

Жыл сайын қазақ елінде әлем көз тіккен дүбірлі додалар мен халықаралық деңгейдегі саяси жиындар өтіп жатады. Әлбетте, бұл Алтай мен Атырау арасын мекен еткен дархан қазақтың әлемдік аренадағы абырой деңгейін көрсетсе керек. 18 миллион халықты бір шаңырақ астында біріктіріп, ауызбіршілікті арқау етіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, саяси жүйемен басқару – ерен ерлік. Тәуелсіздік жылдарынан бастап, осы күнге дейін Қазақияның шоқтығын биіктету жолында тер төккен Нұрсұлтан Әбішұлының бітімгерлік жолындағы жұмыстары ерек. Бір ғана мысал: бірнеше жыл бұрынғы әлемді тығырыққа тіреген саяси жағдайларға бей-жай қарамай, бітімгерліктің алтын көпірі болғаны.

Өзгелер тәрізді әліптің артын бағып отыруға болар еді, бірақ адамзат баласына ортақ мәселеде бей-жай қарап тұра алмайтын қайраткер тұтанған жанжалдың жалынын өшірді. Әлем саясаткерлері қазақ елінің дәстүрі бойынша ымыраластыққа келтірген Назарбаевтың қимылына баға бере бастады. Бұл бірінші және соңғы рет емес, әлем бойынша жер көлемінен тоғызыншы орындағы тарихы кенен елдің ерекшелігін сонау империя тұсында-ақ шетел ғалымдары зерделей бастаған. Бұл – тереңге тамырын тартқан тарихтың біз үшін ғана емес, әлем үшін құнды екенін аңғартады.

Темір қақпаны тарс жауып, өзгелерден көшін аулақ салып отыратын ел қазақ емес. Сондықтан елдің ішкі және сыртқы байланысын нықтап, көршілермен тығыз қарым-қатынас жүргізу дамудың даңғыл жолына бағыт. Экспорт-импорт көлемін осылай саяси әріптестік арқылы жолға қойып, экономиканы биікке қанат қақтыруға болады. Бұл ретте басшыда әлгінде айтқан бітімгерлік қабілетінің болғаны жоғары деңгейге жетелейді. Әлбетте, Түркия мен Ресей арасындағы қақтығыста орманды өлке өздерінің ежелгі империяның мұрагері ретінде төмендегісі келмеуі мүмкін. АҚШ пен Еуропада онсыз да оң көзқарасқа ие бола алмай отырған мемлекетке қақтығыстар тиімсіз екенін ескерте отырып, екі ел басшысын татуластырғаннан Қазақстан үшін тиімді тетіктер мол еді.
Президент Н.Назарбаев мұнан бөлек Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға атсалысты. Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздердің басталуына үлес қосты, Иранның ядролық бағдарламасына орай келісімдер жасалуына атсалысты. Әлемдік аренадағы осындай өзгеше еңбегі барысында Елбасының бітімгерлік болмысы анық айқындалды. Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісім кезінде Н.Назарбаев: «Мен тараптар келісімге келіп, барлық мәселені шешу үшін бар күшімді салдым. Кез келген соғыс, тіпті әлемдік соғыстар да әрқашан келіссөзбен аяқталған, сондықтан тараптар ымыраға келуі тиіс. Ымыра деген – бір-біріне жол беру» деген еді. Мұнан байқайтынымыз, Президент ғаламдық геосаясаттың желі қалай өзгере бастайтынын дер кезінде сезіп, жаһандық тұрақсыздықтың алдын ала алатынымен ерекше.

Соңғы кездері Қазақстанға ат басын бұратын өзге мемлекет басшылары мен өкілдері көптеп кездесуде. «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің көк байрақтың астында өтуі жайдан жай бола салған жайт емес. Қазақстан бұл мүмкіндікті қолдануға лайықты және өз уақытында келген көрме болатын. Көптеген халықаралық саммиттер мен ұйымдарға төрағалық етіп жүрген Елбасының абырой беделі өз биігінен түскен жоқ.
Тәуелсіздік алған тұстағы мемлекет пен бүгінгі республиканы салыстыра қарағанда 27 жылда атқарылған істің ауқымды екеніне көз жеткізуге болады. Шырқау көкте бәйтерегі аспанмен астасып, рухыңды көтерсе, Хан Шатыры ұлылықтың символындай. Мұндай даму қарқыны әрбір өңірде, әрбір ауыл-аймақта байқалады. «Жарығы жоқ, суы жоқ, халық қайтіп күн көрер?!» деген елдің бұл күнде үйінен «Ақ бұлақтың» суы сарқырап тұр. Көшелерінде жарықшамдары жарқырайды. Мұның бәрі даму жолын саралап салып берген Елбасының арқасы.
Ұлы халықтың рухани болмысын жаң­ғыртып, ата-бабадан мирас боп қалған ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ санасына сіңіру жолында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын ел назарына ұсынған Президент «Ұлы даланың жеті қырын» жариялап, тамырсыз тастағы тарихты Күлтегін-Тоныкөктен бастап күні бүгінге дейін зерделеуді тапсырды. Бұл – қазақтың қай­мағы бұзылмаған байырғы дәстүрін тірілткендей еді...

Қазақ елінің әрбір шаңырағында «Пре­­зидент боламын» деп армандайтын кішкентай Нұрсұлтандар өсіп келеді. Олар нұрлы жолда арман қанатымен қалықтауда. Елді бейбіт жолда басқарып, даму динамикасын қалыптастырған басшының әлемдік деңгейге қазақ атын шығарғанын мойындау керек.

Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
10 желтоқсан 2018 ж. 1 044 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 211

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930