ТАЛАБЫ ТАУДАЙ ТАЛАНТ
Елбасы «Қай елдің білімді жастары көп, сол ел мықты» деген еді. Асылында, мемлекеттің келешек тұтқасын ұстар тұлғалар бұл күнде арамызда жүр. Таудай талап пен бармақтай бақпен қатарынан оза шапқан оғландардың қатарында Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің оқушысы Мағжан Жолдасбаев та бар.
Қатарластары арасынан ерекше көзге түсетін жас дарын «Жігітке жеті өнер де аз» деген ұстанымның тұтқасын ұстап, кетік дүниенің кірпіші боп қалануды мақсат еткен. Үнемі ізденіс үстінде жүретін оның бос уақытын табу қиын. Білім ошағында өткізіліп жатқан қайсыбір тәрбие сағаттары мен шаралардың басы-қасында жүреді.
– Алға қойған мақсатым – ел дамуына өз үлесімді қосу. Ол үшін әрине аянбай еңбектеніп, білімге ден қоюым қажет. Сындарлы сынақ ҰБТ-дан жоғары балл алып, өзім қалаған «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығына грантпен оқуға түсіп, маған сенім артып отырған ата-анам мен ұстаздарымның үмітін ақтағым келеді. Бұған толық мүмкіндігім бар, – деді Мағжан Әбілтайұлы бізбен әңгімесінде.
Сенім – ең үлкен күш. Өз біліміне сеніп, әрдайым биіктерге қанат қаққан жас ұланның бұл ерекшелігіне отбасылық тәрбие де баса маңыз болса керек. Шаңырақта қоғамда белсенді болуды дағдыға айналдырған отбасы аудандық «Толағай» отбасылық сайысына қатысып, ІІ орынды еншілеген. Үздіктердің қатарынан үмітті жас 2017-2018 оқу жылында экономикадан республикалық турнирдің облыстық кезеңіне аттанып, ІІІ орынды олжалап қайтты. Ал, 2018-2019 оқу жылында аудандық Үсен Қошалақов атындағы математика пәнінен дәстүрлі пәндік олимпиадада топ жарған ол І орынның биігін бағындырды. Мағжан шыққан шыңдар мұнымен шектелмеді. 11-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған жаратылыстану-математика циклі бойынша Президенттік Олимпиаданың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанса, қараша айында Теміртау қаласында өткен республикалық Президенттік Олимпиадада арнайы «Сертификатпен» марапатталды.
Айдарынан жел ескен алтын асықтай ұлдардың қазақтың көсегесін көгертіп, шоқтығын биіктетуге талпынған қанаттары талмайтыны анық. Мағжан Әбілтайұлы да осы қатарда тұр. Өйткені, оның бойына қасиетті Қармақшы топырағының құнары дарыған.
Аян СПАНДИЯР.