» » ӨРКЕНДІ ІСТЕР ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ

ӨРКЕНДІ ІСТЕР ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ

Өңірде 6 жыл ішінде 200-ден астам әлеуметтік нысан салынып, қаймана халық бұл күнде игілігін көруде. Оның қатарында денсаулық сақтау, спорт, білім беру, мәдениет салаларына тиесілі нысандар бар. Дамудың даңғыл жолына түскен аймақта мұнан да өзге ауыз толтырып айтарлық жетістік көп. Кеше Астана қаласында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев республика жұртшылығын Сырдағы қарқынды тірліктермен қанық қылды.




– Бір ғана медицина саласын айтар болсақ, 57 апаттық медициналық бекеттің 49-ы салынды, қалғаны 2019 жылдың бірінші жартысында іске қосылады, – деді аймақ басшысы.
Әңгіме ауаны әлеуметтік салаға бұрылған соң, айта кетейік, соңғы 5 жылда салаға бөлінген бюджеттің бүйірі томпайып, жан басына шаққанда елде көш бастап тұрмыз. Елбасының өзі мақтау айтқан өңірдегі өрелі істердің бірі – осы. 2013 жылдың басындағы көрсеткіш бойынша апаттық жағдайдағы 37 мектеп анықталса, бүгін ол жағдайды тек еске аламыз. Өйткені, үш ауысымда білім алып, саңылауынан сәуле сығалаған қабырғаларға үрке қарайтын күндер келмеске кетті. Аймақта «Балапан» бағдарламасын да қатардан оқ бойы оза шабатын облыс өзгелерден бұрын толық орындап шықты. Қазір мерзімінен бұрын іске асырылған бағдарлама нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім мен тәрбиемен қамту мәселесі 100 пайыз шешімін тапты.
– Бұл мәселені түбегейлі шешудің тиімді тетігі – жеке меншік пен мемлекеттік арасындағы әріптестік. Бұл күнде осы механизмді қолданып, балғындарды балабақшамен түгел қамтып отырмыз. Әлбетте, мақтанарлық көрсеткіш. Әлеуметтік саланың маңыздысы – білім. Әлемнің дамыған мемлекеттеріндегі әрбір жаңашыл технология – сол білімнің жемісі. Білім – таусылмайтын кен, ол уран емес, – деді Қ.Көшербаев.
Құрылыс саласына баса мән берген аймақ басшысы 2013 жылы қолға алынған апатты үйлердің тұрғындарының мәселесі 2017 жылы шешімін тапқанын жеткізді. Ал, ағымдағы жылы Жаңақорған, Жалағаш аудандарындағы апатты жағдайда деп танылған екі бірдей білім ошағының мәселесі назарға алынған.
Алтын күздің сыбағасын қамбаға құйып, қысқы азығын таяуда ғана сайлап алған өңір агроөнеркәсіп кешеніне «ақылды технологияларды» енгізе бастады. Автоматтандырылған жылыжай салынып, "электронды ветеринария" жобасы іске қосылды. Сондай-ақ, Агробиржа жобасы жүзеге асырылуда. «Электронды ветеринария» жобасы аясында "Mobi-VET" мобильді қосымшасы әзірленді. Оның негізгі мақсаты – фермерлік шаруашылықтар мен халықтың жоспарлы ветеринариялық іс-шаралардың орындалуы бо-йынша толық ақпарат алу. Ал, «жобалық басқару» аясында аймақта электронды сауда алаңын – Агробиржаны құру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл өнімді тиімді өткізуге көмектеседі және негізгі тірек сыртқы нарықтарға жасалады.
– Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз ету және сыртқы нарыққа сапасы жағынан ғана емес, бағасы жағынан да бәсекеге қабілетті жоғары сапалы дайын өніммен шығу міндетін қойып отырмыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл тұста «ақылды технологияларды» енгізу арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз. Бірінші кезеңде біз малды бақылауға арналған навигаторларды іске қостық. Бір айта кетерлігі, күріш шаруашылығы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінде жетекші сала болып қала береді, – деді облыс әкімі.
Биыл иығына кетпенін іліп, атыз басында күріштің жайқалған сабағына көз тастап, егіннің ау-жайын алыстан байқайтын еңбеккерлер қауымы су тапшылығынан аздап қиындық көргені жасырын емес. Бірақ, қолдан келгенді жасап, ала жаздайғы маңдай тердің босқа кетпеуін қамтамасыз етті.
– Биылғы су тапшылығы мен ауа райының қолайсыздығына қарамастан 473 мың тонна (54,5 ц/га) күріш өнімін жинадық. Ағымдағы жылы судың жетіспеуіне байланысты 600 мың га күріш егістігін жоғалттық. Сондықтан, осындай жағдайларды болдырмау үшін қазір өңірде су тасқыны кезеңінде 2 млрд. текше метрден астам су жинайтын «Күміскеткен» және «Қараөзек» су қоймаларын салу мәселесін қарастырудамыз, – деп атап өтті Қ.Көшербаев.
Қызылордалық диқандар Монғолия, Түркия, Ауғанстан нарықтарын игеруде. Дәстүрлі өнімдерінен бөлек Иранға экспорттау үшін Иран сорттарын да шығару қолға алынған. 2016 жылы бақша дақылдарының экспорты қайта жаңғыртылса, 2017 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне, Иран, Монғолия және Өзбекстанға көкөніс пен мал экспорты басталды. Ағымдағы жылы Қытайға алғаш рет мақсары майын жіберді. Қабылданған шаралар соңғы жылда ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін 28 пайызға арттыруға мүмкіндік берді .
Сыр еңбеккерлерінің мүмкіндігі тек мұнымен шектеліп қалмайды. Жайқалған күріші, Аралдан тұзы мен балығын шет ел ғана көрмейді, басқа өнімдерден де ұтарымыз көп. Облыс үлкен экспорттық әлеуетке ие және сала экспортқа бағдарланған (өңірлік экономиканың драйвері) болуы мүмкін. АӨК саласын дамыту біз үшін өңірлік экономикаға үлес ретінде ғана емес, сондай-ақ, осы салада ауыл халқының басым бөлігін жұмыспен қамту тұрғысынан да маңызды болып табылады. Бірнеше жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайыздан 3,7-ге бір-ақ секіргенін ескерсек, айды аспаннан шығарар таудай талап бар. Ендігісі – еңбек қана.
Алашқа ана болған абат мекеннің гүлденіп, көркейіп жатқаны күн сайын көзге ұрып тұр. Құрылыс саласында ойып тұрып орын алар Қызылорда әлі де қарқынын әлсіреткен жоқ. Ағымдағы жылы 1747 пәтерге есептелген 69 тұрғын үйдің құрылысы пайдалануға берілмек. Оның 14-і Сырдарияның сол жағалауынан бой көтерген жаңа қалада салынып жатыр. Есеп қоржынымызға 2013-2018 жылдардың қорытындысын алсақ, 2,6 млн. текше метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал, соңғы 2 жылда мемлекеттік қаражат және жеке мердігерлердің есебінен 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынды.
– Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы өңірді дамыту және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсартуды көздейді. Ең алдымен, бұл, әрине, тұрғын үй сатып алу бойынша жаңа мүмкіндіктерді қамтиды, – деді аймақ басшысы.
Биіктікті көкте қалықтаған қыранның қанатымен өлшеген қайсар қазақтың, айбынды Алаштың анасына баланған Сырдағы тындырымды тірліктің бір парасы ғана бұл. Көксегені мен көздегені тоғысып, биік шыңдарға құлаш ұрған мекеннің дария жағалауындағы жаңа қаласында «Рухани жаңғыру» орталығы мен қалалық мұражай жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін 14 көппәтерлі тұрғын үй, 320 орындық балабақша, «Болашақ» университетінің кампусы және жастарға қызмет көрсету орталығы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл облыс орталығындағы жетістік, ал аудандардың дамуы өз алдына бір тақырып.

Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
14 қараша 2018 ж. 311 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9832)

15 қазан 2019 ж.

№79 (9831)

12 қазан 2019 ж.

№78 (9830)

08 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

16 қазан 2019 ж.
Хабарландыру!

Хабарландыру!

16 қазан 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031