» » Күмбірлі өңірдің дүбірлі тойы

Күмбірлі өңірдің дүбірлі тойы

Өзіндік тұмса тарихы бар киелі Қармақшы – қазақ өркениетінің алтын Ордасы. Қойнауына құт дарыған, шатқалынан шаттығы тасыған Қармақшы – ырыс пен ынтымақтың қайнар бұлағы. Талай танымал тұлғалар түлеп ұшқан өңірге биыл – 90 жыл толды. Ауданның мерейтойы қобыздың үні сарнаған «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінде театрлық қойылыммен басталды. Келген қонақтардың да қарасы қалың.
Амфитеатрда ҰЛТТЫҚ оркестр ауданның жетістігін жырлап, күмбірлеген күйден сыр шертті. Салтанатты шара Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Қармақшы – елдік пен ерлік мекені» атты ғылыми-танымдық конференцияға ұласты. Конференцияға
облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекмырза Еламанов, облыстық мәслихат хатшысы
Наурызбай Байқадамов, мемлекет және қоғам қайраткері, «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» Бақберген Досманбетов пен аудан әкімі Сұлтан Мақашов қатысты. Шара ауданның 90 жылдығына орай түсірілген деректі фильм көрсетілімімен басталып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтау сөз сөйледі.
– «Сыр елі – жыр елі» деген ұғымды Сыр еліне мәңгі қалыптастырған –қасиетті Қармақшы өңірі. Тұма жырдың бастауын Қорқыт бабадан алған, талайды таңдай қақтырған, «Сыр сүлейлері» деген атауды ұлттық мәдениет төрінде берік орнықтырған жыршы-жырау­лардың, дарабоз ақындар мен шайырлардың мекені деп мақтан етеміз. Ғасырға жуық тарихында аудан өз тұғырынан түспей еңбек пен табыстың, татулық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсете білді, – деді аймақ басшысы.
Конференция барысында мерей­тойға орай ауданымыздың тарихы мен табиғатын, мәдени мұрасы мен осында дүниеге келген күміс көмей жыршы-жырауларды, дулығалы батырлары мен дуалы ауыз билері, еңбек ерлері, айтулы азаматтары мен тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктері туралы жазылған «Қармақшы» кітабының тұсауы кесілді.
Сонан соң, кітаптың ақылдастар алқасының жетекшісі Бағдат Кәрібозұлы мен Әзілхан Әуезханұлы, Бақберген Сәрсенұлы, Темірхан Сахаұлы, Алмасбек Нұрмаханұлы баяндама оқыды. Шара соңында Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Иіркөл ауылдық округтеріне облыс әкімі жаңа трактор кілтін табыстады.
Дәдәм Қорқыт дәріптелді
Шамшат Төлепова атындағы аудан­дық мәдениет үйінде Түркі жұртының Оғыз ұлысынан шыққан асқан сәуегей, бақсы, күйшілік-жыршылық өнердің атасы абыз баба туралы Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» аңыз-дастаны сахналанды. Оқиға Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) заманына жақын тұста, шамамен VII-IX ғасырда Сырдария өзені бойында өтеді. Пәлсапалық туынды Қорқыт бабаның күйінішке толы өмірі жайлы. Жер бетінен жұмақ іздеп, өлімнен қашқан тұлғаның бейнесі әсем сомдалады. Жан алғыш Әзірейіл келгенде шыбын жанына араша түсер пенде жоқ. Сүйген жары Сарын ғана құрсағындағы сәбиіне қарамастан жары үшін жанын қиюға даяр. Қойылым әдеттегіден өзгеше. Жаңа бағытта сахналанған. Әртістердің қимыл-қозғалысы, сөйлеу мәнері де тамсандырады. Қойылымды Нартай Бекежанов атындағы драма-театр әртістері сомдады. Спектакль соңында аудан басшысы С.Мақашов сөз сөйлеп, ақын Иран Ғайыпқа құрмет көрсетті.
– «Қорқыттың көрі» пъесасы елдің өткен тарихына қатысты көріністер, халықтық құндылықтар да кеңінен қамтылған. Қорқыт ата – теңдесі жоқ өнер иесі, емші, ақын және ұлы ойшыл. Қойылымда басты кейіпкердің өміріндегі соңғы сәтін, атақ-даңқы жер дүниеге тараған шарықтау шегін ала отырып, жұмырбасты пенденің мақсат-мүддесінің шегі жоқ екенін көрсетуге тырыстық, – деді Иран Ғайып.
Театр көрермендері Қорқыт өмірінің ұлылығын айшықтаған жаңашыл әсері мол қойылымының куәсі болды. Ал бағасы патша көңіл көрерменнің еншісінде.
АҚЫНДАР АЛАМАНЫ
Айтыс – қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан ұлттық рухымыздың алтын арқауы, асыл қазынасы. Аудан тойы №250 мектеп-лицейде республикалық ақындар аламанымен жалғасты. Шараны аудан әкімдігінің қол­дауымен аудандық жыраулар үйі ұйымдастырды. Ол Елбасының «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, Астана қаласының 20 жылдық, Қызылорда қаласының 200 жылдық, сондай-ақ белгілі жырау Тұрымбет Салқынбайұлының 150 жылдық мерейтойы аясында өтті.
Ақындар айтысына халық көп жиналды. Жұртшылықтың делебесін қоз­­дырған айтыс аламанында өңір мақ­­­­танышына айналған 100 жырау мен шайырдың, еңбек ерлері мен ау­дан тарихының даңқы көкке кө­терілді, әруақтар тербетілді.
Айтысты Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері, ақын Жүрсін Ерманов жүргізсе, ақын­дардың өнерін саралап, бағасын беруде республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжан, Қазақстан Жазушылар одағының мү­шесі, ақын Бауыржан Халиолла, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, ақын Серік Ыдырысовтардан құралған қазылар алқасына Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», жырау Алмас Алматов төрағалық етті.
Көрерменнің қызығушылығын тудыр­ған айтыс аламанының тізгінін алғашқы жұп – қармақшылық Сырым Әділбеков пен алматылық Рүстем Қайыртайұлы босат­ты. Екі ақын да «әп» дегеннен шаба жөнелді. Рүстем:
«99 пайызы түлектердің,
Оқуына түсіпті барып тұрған.
Газдары кешіксе де ел екенсің,
Білім оты үздіксіз жанып тұрған», – деп, аудан мерейін тасытса, Сырым:
«Жыраулық деген өнер біздің елде,
Тұмау құсап жұғады адамдарға.
Жалғыз ғана мекенсің жер бетінде,
100 жырау туып берген бір ауылға», – деп туған жерінің абыройын асқақтатып, тыңдарманның қошеметіне бөленді. Екінші жұп – қызылордалық Айдос Рахметов пен жаңақорғандық Оразхан Сейілхановтың да айтысы тартымды болды. Сондай-ақ, үшінші жұп – Астанадан келген Нұрмат Мансұров пен оралдық ақын Эльдар Ихсанның да сөз тартысы көрермен көңілінен шықты. Мұнан соң қыз бен жігіт айтысын жасаған ақындар арасындағы жалғыз қыз – тараздық Аруна Керімбек пен аралдық Ержеңіс Әбдиев те қазақы салт-дәстүріміздің шынайы үлгісін көрсетсе, «Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, айтыс аламанына шыққан соңғы жұп – екі мәрте еліміздің «Алтын домбыра» иегері қызылордалық Мұхтар Ниязов пен қарағандылық Мақсат Ахановтың айтысы әдемі әзілге құрылды. Мақсат Ахановтың:
«Гинеколог болсам арманым жоқ,
Істер едім тұрса егер, реті кеп.
Әйелдерді тудыра алмасаң да,
Сиыр тудыртып алғанның бірі екенсің», – дегеніне, Мұхтар Ниязов:
«Тірлігің тудыру мен туып қалу,
Бітірген мамандығың қуықтану.
Өнердің шаңырағына кіргеннен соң,
Өзіңе сай керек қой, уық алу.
Шет жағасын білгесін болды емес пе,
Міндетті ме жақыннан жуық бару.
Қолыңыз жылы жерде жүрсін дейсіз,
Жоқ жерде қызыл тілді буып қалу.
Жап-жас болып жылы жер
іздейтіндей,
Істен шығып қалып па еді, суық қару», – деп әзілге әзілмен қармақ салады.
Қазылар алқасының шешімімен 6 ақынға 200 мың теңге көлемінде «Шабыттану сыйлығы» тапсырылса, ІІІ орын мен 500 мың теңге қаржылай сыйлығы оралдық Эльдар Ихсанға бұйырды. Ал, ІІ орын мен 700 мың теңге ақшалай жүлдені тараздық Аруна Керімбек қанжығасына байласа, аламаннан І орынды қармақшылық Сырым Әділбеков меншіктеді. Айтыстың бас бәйгесі мен оған тігілген жеңіл автокөлікті қызылордалық айтыскер Мұхтар Ниязов жеңіп алды.
Аудан халқы айтыстың алдында республикаға белгілі жыршы-жыраулар Бидас Рүстембеков, Майра Сәрсенбаева, Ақсұңқар Бүркітбай, Берік Саймағанбетов, Малика Алдамжарова, Балтабай Бедебаев, Жарқынбек Тұрымбетов, Марат Сүгірбай, Ақмарал Ноғайбаева, тағы басқасының орын­дауындағы жыр-термені тамашалады.
– Қасиетті Қорқыт бабаның мекені, жыраулар көшінің руханияты, киелі Қармақшы топырағының 90 жылдық мерекесі құтты болсын. Өнер шамын жаққан, аузымен құс тістеген талай дүлдүл ақындар осы жерде дүниеге келді. Марал ишан, ер Сейітпенбет, Жәрымбет әулие, айтулы жыраулар Дүр Оңғар, Тұрымбет, Дүр Омар, Тұрмағамбет шайырлар өмір сүрген қасиетті топырақтың 90 жылдық мерейтойы алты алаштың баласына адамдық пен адалдықтың үлгісін көрсетіп жатқан бүгінгі күні болашақ ұрпақты қазақ ұлтының қазыналы адамына айналсын.
Жүрсек те туған жерден қалыс
қалмай,
Қармақшым тарихымен
қауышқандай.
Білгенге Қармақшының кәрі-жасы,
Шетінен Аристотель данышпандай.
Ұлдары бесігінде бұлқынады,
Қыздарының бесігінде нұр тұрады.
Қармақшының келіні тапқан бала,
Қолынан домбыра ұстап бір шығады, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, жерлесіміз Серік Ыдырысов.
Мерейтой тартуы
«Жастар» саябағында орналас­қан ақшаңқай киіз үйлер алаңында Қармақшы ауданының 90 жылдық мерейтойы аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен спорттық жарыстармен жалғасты.
Алдымен қол күресі бойынша білектілер сайысқа түсіп, оның қорытындысымен Талғат Қанаев, Роман Швед және Тимур Леденев сынды талай дүбірлі жарыста топ жарып жүрген сайыпқырандар жүлделі орындарды өзара бөлісіп, ақшалай сыйлыққа ие болса, екі қолмен екі 32 келілік гір тасын көтеру сайысына қатысқан 10 спортшы арасында 41 рет гір тасын басынан асыра сілтеген Ермек Фазлиев жарыс жеңімпазы деп танылды. Ал, қалған екі жүлделі орынды Ерсұлтан Жалғасбаев пен Асылбек Жиенәлиев өзара бөлісті. Бұлар да ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына арналған сый-сияпатқа ие болды.
Келесі кезекте аудандық дене­шынық­тыру және сауықтыру кешенінде жастар арасында өткен түйе балуан жарысына 30-ға жуық боз кілем шеберлері қатысып, олар екі салмақ дәрежесі бойынша жүлдені сарапқа салды.
Нақтырақ айтқанда, балуандар 66 келіден 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақтар бойынша белдесу өткізіп, 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қармақшылық Арман Жалғасбекұлы жеңімпаз атанса, ІІ және ІІІ орындарға қызылордалық балуандар Ердәулет Жақсылықов пен Жасұлан Бердібеков көтерілді. Ал, 80 келіден жоғары салмақта өткен тартысты белдес­улер нәтижесімен қармақшылық Әсет Әбдіреев жарыс жеңімпазы атанып, бас жүлдені иеленді, Рахманберді Әбдірашид (Қызылорда) пен қармақшылық Ринат Тоғысов жүлделі ІІ және ІІІ орындарды місе тұтты.
Сондай-ақ, «Жастар» саябағында орналасқан киіз үйлерде тұрғындар мен қонақтар мерекелік той аясында жайылған дастарханнан дәм татты.,
Сол күні Жосалы кентінің атшабарында ат бәйгесі өткізілді.
Бәйге дегенде делебесі қозатын қармақшылықтар атшабар алаңына жиналып, бәйгенің қызықты өтуіне үлес қосты. Бәйге құнандар жарысымен басталды. 16 құнанның ауыз­дығымен алысқан шабандоздар төре­шінің ысқырығымен шаба жөнелді. 9 шақырым, яғни 3 айналым бойынша құнан бәйгесінде қызылордалық шабандоз Ақтай Әділетұлының «Елік» атты торы төбелі мәрені бірінші кесті, оның ізінен ере қызылордалық шабандоз Бауыржан Әубәкіровтің «Сары» атты торы қасқасы мәреге екінші болып жетті. Ал, жүлделі ІІІ орынды Жалағаш ауданы, Бұқарбай ауылының жас шабандозы Данияр Дамир мінген «Сұлушаш» атты қарагер төбел иемденді.
Сондай-ақ, 24 шақырым бойынша 8 айналымнан тұратын аламан бәйгеге 10 сәйгүлек қатысып, оның қорытындысымен І орынды Шиелі ауданынан келген шабандоз Ғани Талғаттың талай дүбірлі бәйгелерде топ жарып жүрген «Еркетай» атты торы қасқасы (егесі Алмас Арыстанбеков, бапкері Сәкен Өтегенов) аламан бәйгесіне тігілген 500 мың теңгені жеңіп алса, қызылордалық шабандоз Нұрғиса Тұрсынбайдың «Оқжетпес» атты сәйгүлігі мәреден екінші болып өтіп, 300 мың сыйақыға ие болды. Ал, Арал қаласының шабандозы Ержас Ақжановтың «Ақжайығы» үшінші жүлдеге тігілген 200 мың теңгенің иесі атанды. Күнұзаққа созылған мерейтой орталық алаңдағы Қазақстан эстрада жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы мен аудан көркемөнерпаздарының құйылжыта төккен әсем концертіне ұласты.
«Қармақшы таңы» тілшілері.
19 қазан 2018 ж. 1 440 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 192

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930