ӘУЕ ТАСЫМАЛЫ РЕКОРД ОРНАТТЫ
Қазақстанда жаңа ұлттық компания құрылмақ. Бұл Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында белгілі болды. Жиында Үкімет мүшелері «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру бойынша өткен жыл қорытындыларын шығарды. Сондай-ақ құқық қорғау қызметін, атқарушылық іс жүргізу және сот сараптамасының мәліметтерін цифрландыру, азаматтық авиацияны одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
Отырысты ашқан Б.Сағынтаев сырттағы сақылдаған сары аязға ден қоймай кете алмады. Темірдің өзін көкаяздандырып, қарыған сұрапыл суық Астанадан бастап, бірнеше облыстың мазасын кетіріп тұр. Сондықтан Премьер күн тәртібінен тыс осы мәселеге жеке тоқталып, бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ол метеорологтардың мәліметтеріне сүйеніп, мұндай ауа райы тағы бірнеше тәулік сақталатынын ескертті. Қазір еліміздің 6 өңірінде ауа температурасы 30-40 градусқа дейін төмендеді. Таяу уақытта осындай қара суық оңтүстіктегі төрт өңірді басады деп күтілуде. Осыған байланысты Бақытжан Сағынтаев әкімдіктерге жылу желілерінде, әсіресе, шағын қалалардағы шағын қазандықтарда температуралық кестені сақтау бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
– Әлеуметтік нысандарға – ауруханаларға, мектептерге және балабақшаларға ерекше көңіл бөлу керек. Оқу орындарында сабақтың болмайтыны туралы хабар халыққа барлық қолжетімді тәсілдермен уақытылы жеткізілуге тиіс, – деді ол.
Премьер халық сағаттап автобус күтіп қалмауы үшін қоғамдық көлік дәл кесте бойынша жұмыс істеуі керектігін нықтады. Барлық әкімдіктер өз қызметкерлерінің кезекшілік кестесін әзірлеуге тиіс. «112» бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметінің желісі өскен жүктемені ескере отырып, үздіксіз жұмыс істеуі қажет.
Ішкі істер министрлігіне автожолдарда пәрменді бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды. Қажет болған жағдайда көліктің барлық түрлерінің елдімекендерден шығуын шектеу бойынша уақытылы шешім қабылдау және белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Ведомство әкімдіктермен бірге, жүргізушілер мен жолаушыларға жылжымалы жылыну бекеттерін, ыстық тамақтануды ұйымдастыруға міндеттелді. Сондай-ақ апаттан құтқару бригадаларының кезекшілігін, жедел және медициналық қызметтерді сүйемелдеуді қамтамасыз ету керек.
– Осы ең суық кезеңді барлық қызметтер нақты әрі үйлесімді түрде өткеруге тиіс. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, жеке компаниялардың басшыларына жеке қайырыламын: қызметкерлеріңізді жұмыс орындарында кешке дейін ұстамаңыздар! Мүмкіндігінше орталықтандырылған түрде қызметкерлеріңізді жеткізіп салуды ұйымдастырған жөн, – деп жүктеді Үкімет басшысы. Айтылған мәселелерді ерекше бақылауда ұстау бірінші вице-премьер Асқар Маминнің өзіне тапсырылды.
Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша әкімдіктер рейтингін жариялады. Негізі, 2017 жылдың қорытындысында баспана құрылысына барлық көзден 979,8 млрд теңге инвестиция салынды, бұл алдыңғы жылғыдан 18%-ға жоғары. Жеке инвестициялардың үлесі 825,8 млрд теңгені немесе жалпы көлемнің 84,3%-ын, ал мемлекеттік инвестициялар үлесі – 154 млрд теңгені немесе 15,7%-ын құрады.
«Былтыр 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2016 жылғыдан 6,2 пайызға жоғары. «Нұрлы жердің» жылдық жоспары 111%-ға орындалды. Жалпы, 100,8 мың тұрғын үй салынды, оның ішінде 75,8 мың үй немесе жалпы көлемнің 75% жеке сектор есебінен, 25 мың пәтер мемлекеттік инвестициялар есебінен тұрғызылды» деді Ж.Қасымбек.
Ол тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша Астана қаласы (2,4 млн шаршы метр) және Алматы қаласы (1,9 млн), сондай-ақ Маңғыстау (833 мың) және Ақтөбе (792,3 мың) облыстары көшбасшы атанғанын жеткізді. Сонымен бірге, Батыс Қазақстан (42,4%), Оңтүстік Қазақстан (36,2%), Қостанай (35,9%) және Павлодар (31,2%) облыстарында тұрғын үй құрылысы көлемінің айтарлықтай өсім қарқыны байқалады. Өңірлерге баспана құрылысына қажетті инфрақұрылымды жүргізу үшін 77,3 млрд теңге бөлінген, оның 99,5%-ы немесе 76,9 млрд теңгесі игерілді.
Мәселені талқылау барысында бірінші вице-премьер А.Мамин, «Бәйтерек» холдингінің төрағасы А.Әріпханов, Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов, Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов, БҚО әкімі А.Көлгінов, ОҚО әкімі Ж.Түймебаев сөз сөйледі.
Мәселені талқылауды қорытқан Үкімет жетекшісі жеткенге тоқмейілсімей, бұдан әрі тұрғын үймен қамтамасыз етудің жыл сайынғы өсімін 10% деңгейде ұстап тұруды жүктеді.
– «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың алғашқы жылы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Ел тарихында алғаш рет 11 млн шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді. Оған Мемлекет басшысы бастамашы болған жаңа мемлекеттік бағдарламаның арқасында қол жеткізілді. Мұндай көрсеткіштер Қазақстан Тәуелсіздігінің 26 жылында болмаған, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Ол статистиканы және қабылдау-тапсыру актілерін уақытылы тапсырмауға және басқаларға қатысты проблемалар халыққа түсініксіз себептер болып табылатынын, өйткені бұл тікелей мемлекеттік органдардың құзыреттіліктеріне жататынын баса назар аудартты.
«Биыл жұмыс барысында мұндай олқылықтарға жол бермейміз деген сенімдемін. Оның үстіне биылғы Жолдауда Елбасы 2030 жылға қарай баспана көлемін әр адамға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізуді міндеттеді, ал бұл жыл сайын 10%-ға өсіріп отыруды талап етеді» деді
Б.Сағынтаев. Ендеше, 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы көрсеткіштері былтырғы көлемдерден бір миллион шаршы метрге асып түсуге тиісті.
Үкімет жиынында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстанда ұшақтар мен тікұшақтардың ұшу қауіпсіздігін қадағалайтын жаңа ұлттық компания құрылатынын хабарлады.
– Бірлескен жұмыстар негізінде біз «британдық модельді» енгізудің тәсілдемелерін жасадық. Ол ұшу қауіпсіздігі саласындағы бақылау-қадағалау функцияларын – азаматтық авиация саласын қадағалайтын және бақылайтын ұлттық компания түріндегі жаңа құрылымға тапсыру бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді қарастырады. Ұлттық компания министрлік алдында есепті болады. Инспектор ретінде жұмыс істейтін кейбір қызметкерлер ұлттық компанияға ауысады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Министрлік тек осы саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен халықаралық қатынас мәселелеріне ғана жауап береді. Кейін журналистерге арналған баспасөз мәслихатында министр Азаматтық авиация комитеті штатының көбі – үштен екісі жаңа ұлттық компанияға кететінін айтты. Ол кеткен қызметкерлердің жалақысы да жоғарырақ болатын көрінеді.
«Біз ұшақтардың да, ұшқыштардың да сапасын лайықты тексере алмаймыз. Себебі, комитетке тиісті мамандарды шақыруға шамамыз жоқ: ол мамандар жеке компанияларда біз ұсына алатыннан 4-5 есе көп жалақы алады. Демек, оларды осы жұмысқа тарту үшін біз тиісті жағдай жасауға тиіспіз. Бұған тек ұлттық компания немесе АҚ формасында ғана қол жеткізе аламыз. Бұл үшін мемлекеттік функциялардың бір бөлігін компания деңгейіне беру талап етіледі. Өйткені барлық халықаралық талаптарға жауап беретін мамандарды тарту туралы сөз болып отыр. Әйтпесе, комитетте қабылданған жалақыларға бұл мамандарды сапалы тартуды қамтамасыз ете алмаймыз» деп түйді министр.
Айтқандай, 2017 жылы отандық әуе компаниялары жолаушылар тасымалы жөнінен рекорд орнатыпты: жолаушылар ағынының өсімі 23%-ды құрады. Бұл – соңғы 25 жылдағы ең үлкен көрсеткіш. Мұндай жетістікке жетуге EXPO – 2017 көрмесінің сәтті өтуі ықпал еткен екен. Транзиттік жолаушылар тасқыны 30%-ға, жүк тасымалы 24%-ға артқан. Жалпы алғанда, 2017 жылы Қазақстан әуежайлары 14,2 млн жолаушыға қызмет көрсетті.
Айхан ШӘРІП
Пікір 1