Тұман, көктайғақ және жаңбыр: 22 қарашадағы ауа райы болжамы
22 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал. Бірқатар аймақта жаңбыр күтілсе, оңтүстікте күн райы жаймашуақ болып, ауа температурасы +20 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазгидромет» мәліметінше, Астанада түнде ауа температурасы 0...-2, күндіз +6...+8 градус шамасында болады. Алматыда күндіз +15...+17 градусқа дейін жылынса, Шымкентте термометр бағаны +18...+20 градусты көрсетеді.
Ал Ақтауда жаңбыр жауып, тұман түседі. Атырау мен Оралда түнде және таңертең тұман күтіледі. Ақтөбеде түнде аздаған жаңбыр жауады.
Қостанай мен Петропавлда қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады. Көкшетауда күндіз аздаған жаңбыр жауады. Павлодарда түнде ауа температурасы -5...-7 градусқа дейін төмендейді.
Қарағанды мен Жезқазғанда ауа температурасы күндіз +6...+11 градус аралығында болса, Семей мен Өскеменде +6...+8 градус болады.
Ал оңтүстік өңірлерде күн біршама жылы болмақ. Таразда күндіз +17...+19, Түркістанда +16...+18, Қызылорда мен Талдықорғанда +15...+17 градус күтіледі. Қонаевта ауа температурасы +13...+15 градусқа дейін көтеріледі.













