Мәслихаттар сайлауы
» » ЕЛ ТІЛЕГІ – ТІРШІЛІК ӨЗЕГІ

ЕЛ ТІЛЕГІ – ТІРШІЛІК ӨЗЕГІ

Халықпен жүздесу, тұрғындардың талаптілегіне назар аудару және көтерілген мәселелердің шешілу барысын бақылау – мемлекеттік басқарудағы маңызды міндеттің бірі. Осы мақсатта Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев ауданға жұмыс сапары аясында «Руханият» орталығында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Аудан әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен өткен қабылдауға 60-қа жуық тұрғын келіп, баспана, денсаулық сақтау, білім беру, мал шаруашылығын дамыту, автомобиль жолдарын жөндеу және елді мекендерді газдандыру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар азаматтар өздерін толғандырған басқа да әлеуметтік маңызы бар сауалдарын жеткізді.
Аймақ басшысы әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, көтерілген мәселенің мәнжайына назар аударды. Жауапты сала басшыларына өтініштерді жан-жақты зерделеп, заң аясында шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Бұл ретте әрбір сұрақ бойынша нақты жұмыс жүргізіліп, оның орындалуы бақылауда болуы қажеттігін атап өтті.
Қабылдауда ауыл тұрғыны теміржол өткелінің үстінен көпір салу жобасының жүзеге асу барысын сұрады. Бұл – тұрғындар үшін маңызды инфрақұрылымдық жоба. Оны іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен 5 млрд 515 млн теңге бөлуге өтінім жолданған. Қазіргі уақытта тиісті келісімшарт рәсімдеу жұмысы жүргізілуде.
Тұрғындар көтерген келесі мәселе Төретам кентіндегі көше жолдарының сапасына қатысты болды. Кенттің бірқатар көшесінің тозығы жетіп, қайта асфальттау мен күрделі жөндеуді қажет ететіні айтылды. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 5,84 шақырымды құрайтын Бауыржан Момышұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және Күләш Байсейітова көшелерін орташа жөндеу жобасы әзірленген. Жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған.
Ауыл тұрғындарын алаңдатқан тағы бір мәселе – газдандыру. Қабылдауда Тұрмағамбет және Алдашбай ахун ауылдарына «көгілдір отын» жеткізу мәселесі көтерілді. Бұл бағытта Ақтөбе, Ақжар, Тұрмағамбет және Алдашбай ахун ауылдарына газ құбыры мен кварталішілік газ тарату желілерін салу жобасы қолға алынған.
Жобаның жалпы құны 5 млрд 745 млн теңгені құрайды. Оны жүзеге асыруға биыл облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің нәтижесінде «ТрансАзияКонстракшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер болып анықталды. Қазіргі уақытта келісімшарт рәсімделуде. Жоспарға сәйкес, 2026-2028 жылдар аралығында төрт елді мекенге газ кезең-кезеңімен жеткізілмек.
Тұрғындар тарапынан көтерілген баспана, денсаулық сақтау, білім беру және мал шаруашылығына қатысты мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімі жауапты басқармалар мен мекеме басшыларына әрбір өтінішті тиісті тәртіппен қарап, мүмкіндігінше нақты шешімдер қабылдауды міндеттеді.
«ҚТ» ақпарат
21 қараша 2026 ж. 50 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10556)

21 қараша 2026 ж.

№87 (10555)

16 қараша 2026 ж.

№86 (10554)

14 қараша 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 416
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 533

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30