АЙМАҚ БАСШЫСЫ ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Қармақшы ауданына жұмыс сапары аясында Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Аудан басшысы Жандос Еркінбекпен бірге қабылдау барысында тұрғындар баспана, денсаулық сақтау, білім беру, мал шаруашылығын дамыту, автомобиль жолдарын жөндеу, елді мекендерді газдандыру және басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелерді көтерді. Мұрат Нәлқожаұлы әрбір азаматтың өтінішін тыңдап, айтылған ұсыныстар мен мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Бүгінде өзекті мәселенің бірі Жосалы кентіндегі теміржол өткелінің үстінен көпір салу жобасының қазіргі жүзеге асу барысы талқыланды. Жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 5 млрд 515 млн теңге бөлуге өтінім жолданып, қазіргі уақытта тиісті келісімшарт рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Төретам кентіндегі көшелердің жол сапасына қатысты мәселе қозғалса, бұдан бөлек Тұрмағамбет және Алдашбай ахун ауылдарын газдандыру мәселесі де назарға алынды.
Жалпы қабылдау барысында 60-қа жуық аудан тұрғыны өздерінің ұсыныс-пікірлері мен сауалдарын жеткізді. Әрбір өтініш бақылауға алынып, тиісті жұмыстарды жүргізу міндеттелді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі














