Желтоқсан айында ауа райы қандай болады?
«Қазгидромет» 2026 жылғы желтоқсан айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады. Ал жауын-шашын мөлшері барлық өңірде климаттық норма шамасында күтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Температура Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының оңтүстік-шығысында, Жетісу облысының шығыс бөлігінде және Алматы облысының шығысында климаттық нормаға жақын болады.
Желтоқсанда елдің басым бөлігінде және оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда ауаның орташа айлық температурасы –5…–13 градус аралығында болады деп болжанып отыр. Шығыс Қазақстан облысының қиыр шығысында бұл көрсеткіш –17 градусқа дейін жетеді.
Ал елдің оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерінде орташа айлық температура –4…+3 градус шамасында болады деп күтіледі.















