АГРАРЛЫҚ САЛАНЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ
Цифрландыру, су үнемдеу және өнімді өңдеу – Қармақшы ауданы үшін маңызды бағыттар
Президент Жолдауында ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғырту, жасанды интеллектіні енгізу, су ресурстарын тиімді пайдалану және өнімді терең өңдеу мәселелері көтерілді. Бұл бағыттар ауыл шаруашылығы маңызды орын алатын Қызылорда облысы мен Қармақшы ауданы үшін айрықша өзекті.
Аудан экономикасында күріш шаруашылығының орны ерекше. Сондықтан су тапшылығы жағдайында суару жүйелерін жаңғырту, каналдардағы шығынды азайту және суды үнемдейтін технологияларды енгізу – басты міндеттердің бірі. Заманауи цифрлық құралдар егіс алқаптарының жағдайын бақылауға, суару уақытын тиімді жоспарлауға және өндірістік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру үшін өнімді тек шикізат күйінде сатумен шектелмей, оны сақтау, өңдеу және дайын өнім ретінде нарыққа шығарудың маңыздылығы зор. Бұл қосымша құн қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етеді.
Қармақшыда егін шаруашылығын әртараптандырумен қатар, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу, шаруашылықтарды кооперацияға біріктіру және өнім өткізу нарықтарын кеңейту бағыттарына назар аударған жөн. Ауыл кәсіпкерлеріне қаржыландыру мен заманауи технологияларға қолжетімділікті арттыру да маңызды.
Цифрландыру ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндік береді. Шаруалар өнімін интернет арқылы өткізіп, цифрлық платформаларды пайдалана алады. Ол үшін ауыл жастарының цифрлық сауаттылығын арттыру және кәсіпкерлерге қажетті ақпараттық қолдау көрсету қажет.
Ауыл шаруашылығын дамыту – тек өнім көлемін арттыру емес, ауыл тұрғындарының табысын көбейтіп, өңір экономикасын нығайту. Жолдаудағы міндеттерді жергілікті жағдайға бейімдеп, нақты істермен жалғастыру – ортақ жауапкершілік.
Ақжігітов Ғалымжан Амангелдіұлы,
«Әділет» партиясы Қармақшы аудандық филиалының төрағасы















