ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНЫҢ ӨТУІ МЕН ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ КЕЗІНДЕ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, жылыту маусымының барысы мен жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі шаралары қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытбек Жылтыров баяндап өтті.
Аудан басшысы жылыту маусымынан еш кедергісіз өткізу – басты міндеттердің бірі екенін айтып:
– Жылу беру маусымының барысы күнделікті бақылауда болуы тиіс. Әсіресе әлеуметтік нысандарда жылу жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуіне ерекше мән беру қажет. Коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер туындаған мәселелерге жедел әрекет етіп, апаттық жағдайлардың алдын алуы керек, – деді.
Сонымен қатар жауапты сала басшыларына коммуналдық қызметтердің тұрақты жұмысын үйлестіруді, аудан бойынша қажетті отын қорының жеткілікті болуын бақылауды тапсырды.
Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы тек тиісті қызметтердің ғана емес, әрбір мекеме басшысы мен ауылдық округ әкімінің де жауапкершілігінде екені белгілі. Осыған орай күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша төтенше жағдайлар бөліміне кент және ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына осы бағытқа қатысты ақпараттарды тұрақты жариялау тапсырылды.
Жиынның күн тәртібіне қосымша мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы, қолданылуы және орналастырылуы мәселесі қаралды. Бұл бойынша аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жамбыл Жұмабаев ұлттық құндылығымыздың маңыздылығы мен ережесін баяндады.
– Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын басты құндылықтарымыз. Сондықтан баршамызға немқұрайлы қарауға болмайды. Осы ретте әрбір басшы өзіне қарасты мекемелердегі жағдайды жіті қадағалауы тиіс, – деген Жандос Еркінбек бұл бағыттағы жұмыстарға барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Мәжілісте көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі















