ҒАСЫРЛЫҚ МҰРА: СУ ҚЫСПАҚТЫ МҰНАРА
Кейбір тарихи ғимараттар өткен дәуірдің естелігі ретінде сақталса, енді бірі бүгінге дейін халыққа қызмет етіп келеді. Аудандағы су қыспақты мұнара – соның бірі. ХХ ғасырдың басында теміржол қажетіне арналып салынған нысан арада ғасырдан астам уақыт өтсе де, жұмысын жалғастырып, бүгінде 430 үйді сумен қамтамасыз етіп отыр. Оның ерекшелігі де осында: тарихи мұра қазіргі тіршіліктің де бір бөлігіне айналған.
Орынбор-Ташкент теміржолын салу кезінде паровоздарға су құю үшін арнайы мұнаралар тұрғызылған. Аудандағы нысан да осы инфрақұрылымның құрамына кірген. Кейін ол жергілікті халықты сумен жабдықтау жүйесіне пайдаланылуда. Жосалы теміржол стансасының 1905 жылы салынғаны туралы дерек бар. Алайда мұнараның нақты тұрғызылған жылы анықталмағандықтан, оның мерзімі ХХ ғасырдың басы деп көрсетіледі.
Мұнараның биіктігі – 19 метр, жоспарының өлшемі – 14х6 метр. Екі қабатты ғимараттың төменгі бөлігі күйдірілген тікбұрышты кірпіштен қаланса, жоғарғы қабаты ағаштан тұрғызылған. Төменгі қабатта машиналық бөлімше, ал жоғарғы бөлігінде су сақтайтын екі сыйымдылық орналасқан. Қиық бұрыштары бар, сегіз қырлы пішінге жақын құрылымы оған өзіндік сәулеттік сипат береді.
Қасбетіндегі сәндік бөлшектер де назар аудартады. Ұзын қабырғаларының ортасындағы жартылай шеңберлі аркалы қуыстар, сәулелене қаланған терезе маңдайшалары мен үшбұрышты сәндік элементтер ғимараттың көркін ашады. Төменгі қабатты бойлай бедерлі белдеу жүргізіліп, оның үстіне шығыңқы кірпіштер тізбегі орналастырылған. Ағаштан салынған жоғарғы қабат тақтаймен қапталған. Қаңылтырмен жабылған құламалы шатырдың үстінде су сыйымдылықтарының әрқайсысына арналған шағын шатырша бар. Бұл ерекшеліктер құрылысқа қойылған инженерлік талаптар мен сол кезеңнің сәулеттік шешімдері өзара үйлескенін көрсетеді.
Тарихи мәліметтерде Сыр бойында осындай 38 мұнара тұрғызылғаны айтылады. Олардың ортақ құрылымдық белгілері болғанымен, пішіні мен сәндік элементтері әртүрлі. Бұл нысандар теміржол жұмысына қажетті инфрақұрылым ғана емес, өңірдің инженерлік және сәулет тарихының да бір бөлігі саналады.
1979 жылы Жосалыдағы мұнараны «Қазжоба қалпына келтіру» институтының экспедициясы зерттеген. Ол теміржол вокзалы кешенінің құрамындағы тарихи-мәдени нысан ретінде сипатталады. Мұнара облыстың жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізімінде де көрсетілген. Оның бүгінге дейін пайдаланылуы тарихи құрылыстарды сақтаудың маңызын арттыра түседі. Сондықтан техникалық жағдайын тұрақты бақылап, су сапасына назар аударумен қатар, сәулеттік келбетін қорғау да маңызды.
Су қыспақты мұнара – өткен мен бүгінді жалғап тұрған ерекше құрылыс. Бір кездері паровоздарға су жеткізген нысан қазір жүздеген үйдің қажетіне жарап отыр. Оның тарихы тек ескі қабырғаларында емес, әлі де жалғасып келе жатқан қызметінде жатыр.
Б.МАДИЯР














