«GREEN ARAL»: ТАБИҒАТҚА ЖАНАШЫРЛЫҚ – ОРТАҚ МІНДЕТ
Қызылорда қаласында 19-23 қазан аралығында «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық еріктілер апталығы өтті. Экологиялық бастамаға Қырғызстан мен Өзбекстаннан және еліміздің 10 өңірінен келген 100 ерікті қатысты. Апталық Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған Тұрақты даму жолындағы халықаралық волонтерлер жылы және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында ұйымдастырылды
Халықаралық апталықтың ашылу салтанаты Қызылорда қаласындағы «Құзыреттілік орталығында» өтті. Жиынға Қазақстанның әр өңірінен жиналған 500-ден астам жас, студент пен ерікті қатысты. Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Вера Ким мен Жанар Бимұратқызы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Наурызбай Байқадамов және қоғам өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және Арал өңірінің табиғатын сақтау мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ волонтерлік қозғалыстың дамуына үлес қосып жүрген белсенділер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Апталық аясында халықаралық волонтерлер аудандағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне зиярат етті. Қонақтарды аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қарсы алды. Қатысушылар қазақ халқының рухани мұрасымен танысып, түркі әлеміне ортақ ұлы тұлға Қорқыт бабаның рухына Құран бағыштады. Сонымен қатар оларға ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеген концерттік бағдарлама ұсынылды.
Апталықтың негізгі іс-шаралары Арал ауданында жалғасты. Бағдарлама аясында қатысушылар тәжірибе алмасып, экологиялық бастамаларды талқылап, Арал өңірінің табиғатын сақтауға бағытталған жұмыстарға атсалысты. Сонымен қатар «KZO CAMP: ONE COMMUNITY» республикалық волонтерлер жиыны ұйымдастырылды. Халықаралық апталық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, волонтерлік қозғалысты дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Табиғатты қорғау мен тарихи мұраны сақтау – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Осы тұрғыдан алғанда, апталық өңірдің экологиялық мәселелеріне назар аударып қана қоймай, ауданның рухани құндылықтарын да кеңінен танытуға жол ашты.
Алан ЕРЕН

















