АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫНЫҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысып, баяндама жасады.
Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте облыс аумағында салынып жатқан республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасы, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау мәселелері талқыланды.
Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» мекемесіне құрылыс материалдарын тасымалдайтын мердігер ұйымдардың шамадан тыс жүк тиеуіне шектеу қою, талапты бұзса, құзырлы органдармен бірлесіп тиісті шара қабылдау тапсырылды.
Қазір өңірде «Қызылорда-Сексеуіл», «Сексеуіл-Бейнеу», «Сексеуіл-Ұлғайсын» бағыттары бойынша және Қызылорда қаласының айналма жолы салынып жатыр. Алдағы уақытта жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде өлшеу жүйесін енгізу тапсырылды.
Жобалардың іске асу барысы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында. Жауапты тұлғаларға жұмыстың сапалы атқарылуын қадағалау, белгіленген мерзім талабын сақтау міндеттелді.
«Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының 24-216 шақырым аралығындағы учаскесі өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес автомобиль жолының ағымдағы жай-күйі зерделенді.
Қазіргі уақытта салынған жолдар сапалы және ұзақ уақыт жарамды болуы үшін тиісті шаралар қабылдануда.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

















