» » ДАСТАРҚАННЫҢ БЕРЕКЕСІ

ДАСТАРҚАННЫҢ БЕРЕКЕСІ

Қазақ халқының танымтүсінігінде нанның орны ерекше. Ол – тіршіліктің тірегі, дастарқанның берекесі, молшылық пен тоқшылықтың нышаны. Ата-бабамыз «Ас атасы – нан» деп, нанды барша астың төріне қойған. Бір үзім нанның өзін қасиет тұтып, оны аяқасты етпеуді, жерге тастамауды ұрпағына аманат етті. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік тәжірибесі мен терең тағылымынан туған бұл өнеге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ас атасын қадірлеуді ұлттық танымның бір өзегіне айналды.
Жыл сайын 16 қазанда аталып өтетін Дүниежүзілік нан күні нанның адам өміріндегі маңызын ұғындырып, оны өндіретін еңбек адамдарының маңдай терін бағалауға, ас қадірін білуге үндейді. Бұл күннің тәрбиелік мәні де зор. Өйткені нанды қадірлеу – еңбекті құрметтеу, барды бағалау, ысырапшылдықтан аулақ болу деген сөз.
Халық даналығында нанға қатысты мақал-мәтел мен тағылымды сөздер аз емес. «Ас атасы – нан», «Нан – тамақтың атасы, ынтымақ – көптің батасы», «Нан болса, ән де болады» деген сөздерде үлкен өмірлік мағына жатыр. Халқымыз нанды тек ас-ауқаттың бір түрі деп қарамаған. Оны тіршіліктің, берекенің, бейбіт өмірдің белгісі санады. Осыдан-ақ қазақ халқының дастарқаны үшін нанның маңызы қаншалықты екеніне көз жеткізуге болады. «Нан қадірін аштықта білерсің» деген мақалдың астарында да терең ой бар. Қолда бардың қадірін кейде байқамай, күнделікті тұтынатын дүниеге үйреншікті нәрсе ретінде қарайтынымыз рас. Алайда бір үзім нанның өзіне зар болған жанның жағдайын ойласақ, дастарқандағы әрбір дәмнің қадірін тереңірек түсінер едік. Сондықтан нанды қадірлеу – тек ұлттық дәстүрді сақтаумен қатар, адамдық жауапкершілікті сезіну.
Бір үзім нанның артында қаншама еңбек бар. Дастарқанға қойылған нанның әрбір бөлшегінің өз тарихы бар. Көктемде жер жыртып, дән сепкен диқаннан басталған еңбек жаз бойы жалғасып, күзгі орақ науқанымен түйінделеді. Жиналған астық диірменге жеткізіліп, ұнға айналады. Ал наубайшы сол ұннан күнделікті тұтынатын нанымызды пісіреді. Осылайша бір үзім нанның дастарқанға келуі көптеген адамның қажырлы еңбегімен жүзеге асады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген Абайдың өлең жолдары да адал еңбектің қадірін танытады. Нан өндіру жолындағы әрбір маманның еңбегі осы сөздің мәнін аша түседі. Диқанның маңдай тері, наубайшының шеберлігі, астық тасымалдаушының жауапкершілігі – барлығы да елдің азық-түлік молшылығына қызмет етеді. Сондықтан нанды қадірлеу дегеніміз – еңбек адамын құрметтеу. Нанды орынсыз шашу, қажеттен тыс сатып алып, қоқысқа тастау – тағамды ысырап ету әрі сол нанды өндіруге жұмсалған уақыт пен күшті де бағаламау.
Қазақтың нанға қатысты салт-дәстүрі халықтың рухани дүниесімен тығыз байланысты. Үлкендеріміз нанды баспауды, үстінен аттамауды, нан қиқымын шашпауды ескертіп отырған. Дастарқанға нан қоюды берекенің бастауы деп білген. Қонақ келгенде алдымен дәм ұсынып, нанмен қарсы алу да халқымыздың қонақжайлылық дәстүрімен сабақтас. Себебі дастарқан әдебі – ұлт тәрбиесінің негізі.
Ел аузында нанға қатысты қалыптасқан тыйымдар мен өнегелі сөздер де жас ұрпақтың бойына ізгі қасиетті сіңіруге бағытталған. Олар баланы үнемшілдікке, тазалыққа, еңбекқорлыққа және қолда барға шүкіршілік етуге үйретеді. Бүгінгі таңда осы құндылықтарды өскелең ұрпақтың санасына сіңірудің маңызы арта түсуде. Отбасында ата-ананың, мектепте ұстаздың нанның қадірін түсіндіруі баланың өмірлік ұстанымына әсер етеді. Оқушыларға бидайдың қалай өсетінін, ұнның қалай өндірілетінін, нанның қандай еңбекпен дайындалатынын таныстыру арқылы олардың еңбек адамына деген құрметін қалыптастыруға болады.
Қазіргі қоғамда азық-түлік қалдықтарын азайту, табиғи ресурстарды үнемдеу және тұтыну мәдениетін қалыптастыру маңызды мәселенің бірі болып отыр. Бұл ретте нанды орынды пайдалану – әр адамның күнделікті өмірінен басталатын қарапайым жауапкершілік. «Үнемшілдік – ырыстың басы» деген түсінік халқымыздың тұрмыстіршілігінде бұрыннан қалыптасқан. Қажет мөлшерде ғана нан сатып алу, қалған нанды рәсуа етпеу, асқа құрметпен қарау отбасы мәдениетін көрсетеді. Мұндай дағды балаларға да үлгі болып, олардың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Нанның қадірін білу – жоқшылықты аңсау емес, молшылықтың бағасын түсіну. Қолда барды ұқыпты пайдалану табиғатқа, еңбекке және қоғамға деген құрметтің белгісі болмақ.
Дүниежүзілік нан күні – әрқайсысымызға күнделікті өмірде көзге үйреншікті болып кеткен ас атасының қадірін қайта бағамдауға мүмкіндік беретін күн. Себебі нанға құрметті ата дәстүрге құрмет, еңбекке құрмет, адам өміріне құрмет деп түсінгеніміз абзал. Халқымыз «Береке басы – бірлік», «Еңбек түбі – береке» деп, ырыс пен молшылықтың негізін адал еңбекпен байланыстырады. Ендеше, дастарқанымыздағы нанды қадірлеу арқылы біз сол берекенің қайнарын да бағалай білуіміз керек. Нанның әрбір түйірінде диқанның маңдай тері, жердің құнары, күннің шуағы мен адам еңбегі бар. Оны қадірлеу – ұлттың тәрбиелік дәстүрін жалғастыру, кейінгі ұрпаққа ізгілік пен жауапкершілікті аманаттау. Дастарқанымыздан нан азаймасын, нан бар жерде береке, ынтымақ бар. Нанның қадірін білген ұрпақ еңбектің де, өмірдің де бағасын біледі.
Лаура БАҚТЫБАЕВА

16 қазан 2026 ж. 90 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (10546)

13 қазан 2026 ж.

№77 (10545)

10 қазан 2026 ж.

№76 (10544)

06 қазан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 057
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 274

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031