Қазанның 15-17 күндері Қазақстанда ауа райы қандай болады?
Алдағы күндері атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде қар аралас жаңбыр жауады, деп хабарлайды Egemen.kz.
15 қазанда елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында кей уақыттарда қатты жауын-шашын болжанса, елдің шығысында көктайғақ болады.
16-17 қазанға қараған түндері елдің оңтүстік-шығысында 1-2 градус үсік жүреді. Ел аумағы бойынша желдің күшеюі, түнгі және таңертеңгі сағаттарда тұман күтіледі.
«Қазгидромет» синоптиктерінің мәліметінше, ауа температурасы елдің батысында түнде +7…+15°С-қа дейін, күндіз +17…+25°С-қа дейін төмендесе, Ақтөбе облысында түнде +1…+6°С, өңірдің солтүстігі мен шығысында −1…−3°С, күндіз +15…+23°С-қа дейін төмендейді.
Қостанай облысында түнде −1…−6°С-қа дейін төмендейді, күндіз ауа температурасы +12…+17°С-тан +10…+15°С-қа дейін аздап құбылады. Елдің солтүстігінде ауа температурасы түнде −3…−8°С-қа дейін төмендейді, 17 қазаннан бастап 0…+8°С-қа дейін жоғарылайды. Күндіз ауа температурасы аздап көтеріліп, +7…+12°С жылы болады.
Ұлытау облысында түнде ауа температурасы негізінен 0…+6°С, өңірдің солтүстігі мен шығысында −3°С болады. Күндіз +10…+20°С күтіледі. Қарағанды облысында түнде ауа температурасы негізінен −1…−8°С, өңірдің оңтүстігінде +3°С болады. Күндіз біртіндеп +10…+15°С-қа дейін жоғарылайды.
Елдің шығысында түнде ауа температурасы −1…−6°С-тан −3…−11°С-қа дейін аздап төмендейді. Күндіз негізінен +3…+12°С, өңірдің шығысында −2°С болады.
Республиканың оңтүстігінде түнде ауа температурасы +2…+10°С-қа дейін, күндіз +15…+25°С-қа дейін аздап төмендесе, елдің оңтүстік-шығысында түнде ауа температурасы 0…+8°С-қа дейін, таулы аудандарда −2…−7°С-қа дейін төмендейді. Күндіз ауа температурасы +12…+22°С-тан +10…+18°С-қа дейін аздап құбылады.
Айта кетейік, синоптиктер жалпы қазан айының орташа ауа температурасы еліміздің басым бөлігінде климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады деп болжаған.
















