» » ҚАПТАМАҒА ЕМЕС, ҚҰРАМЫНА ҚАРАҢЫЗ

ҚАПТАМАҒА ЕМЕС, ҚҰРАМЫНА ҚАРАҢЫЗ

Дүкен сөресіндегі өнімді көбіне көзге бірден түсетін қаптамасына қарап таңдаймыз. Ашық түстер, тәбет ашарлық суреттер мен «табиғи», «қантсыз», «дәрумендермен байытылған» деген жазулар сатып алушының назарын аударады. Алайда сыртқы көрініс тағамның нақты құрамы мен құндылығын толық көрсетпейді. Қаптамада пайдалы қасиеті көрсетілгенімен, қант, тұз немесе май мөлшері күткеннен өзгеше болуы мүмкін.
Бұл – азық-түлік таңдауда ескеретін маңызды жайт. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ұсынған ғылыми деректерге сүйенген шолуда 170 зерттеу нәтижесі жинақталған. Онда тағамдық белгінің өнім туралы ақпаратты түсінуге көмектесетіні, ал денсаулыққа қатысты жарнамалық тұжырымдар оны пайдалырақ етіп қабылдауға ықпал етеді. Сондықтан сатып алғанда жарнамалық жазуларға ғана емес, заттаңбадағы мәліметке де назар аудару қажет.
Құрам тізімінде өнімді дайындауға пайдаланылған ингредиенттер мөлшерінің кему ретімен көрсетіледі. Демек, алғашқы орындарда тұрған компоненттерге мән берген жөн. Мысалы, таңғы асқа арналған тәтті вафли қаптамасында дәнді дақылдар бейнеленгенімен, құрамында қант немесе тәтті шәрбат алғашқы орынның бірінде тұруы мүмкін.
ДДСҰ ересектер мен балаларға қантты тәуліктік жалпы 10 пайызынан аз мөлшерде тұтынуды ұсынады. Оны 5 пайыздан төмендету әлдеқайда дұрыс. Тәулігіне шамамен 2000 килокалория тұтынатын ересек адам үшін 10 пайыз, 50 грамға жуық қантқа тең. Бұл мөлшерге өндіруші қосқан қанттан бөлек, балдағы, шәрбаттағы және жеміс шырынындағы қант та кіреді.
ДДСҰ-ның сол кездегі Денсаулықты дамыту және тамақтану департаментінің директоры доктор Франческо Бранка бос қантты шектеу артық салмақ, семіздік және тіс жегісі қаупін азайтатынын дәлелдейтін сенімді дерек бар екенін айтқан. Бұл қант мөлшерін бақылаудың жалпы денсаулық үшін де маңызды екенін аңғартады.
Тағы бір маңызды көрсеткіш – тұз мөлшері. ДДСҰ ересектерге тәулігіне 5 грамнан аз тұз тұтынуды ұсынады. Оның артық мөлшері қан қысымының жоғарылауына және жүрек-қантамыр ауруларының қаупіне байланысты. Бұл шекке тағамға үйде қосылатын тұзбен бірге нан, ірімшік, дайын тағамдар мен тұзды тіскебасар арқылы қабылданатын мөлшер де кіреді.
Заттаңбаны оқығанда тағамдық құндылықтың 100 грамға немесе белгілі бір порцияға есептелетінін ескерген жөн. Мысалы, 100 грамында 12 грамм қант бар өнімнің 300 грамдық қаптамасын түгел тұтынғанда, 36 грамм қант қабылданады. Сондықтан көрсеткіштерді нақты жейтін мөлшермен салыстыру маңызды.
Мәселен, екі йогурттың қаптамасы ұқсас болғанымен, қант, ақуыз және энергетикалық құндылығы әртүрлі болуы мүмкін. Мұндайда бірдей өлшемге келтірілген көрсеткіштерге сүйенген дұрыс. Өнімнің сапасын бағалағанда жарамдылық мерзімін, сақтау шартын және қаптаманың бүтіндігін де тексеру қажет. Әсіресе сүт, ет, балық пен дайын тағамдардың тиісті температурада сақталғанына назар аударған жөн. Мерзімі өтпеген өнімнің өзі дұрыс сақталмаса, сапасы бұзылуы мүмкін.
Саналы таңдау жасау үшін тағам өндірісінің маманы болудың қажеті жоқ. Құрам тізімін оқу, қант пен тұз мөлшерін салыстыру, порция көлемін ескеру және жарамдылық мерзімін тексеру жеткілікті. Бірнеше секунд заттаңбаға назар аудару – өнім туралы әлдеқайда нақты түсінік береді.
Қаптама өнімді таныстырғанымен, оның сапасын толық сипаттай алмайды. Сондықтан тұтынушы ақпаратты дұрыс түсінуге, ал өндіруші оны анық әрі түсінікті ұсынуға жауапты. Таңдау мүмкіндігі көбейген заманда ең әдемі қаптаманы емес, өз қажеттілігіңе сай өнімді таңдай білу маңызды. Өйткені дұрыс тамақтану күнделікті қабылданатын қарапайым шешімнен басталады.
Бауыржан ЖҮНІС
14 қазан 2026 ж. 33 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (10546)

13 қазан 2026 ж.

№77 (10545)

10 қазан 2026 ж.

№76 (10544)

06 қазан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 041
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 261

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031