ҚАРМАҚШЫ ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ
Тұрмағамбет және Ақжар ауылдарының тұрғындарына «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалымен бірлескен мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев, «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, облыстық денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, табиғи ресурстар және ауыл шаруашылығы басқармаларының өкілдері, жауапты бөлім басшылары және «Отбасы банк» өкілдері қатысты.
Диас Асылбекұлы тұрғындармен кездесуде ауыл халқына қажетті көмекті тұрғылықты жерінде көрсету маңызды екенін атап өтіп:
«Мұндай қабылдаулардың басты мақсаты – тұрғындардың мәселесін жергілікті жерде тыңдап, тиісті мамандардың қатысуымен шешу жолдарын қарастыру. Ауыл халқының уақытын үнемдеп, қажетті мемлекеттік қызметтер мен кеңестерді өз елді мекенінде алуына жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Бүгін көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынып, жауапты сала мамандарына тиісті тапсырмалар берілетін болады», – деді.
Екі ауылда өткен қабылдауға 40-тан астам тұрғын қатысып, өздерін толғандырған мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Мамандар азаматтарға «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам», тұрғын үй және басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мәселелері бойынша кеңес берді.
Мобильді қабылдаудың негізгі мақсаты – қажетті мамандарды тікелей елді мекендерге апарып, азаматтарды өзінің тұрғылықты жерінде қабылдау. Бұл мәселелерді жергілікті жерде зерделеп, олардың шешу жолдарын нақтылауға мүмкіндік береді.
Қармақшыдағы мобильді қабылдаудың тағы бір ерекшелігі – ауыл тұрғындарына медициналық көмектің де елді мекеннің өзінде көрсетілуі. Арнайы жылжымалы медициналық керуен ауылдарға жеткізіліп, тұрғындарға дәрігерлік консультация алу, медициналық тексеруден өту және қажетті қорытындыларды алу мүмкіндігі жасалды.
Қабылдау барысында көтерілген мәселелер тиісті мемлекеттік органдар мен жауапты мамандардың назарына алынып, олардың шешу жолдары қарастырылды.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















