ҰСТАЗ – ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ
Білім күніне орай «Әділет» партиясы Байқоңыр филиалының ұйымдастыруымен білім саласының өкілдерімен «Ұстаз – ұлттың ұлы мұраты» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға «Әділет» партиясы Байқоңыр филиалының төрағасы Мақсат Есбенбетов, филиал Саяси кеңесінің мүшелері Ғабит Бердекеев, Шынғысхан Алпысбаев, білім саласының өкілдері қатысты.
Кездесуде ұстаз мәртебесі, білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру мәселелері талқыланды.
Жиында сөз сөйлеген «Әділет» партиясы Байқоңыр филиалының төрағасы Мақсат Есбенбетов білім саласының қоғам дамуындағы маңызына тоқталып, партияның сайлауалды бағдарламасында білім беру бағытына ерекше басымдық берілгенін атап өтті.
«Білім беру – мемлекеттің стратегиялық дамуымен тікелей байланысты сала. Себебі бүгінгі мектепте білім алып отырған бала – ертеңгі қоғамның белсенді мүшесі, елдің болашағын қалыптастыратын азамат. Сондықтан білім сапасына қойылатын талап та, ұстазға артылатын жауапкершілік те жоғары болуы заңды.
Партияның сайлауалды бағдарламасында білім сапасын арттырумен қатар, педагогтердің кәсіби дамуына қолдау көрсету, олардың еңбек жағдайын жақсарту, ұстаз мәртебесін көтеру және білім алушылар үшін сапалы әрі қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру мәселелеріне басымдық берілген. Бұл міндеттер тек мемлекеттік органдардың немесе білім ұйымдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігін талап етеді», – деді Мақсат Есбенбетов.
Өз кезегінде білім саласының өкілдері қазіргі білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер мен педагогтерді толғандыратын ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасты.
Кездесу соңында білім күніне орай жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беріп, білім саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар ұстаздар «Алғыс» хаттармен марапатталды.
Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына салынған ең құнды инвестиция.

















