БАЗАРДАН БАСТАЛҒАН БЕРЕКЕ
Кәсіпкерлік – сырт көзге сауда жасаумен ғана шектелетіндей көрінгенімен, оның ар жағында есеп, жауапкершілік, тәуекел және тынымсыз еңбек жатыр. Әсіресе нарықтық қатынастар енді қалыптасып келе жатқан жылдары кәсіп бастау бүгінгідей дайын мүмкіндіктерге сүйенген жұмыс емес еді. Сол кезеңнің қиындығын еңсеріп, кәсібін дөңгелеткен азаматтың бірі – Алтынбек Демесінов.
Алтынбек Таңсықбайұлы 1960 жылы III Интернационал ауылында дүниеге келген. 1969 жылы ауылдағы №108 орта мектептің табалдырығын аттап, 1979 жылы білім ордасын тәмамдады. Мектеп бітірген жылы еңбек жолын өзі білім алған қара шаңырақта нұсқаушы болып жұмысын бастады. Әскер қатарына шақырылған ол екі жыл Қиыр Шығыс округінде әскери қызмет атқарып, елге оралғаннан кейін еңбек жолын жалғастырды. 1981-1983 жылдары механик болып еңбек етті. Техникамен тығыз жұмыс істеп, өндіріс саласының қыр-сырын меңгерді. 1983 жылы Батыс Қазақстан теміржолының жұмысшыларды жабдықтау бөліміне жұмысқа орналасып, кейін осы мекемеде он жылға жуық экспедитор қызметін атқарды. Жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің филиал бастығының міндетін атқарып, ұйымдастырушылық қабілетін де таныта білді. 1995-1997 жылдары сауда бірлестігінің директоры қызметін атқарды. 1997 жылы мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының аудандық бөлімшесінде бас маман болып еңбек етті. Сол жылдың қараша айынан бастап кәсіпкерлікке бет бұрып, сауда саласында жинаған тәжірибесін жеке кәсіпке бағыттады. Осылайша, «Таңсықбай» жеке базарының жұмысын ұйымдастыруға атсалысты.
Кәсіпкерлік жолының алғашқы жылдарында жаңа істі жолға қоюмен қатар, саудагерлерді бір жерге топтастыру, тауар жеткізу, қажетті құжаттарды рәсімдеу секілді мәселелерді шешуге тура келді. Бір кезеңде базарда 150-ге жуық адам еңбек етті. 1997 жылдан бері жұмысын жалғастырып келе жатқан «Таңсықбай» базарында бүгінде халықтың күнделікті сұранысына ие көкөніс, жеміс-жидек, ет және сүт, нан өнімдері секілді қажетті тауарлар саудаланады. Осы жылдарды еске алған ардагер кәсіпкер өз сөзінде былай деді.
– 1997 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналыстым. Базарды алғаш ашқан кезде оны ұйымдастыру оңай болған жоқ. Саудагерлердің барлығын бір жерге шоғырландыру керек болды. Ол уақытта қазіргі кездегідей несие алып, істі бастап кету мүмкіндігі де жоқ. Сол кезде маған көп көмегін тигізген Үрзада Бекмұрзаева апамызға рақметімді айтамын, қиын кезде қол ұшын созған кісі.
Халыққа қажетті заттарды басқа қалалардан алып келетінбіз. Тауар тасу да оңай емес еді, үш-төрт «КамАЗ» көлігіміз болды. Сертификаттарды алу қиын болатын. Кейбір кәсіпкерлер қажетті талаптарға немқұрайлы қарап, құжаттарын толық рәсімдемейтін кездер де кездесті. Сондықтан саудамен қатар тәртіп пен талапты сақтауға да мән бердік. Уақыт өте тұтынушының да талғамы өзгерді, тауарға деген сұраныс артты. Кәсіпкер үнемі соған бейімделіп отыруы керек. Өзімнің өмірдегі негізгі ұстанымым – тәртіп. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді. Тәртіп бар жерде бәрі дұрыс болады. Ал жастарға айтарым – оқу керек, үйрену керек, көре беру керек. Қандай жұмыс болса да, еңбектен қашпау қажет. Адам тәжірибені жұмыс істеп жүріп жинайды. Сондықтан бастаған ісіне жауапкершілікпен қарап, үнемі ізденіп жүргені дұрыс, – дейді Алтынбек ағамыз.
Кәсіпкерлікпен айналысқан жылдары ол нарықтың талабына бейімделіп қана қоймай, адамдармен жұмыс істеудің, жауапкершілік пен тәртіпті сақтаудың маңызын да терең түсінді. Бір кезеңде көпшілікті жұмыспен қамтыған базар оның кәсіпкерлік жолындағы елеулі белестердің біріне айналды. Ұзақ жылдарға созылған еңбек жолын осы жылдың басында зейнетке шығуымен қорытындылады. Бүгінде ардагер кәсіпкер зейнет демалысында.
Еңбекпен қатар отбасы құндылығын да биік қойды. 1982 жылы Зәуреш Аяғановамен шаңырақ көтеріп, үш баланы тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Аида, Элеонора және Нұрсұлтан есімді балаларының қызығын көріп, бес немеренің сүйікті атасы атанып отыр.
Сауда саласы ардагерінің еңбек жолында әр кезеңнің өз салмағы бар. Бірі – кәсіби тәжірибе берсе, енді бірі – адамдармен жұмыс істеуге, жауапкершілік алуға үйретті. Ал кәсіпкерлік жылдары осы тәжірибенің бәрін бір арнаға тоғыстырды. 1997 жылы негізі қаланған «Таңсықбай» базары сол жылдардағы еңбектің жалғасын көрсетеді. Бүгінде оның өткен жолы – бір адамның кәсіби ғұмыры ғана емес, нарықтың алғашқы кезеңіндегі сауда тіршілігінен сыр шертетін өмір белесі. Сауда саласының ардагері Қармақшы ауданының 80, 90 жылдық мерекелік медальдарының, басқа да бірқатар марапаттардың иесі.
Б.ҒАЛЫМҰЛЫ

















