Ақтөбе облысында алғашқы қар жауды
Ақтөбе облысында бүгін алғашқы қар жауды. Өңірде температураның төмендейтіні туралы және қар аралас жаңбыр жауатыны жөнінде «Қазгидромет» синоптиктерінің болжағаны дәл келді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өңір тұрғындары қардың әдемі көріністерін әлеуметтік желілерде жариялады. Алайда алғашқы қарға барлық тұрғын қуана қойған жоқ. Кейбірі мұндай суық ауа райына дайын еместігін, үйлеріне жылу әлі берілмегенін айтып жатыр.
Ауа райының күрт өзгеруі полицейлердің де жұмысын көбейтті. Ақтөбе облысының полиция департаменті жүргізушілерге үндеу жасады.
«Өңір аумағында ауа райының күрт нашарлауына байланысты жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауып, көріну қашықтығы төмендеуі және жолдар тайғақ болуы мүмкін. Осыған байланысты жүргізушілерден жылдамдық режимін қатаң сақтауды, көлік құралдарының арасындағы қашықтықты ұлғайтуды, қауіпті маневрлерден бас тартуды және жол қозғалысы ережелерін сақтауды сұраймыз. Ұзақ жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын нақтылап, көліктің техникалық жағдайын тексерген жөн», делінген хабарламада.














