МЕНІҢ СЫРЫМ – САҒЫНЫШ!
(атам жайында толғау)
Тұран табаны талайды түлеткен, тарихқа толы төңірек. Заманның заңғары, жаһанның жауһарлары Сыр өңірінен айналып өткен емес.
Мәңгілікті меңзеген Қорқыт бабамыз, қауым елді қамқорлығына алған Қармақшы атамыз, үш жүзге әулие атанған Марал ишан да осы аймақта дамылдаған.
Ұлтын ұйыстырып, ұлысын ұлықтаған Жосалы жайында айтылар сыр, толғанар ой кемде-кем.
Біз – қармақшылықтармыз! Менің атам Ерболат Елемесов осы аймақтың тумасы, жергілікті жұрт атап кеткен «ишан ауылының» баласы. Арғы жағы әжесі Алуа, бергі тұсы әкесі Шералы, анасы Ырыстының баулуымен еңбекке ерте араласып, тұрмыстың тілін тауып, күнделікті шаруаға епті болған екен.
Заман құрсауы, уақыт талабы болса керек ол кезеңде барлық баланың ойыннан гөрі, отбасындағы жауапкершілігі бірінші тұрған екен.
Атам Ерболат Жосалы кентіндегі қазіргі Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейі, бұрынғы 70-ші мектепте білім алған. Бұл білім ордасы ол кезде Орынбор теміржолына қараған екен. Сондықтан болар, атамның сыныптастарының барлығы өзге ұлт өкілдері, осы себепті атам орысшаға сауатты, жан-жақты еді. Және де атам Қазақ мемлекеттік басқару Академиясының экономикалық факультетінің түлегі. Ол ауданға қаржы саласының ардагері, банк қызметкері ретінде белгілі азамат.
Атам 1965 жылы сол кездегі жинақ кассасы аталған, Кеңес Үкіметі тұсындағы қаржы ұйымында еңбек жолын бастаған. Атамның айтуынша, ол ауданға қарасты колхоздарда іссапарларда болып, қолма-қол ақша таратып, ауылдастарға қаржы саласының жаңалықтарын жеткізіп отырған. Шалғай елді мекендердегі адамдар атамның келуін асыға күтіп, жолын тосады екен.
Әрине бұл құрмет тек қызметкер ретіндегі қажеттілік үшін ғана емес, жақын дос, сырлас адамындай етене араласуында еді. Осындай қарым-қатынастың нәтижесі болуы керек, атам мыңдаған ақшаны өзімен бірге алып жүріп, ауылдан-ауылға бара береді екен.
Қазіргі уақытпен салыстырғанда қауіпті көрінетін бұл әрекетті түсінбей атамнан сұрағанда, ол өзімнің Қармақшым, кімнен қорқамын, бірінің атасын, бірінің ағасын танимын, бәрі де бөтен емес деп отыратын.
Уақыт ағынымен 1990 жылдар келіп, елде тоқырау басталған сәт. Бұл кезеңде атам үй құрылысынан мертігіп, оң жақ жамбасының сынуымен қызметінен шеттетіліпті. Дегенмен, аяққа тұрып, 2001 жылы еңбекке қайта араласып, аудандағы «Халық банк» АҚ филиалына қайта қызметке қабылданады.
Елдің аумалы-төкпелі кезеңі, жарықпен қамтамасыз ету кестемен жүргізіліп, кезек пе кезек светті тоқтату орын алған екен. Осы уақытта атам баяғы әдетінше ақшаны сөмкесіне салып, аудан тұрғындарына мәдениет үйінде, кино театр мен кент әкімдігінің ғимаратында қолма-қол ақша таратып, халықтың еңбек және зейнетақысын үлестіріп беріпті. Ақша санақты, бақылауды қажет етеді демекші, қолма-қол ақша тасығанымен атам есебіне жүйрік, бақылауына берік болып, бюджет қаражатының қолды болуына жол бермеген.
Аталған қызметті абыроймен атқарып жүргенде, 2003 жылы жергілікті «Халық банк» АҚ филиалы Байқоңыр қалалық филиалының қарамағына өтіп, атам банктік Қармақшы аудандық филиалының директоры лауазымына тағайындалыпты.
Атамның айтуынша, сол кездегі банк басшылығы мүгедектік қарымынан еңбек қабілетін жоғары бағалап, ауданның банк қызметін сеніп тапсырыпты. Бұл мекемеде атам 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, Жосалы кентін банкоматтармен (жергілікті банк, Жосалы вокзалы, Халыққа қызмет көрсету ғимараттарында орналастырылған) қамтамасыз ету, халықты карточкалық есептік жүйеге ауыстыру, қаржы ұйымының зейнетақылық реформаларын орындау, тұрғындардың үздіксіз қолма-қол ақша алуын үйлестірген.
Бұл Тәуелсіз Қазақстанның банк қызметінің қалыптасуымен, қаражат айналымын оңайлату мен тиімді ету саясатының бір бағыты еді. Атамның айтуында, жаңадан қалыптасқан банк бөлімшесінде қызметкерлер жетіспеушілігі болып, қауіпсіздік қызметіне өзі жауапты болыпты. Алғашқы ретте мекеме аудандық ішкі істер бөліміне қарасты пульттік қорғалған жүйеге қосылған. Бастапқы уақыттарда бірнеше рет ақау беріп, мекемені қайта тексеріп, қайта жабуға тура келген.
Әрине, ақау мезгіл мен уақыт таңдамайтыны анық. Күндіз де, түнде де, қыста да, жазда да бұл менің атамның жауапкершілігінде болыпты. Жалпы айтқанда, қиын да емес шаруа болуы мүмкін, бірақ бұл ауданда банктің тұрақты жұмыс жасауының алғышарттары еді. Сондайақ атамның үйлестіруімен аудан тұрғындарының қаржы саласындағы мұрағаты қалыпқа келтіріліп, 22 мыңнан астам адамның құжаты реттелген.
Бұл аймақтан көшіп кеткендердің есеп-шоттарда қалған ақшаларын қалпына келтіру, жоғалған құжаттарды қайта әзірлеу, азаматтардың өтілдерін растау, жалпы айтқанда мекеменің құжаттамалық базасын жасақтаған. Осы жұмыстың нәтижесі болар атам Қармақшыдағы адамдарды фамилиясымен танып, олардың адресін жатқа айтатын. Кімнің кіммен туыс екенін, атаанасын айтқанда, кейбір кісілер атамды өзінің жақынындай көретін.
Әрине, бұл мекеме тарихындағы менің атамның қолжазбасы, қалдырған ізі. Бірі білер, бірі білмес бұл мекеме осылай қалыптасқан, осылай жұмысын жүйелеген. Бұл ұжымдағы бірлік пен берекенің жемісі.
Атамның бір өсиеті, «алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, қыруар қаражаттың ішінде жүрсе де бойын нәпсісіне билетпей, біреудің ақысына кірмепті. Осы адалдығы үшін ол өз ортасына сыйлы, қызметінде абыройлы болды.
Ол өз ісінің білікті маманы ғана емес, «Ұлы октябрь социалистік революциясының 70 жылдығына» орай берілген КСРО Қаржы министрінің Құрмет грамотасының иегері, Қазақстан халық банкінің «Құрметті ардагері».
Әлі күнге дейін менің атаммен қызметтес болған жандар біздің отбасымызбен хабар алмасып, қатынасып тұрады. Тағдырдың жазуы менің атам осыдан бір жыл бұрын дүниеден өтті. Мен үшін ол өзімен тың мағлұматтар мен шежірені ала кеткендей.
«Қарт – қазына» деп осыдай да айтса керек. Сексен жыл ғұмырының қырық жылын өзі жақсы көрген қызметіне арнап, тағдырдың сынына мойымай жауапкершілікті ала білді. Бүгінше айтқанда, нағыз мотиватор, сауатты социолог тренер дер едім.
Себебі ол еңбек қадірін, өмір мәнін түсіне білген адам. Әрдайым жалған сөйлемеуді, өзгені құрметтеуді, қиянат жасамауды, күнделікті ысырапқа жол бермеуді айтудан жалыққан емес. Атама сәлем береміз деп келушілерден есігіміз жабылмады.
Атам әулетінің сыйлысы, жақындарының арқасүйері болғанымен есімде қалды дер едім. Әркімге өз атасы қандай қымбат болса, мен үшін менің атам – мақтанышым.
Сіз біздің мәңгі жүрегіміздесіз!
Айшерім ЕРБОЛАТ,
немересі
















