АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТІ 52-СЕССИЯСЫ ӨТТІ
Бүгін Жосалы кенті әкімінің мәжіліс залында VIII шақырылымдағы аудандық мәслихаттың кезекті 52-сессиясы өтті.
Сессия барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, аудан экономикасының негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасқанын атап өтті. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция тарту, кәсіпкерлік және әлеуметтік салаларында жұмыстар жүйелі жүзеге асырылып, ауданның дамуына бағытталған жобалар өз кезеңімен іске асырылуда.
Жақында 2 млрд теңгеге жуық қаржыға жаңғыртылған Жосалы және Төретам теміржол вокзалдары облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қатысуымен ел игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар Жосалы кентіндегі дендро саябақты қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы қоғамдық орта қалыптасып келеді.
Жандос Еркінбек алдағы кезеңдегі басым бағыттарға да тоқталып, бірқатар ауқымды жобалардың жүзеге асырылатынын жеткізді. Оның ішінде Иіркөл және Төребай би елді мекендерді газдандыру, әлеуметтік осал топтар үшін 200 пәтерлі 100 тұрғын үйдің мәселесін шешуге бағытталған жобалар, сондай-ақ балалардың денсаулығы мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға қажетті спорттық және әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру жұмыстары бар.
Жиында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов сөз алып, барлық бастамаларға сәттілік тіледі.
«Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында барлық негізгі бағыт бойынша өсім қалыптасып отыр. Ең бастысы – жүзеге асырылып жатқан әрбір жобаның нәтижесі тұрғындардың өмір сапасынан көрінуі қажет. Алдағы уақытта да елді мекендерді дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады», – деді аудан басшысы.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















