» » ДӘУІР. ТҰЛҒА. ГУМАНИЗМ

ДӘУІР. ТҰЛҒА. ГУМАНИЗМ

МІНСІЗ МІНЕЗ. БОЯМАСЫЗ БІТІМ. БІРТУАР БОЛМЫС. АЛАСАРМАС АБЫРОЙ. КІРШІКСІЗ КӨҢІЛ. ОСЫНАУ ҰҒЫМДАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ БОЙЫНАН ТАБЫЛАТЫН БІР ТЕҢДЕССІЗ ТАЛАНТ, ДАУСЫЗ ДАРЫН БАР. ОЛ – АЛАТАУДЫҢ БАУРАЙЫН ЖАЙЛАҒАН ҚОС БАУЫР ХАЛЫҚТЫҢ ҒАНА ЕМЕС, АДАМЗАТ АТАУЛЫНЫҢ, ӘЛЕМ ХАЛҚЫНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ ЖОҚШЫСЫ, ОЗБЫРЛЫҚ ПЕН ОҢАЗАЛЫҚТЫҢ АРАНЫНА ҚҰЛАҒАЛЫ ТҰРҒАН АДАМДЫҚ БОЛМЫСТЫ САҚТАП ҚАЛУШЫНЫҢ БІРІ. БІРЕУ ҺӘМ БІРЕГЕЙ! ОЛ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ОРТАҢҚОЛ ӨКІМЕТКЕ ОТАР БОЛҒАН ЗАМАНДА ДӨЙІЗ ДӘУІРГЕ, БЕЗБҮЙРЕК БИЛІККЕ БАСЫН ИМЕЙ, ӨЗ ҚОҒАМЫН АДАМДЫҚҚА, АДАЛДЫҚҚА БАСТАҒАН АЙТМАТОВ. АДАМЗАТТЫҢ АЙТМАТОВЫ. АЛ ОСЫ ТАРПАҢ ТҰЛҒАНЫҢ ГУМАНИСТІК БЕЙНЕСІ ӨЗІНІҢ ТУЫНДЫЛАРЫНДА ҚАЛАЙ КӨРІНІС БЕРЕДІ? АЙТМАТОВ АЙТҚАН ГУМАНИСТІК ИДЕЯЛАР ҚАНДАЙ?
Айтматовтың кірсіз кісілік кейпі, тұлғалық табиғаты аңғарылатын шығармаларды табу қиынға соқпайды. Меніңше, қадірлі қаламгердің қиялынан туып, шабытынан өрбіген әр шығармада гуманистік идея сайрап тұр. Айталық, тәлімі теңізден терең, қадірі таудан биік тұлға «Алғашқы ұстаз» повесінде (1962) Абай айтқандай, «адамның адам болмағына» әсер ететін жақсы ұстазға құрмет көрсетуге шақырады, «Жан пида» романында (1986) адам мен қоршаған ортаның қақтығысын, моральдық-эстетикалық құндылықтардың құрдымға кетуін күйіне суреттейді. Қазаққа қас үкіметке қасқайып қарсы тұрған М.Шахановпен бірге жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты еңбегінде «Кейде бөбектер мен жеткіншектерге арнап пистолеттің түр-түрін, бұршақтай оқ жаудыратын автоматты, жалт-жұлт еткен қылыш пен қанжарды ойыншық қып шығармай-ақ қойса қайтеді деп ойлайсың. Ғалымдардың зерттеуінше, ойыншық қару-жарақпен ойнап өскен баланың психологиясында өзге тұстастарына қарағанда сотқарлық, өркөкіректік сынды ұнамсыз мінездер басым түсіп жатады екен», – дейді.
Расында да, бал тілді, балғын ойлы баланың болмысын суық қарудың ойыншық түрін беріп ластап жатырмыз. Тіпті, айтылмыш ойыншықтар әлі күнге дейін дүкенде толып тұр. Ал біз қоғамдағы қанды қылмыстармен күресіп келеміз. «Бала – болашақтың бастауы» десек, болашақтың жарқын болмағы үшін баланы дұрыс тәрбиелеу керек емес пе?! Екінің бірі елеп-екшей қоймайтын адамзат тағдырына қатысты маңызды мәселелердің себептерін аңдау Шыңғыс Төреқұлұлының өзі ұстанған адамдық борыш сыңайлы. Сонымен қатар ол осы еңбегінде: «Өзінің туған атасын ұстап берген Павлик Морозовты жер-көкке сайғызбай дәріптеп, жас өркеннің бойына қатыгездіктің залалды дәнін себе бердік. Жарайды, батыр атанған пионерді өз заманы тудырған идеологияның құрбаны дейік. Тірліктің тұщысынан гөрі, кермегін көбірек татқан біздің ел жастар тәрбиесіне сын көзбен қаратар небір ащы сабақтарды бастан кешкен жоқ па еді?!» деп азапты дәуірдегі өзекті мәселені сынға алады. Автордың қаламынан қағазға түскен бұл ойлар да оның адамдық құндылықтарға деген жанашырлығының айқын дәлеліндей.
Айтматов – гуманист жазушы ғана емес, адамдық қабілеттерді арқау етіп, қос елдің татулығын нығайтқан елші, айналасын ізгіліктің жолына шақырған қоғам қайраткері. Ол қай салада болмасын гуманистік идеяларды көтерді. Менің пайымдауымша, ол қарапайым маман болуды емес, адам болуды, адамдыққа адал болуды мақсат тұтты және мақсатына жете білді. Мысалы, профессорғалым Акмаль Саидов «Дипломат Айтматов» атты еңбегінде: «Ш Айтматовтың миссиясы, мақсаты – адамзаттың табиғатын, оның психологиясы мен ойлау философиясын зерделеуде болды. Оның дипломатиялық міндеттеріне байланысты бұл миссия адамзаттың табиғатын өзге халықтардан, сондай-ақ мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың іс-әрекеттерінен танумен толықты» дейді. Өзбекстанның көрнекті ғалымының бұл пікіріне сүйене келе, оның мақсаты Абайдың жетінші қарасөзіндегі «..өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді» деген тәмсілмен үйлесетіндігін аңғару қиын емес. Айтматовтың тәннің емес, жанның қажетін таба біліп, онымен жұмыс жасауы оның гуманистігін дамыта түскендей. Сонымен қатар осы Саидов оның елшілік қызметіне «Ш.Айтматов түрлі мәдениеттердің, халықтар мен елдердің өзара түсінісуіне, өзара әрекеттесуіне және өзара ықпалдасуына қызмет етті. Ол өз дипломатиялық міндетін абыроймен әрі тамаша атқарып шықты» деп баға береді. Бұл пікір де бойында бір емес бірнеше қабілет тоғысқан тұлғаның адамдықты бәрінен биік қойғанын нақтылай түскендей. Айтматовтың аты ауызға алынарда, «адамзаттың» деген сөзді қоса айтып, «Адамзаттың Айтматовы» дейтініміз де оның қара басының қамын күйттеген жұмырбасты пенде дәрежесіндегі адам емес, әлемдік деңгейдегі айшықты ойлы айтулы гуманист болғанынан болса керек.
Басын бұлт бүркеп, қар көметін, етегін көк жабатын таудан асқар Айтматов жасай бермек. Ол – өткен дәуірлердің де, бүгінгі заманның да, келер ғасырлардың да куәсі болмақ. Оның гуманистік идеялары сан ұрпақты таң қалдырмақ. Айтматов ауызға алынса, «адамзат» сөзі ойға оралар һәм «адамзат» сөзі айтылса Айтматов еске түспек. Адамзаттың асқар шың, алып асуындай Шыңғыс Айтматовтың әр шығармасы – өз авторының гуманист екендігін меңзеп тұр. Айтматовтың сексен жылдық ғұмырының әр секунтында оның жүрегі адамдық деп соққанына, тамыры адамдық деп тулағанына шүбә жоқ.
Ердәулет ОРЫНБАСАР
24 қыркүйек 2026 ж. 85 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (10540)

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (10539)

18 қыркүйек 2026 ж.

№70 (10538)

15 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 901
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 152

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930