БЕЙСЕННІҢ БОЛМЫСЫ
Бізде «Кел, кітап оқиық!» атты рубрика бар. Онда сіздерге өзіміз оқыған кітаптың мән-жайын баяндаймыз. Бәлкім, әрі қарай білгіңіз келіп, кітапты тауып оқуыңызға себепші болармыз. Бір адамның болсын, қолына кітап алуына сеп болсақ, біздің мақсаттың орындалғаны. Себебі кітап – ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына. Кітапты сүйіңіздер, ол өміріңізді нұрландырады.
Теледидар көретін көпшілік журналист Бейсен Құранбекті жақсы таныса керек. «Харекет» бағдарламасы арқылы көптің есінде қалған тұлғаның болмысы өзгелерден ерек. Жасаған жақсылықтары әлі де елдің аузында. «Бейсен және болмыс» кітабы шықты дегенде алғашқылардың бірі болып тапсырыс бердім. Тілшілік тіршілікте жүргендіктен танымал тележүргізуші туралы кітапты оқығым келді.
Бұл кітап «Отбасы хрестоматиясының» кезекті туындысы. Авторы – Санжар Керімбай. Кітапта танымал журналистің өмірі мен рухани болмысы терең философиялық мәнмен түсіндірілген. Қысқа оқиғалардан құралғанымен, оның барлығы бір-бірімен жіпсіз байланысып, Бейсеннің болмысын айшықтай түседі. Бұл оқырманға кітапты жай ғана оқып қоя салмай, ондағы айтылған ойдың астарын, салмағын түсініп, өзін тануға, Бейсенді тануға, болмысқа терең бойлауға мүмкіндік береді. Бейсен Құранбектің ғибратты ғұмырындағы оқиғалар бүтін бір жас буынға тәрбие берерлік қасиетке ие. Сондықтан болар танымал журналистің адамгершілік қасиетін үлгі етіп, оған еліктеп өсіп келе жатқан жастар да көп.
Кітаптың негізгі мәні – адамның болмысы тек сыртқы фактілерден ғана құралмайды. Яғни адам өзінің таңдауы арқылы ішкі әлемін де жасақтай алады. Сонда болмыс пен өмірлік мағына кездейсоқтық емес, саналы бағытталған қадамдардың нәтижесі.
Бұл еңбек танымал тұлға өмірінің мағыналы қырларын көрсете отырып, оқырманды өз-өзін тануға, болмыс туралы ойлануға шақырады. Расында кітапты оқи отырып «Менің өмірімде қандай мән бар?», «Менің болмысым қандай?» деген ой туындайды. Түсінген адамға бұл сұрақтардың жауабы да осы кітаптың ішінде. Яғни өмірді мағыналы ету – әркімнің өз қолында.
Кітапты оқи келе түйгенім, мен Бейсен Құранбекті тек тележүргізуші ретінде ғана таныппын. Ал оның мәнге толы өмірін, бай болмысын, пайдалы әдетін, адамдық әдебін, жақсылыққа толы жүрегін кітап арқылы біле алдым. Әрбір оқиға сені әдемі әлемге жетелейді. Түсінген адамға алар тәлім мол. Адамгершілік қағидатына сүйенген тұлғаның іс-әрекеті сізді сүйіндірмей қоймайды. Ендеше, сіз де осы еңбекпен танысып, оқып ой түйіңіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ















