«Qyzylorda» телеарнасы жаңа маусымын ашық аспан астында таныстырды
21 қыркүйек күні Қызылорда қаласындағы Президент саябағының амфитеатрында «Qyzylorda» телеарнасының жаңа маусымының таныстырылымы өтті. Телеарна тарихында алғаш рет ұйымдастырылған Open Air форматындағы шара Сырдария жағасында ашық аспан астында өтіп, көрерменге арнаның жаңа жобалары мен жаңа маусымдағы тың телеөнімдері таныстырылды.
Биыл «Қызылорда» телеарнасы үшін ерекше жыл. Тәуелсіздікпен түйедей құрдас телеарна өзінің 35 жылдығын атап өтуде. Осы айтулы датаға орай ұйымдастырылған жаңа маусымның ашылу кеші екі сағат бойы тікелей эфирде көрсетіліп, телеарна ұжымы көрерменмен офлайн және онлайн форматта жүздесті.
Кеш барысында көрермендерге жаңа маусымда эфирге шығатын бірқатар жобаның тұсаукесері жасалды. Солардың қатарында ел тарихы мен танымал тұлғалардың өмірін арқау ететін «Біртуар», еңбек адамдарын дәріптейтін «Ата кәсіп», адами құндылықтардың мәнін ашатын «Құндылықнама», интернет әлемі мен жаңа технологияларды таныстыратын «HI-TECH» жобалары бар.
Сонымен қатар телеарнаның бұған дейін көрермен ықыласына бөленген жобалары жаңа маусымда жалғасын тапты. Олардың қатарында «QYZYLORDA EXPEDITION» телеэкспедициясының үшінші маусымы, «Құдайы қонақ» реалити-хабары және «Қызық орда» жобасы бар.
«QYZYLORDA EXPEDITION» жобасының жаңа маусымында түсірілім тобы бірнеше көне шаһарға сапарлап, тарихымыздың құнды жәдігерлері мен өшкен өркениеттердің ізін зерттеуді жалғастырды. Жоба бұған дейін Түркияның «TRT Avaz» телеарнасының эфирінен көрсетілген болатын. Жаңа маусымның таныстырылымына жобаның экспедиция мүшелері, археолог-ғалымдар Сағымбай Мұрғабаев пен Мэлс Маратұлы арнайы қатысты.
Кеш барысында көрермендерге телеарнаның тұрақты жобалары мен ақпараттық өнімдері де таныстырылды. Соның ішінде өңірдегі маңызды мәселелерді талдайтын «Анықтаймс» хабары мен күн сайын эфирге шығатын «Жаңалықтар» топтамасының жұмысына назар аударылды.
Жаңа маусымның таныстырылымы тек телевизиялық жобаларды көрсету форматында ғана өткен жоқ. Кеш қонақтары мен көрермендер түрлі интерактивті ойындарға қатысып, телеарна ұжымымен тікелей байланыс орнатты. «Құшақта кам», «Биле кам» секілді челлендждер ұйымдастырылып, көрермендер сахнадағы бағдарламаға белсенді араласты. Сонымен бірге телеарна туралы блиц-сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды. Шара барысында көрермендер арасынан журналист болуды армандайтын азаматқа бір сәтке телеарна тілшісі ретінде өзін сынап көруге мүмкіндік берілді.
Кештің маңызды сәттерінің бірі – «Құдайы қонақ» реалити-хабары арқылы көрерменге таныс болған Шилі ауылының тұрғыны Марғұланға тосынсый жасалуы болды. 13 жастағы жеткіншек әкесімен бірге шараға арнайы шақырылып, телеарна ұжымы оған бағалы сыйлық табыстады.
Жаңа маусымның таныстырылымы өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен де өрілді. Сахнада Үміт Медеуова, Бекзат Молдабергенов, Үкітай Ерниязов сынды өнер иелері өнер көрсетіп, «Мереке» вокалды-аспаптар ансамблі кештің музыкалық көркін арттырды.
Кештің тікелей эфирдегі ерекше сәттерінің бірі – Сырдарияның күн батқан мезгіліндегі көрінісін көрермендермен бірге тамашалау болды. Сыр бойындағы кештің табиғи көрінісі музыкалық нөмірмен үйлесіп, Open Air форматының ерекшелігін айшықтай түсті.Таныстырылым барысында Түркияның TRT корпорациясының Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Мехмет Чалышканның «Қызылорда» телеарнасының жаңа маусымына арналған құттықтауы да көрсетілді. Бұл телеарнаның халықаралық әріптестік бағытындағы жұмысына назар аударылғанын көрсетті.
Жаңа маусымның басты мақсаты – көрерменге мазмұнды, заманауи әрі сапалы контент ұсыну. Телеарна ұжымы дәстүрлі телевизиялық өнімдерді жаңа форматтармен толықтырып, аудиториямен байланысты күшейтуге бағытталған жобаларды ұсынды.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланып, «Қызылорда» телеарнасының жаңа маусымы ресми түрде ашылды.
Жаңа маусымда көрерменге жаңа жобалар, жаңа кейіпкерлер және жаңа форматтар ұсынылды. Ал телеарна ұжымы үшін бұл кезең – 35 жылдық тарихы бар арнаның жаңа белесін бастайтын жаңа парақ болды.
©QYZYLORDA телеарнасы
Сайт - qyzylordatv.kz/ru
Facebook – qyzylordatv
Instagram – qyzylordatv
Telegram – qyzylorda_tv
Tiktok – qyzylorda_tv
















