АРҚА ТӨРІНДЕ – СЫР ДӘМІ
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау және халықты сапалы, табиғи өніммен қамтамасыз етуде «Дала дәмі» атты ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің тұжырымдамасы әзірленген болатын. Бұл жоба – шаруаларға өнімдерін делдалсыз өткізуге, жаңа нарыққа шығуға, ал тұтынушыларға отандық өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
Осы ретте өткен сенбі, жексенбі күндері елордасы – Астанада Қызылорда облысының тауар өндірушілерінің белсенді қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткен-ді. Оған облыстан 100 жүк көлігіне тиелген 600 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізіліп, 100-ге жуық диқан мен тауарөндіруші өз өнімдерін халыққа ұсынды. Атап айтқанда, 230 тоннадан астам күріш, 30 тонна ет өнімі, 30 тонна балық, 280 тонна бақша, 30 тоннадан астам көкөніс пен жемісжидек, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері мен 5 тонна ас тұзы саудаға салынды.
Жалпы, еліміздегі мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақтың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Мемлекет тарапынан аграрлық саланы қолдауға биыл 37,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Осындай қолдаудың нәтижесінде жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында 90 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 2,4 пайызға көбейсе, ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 2 есеге ұлғайған.
Осы жылы облыс бойынша 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде дәнді дақылдар 91,2 мың гектарды, майлы дақылдар 9,6 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 75,9 мың гектарды, ал картоп, көкөніс және бақша дақылдары 17 мың гектарды құрайды. Өңірдің негізгі күріш дақылы 70 мың гектарға егілді. Бүгінде ерте егілген дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толық аяқталса, мал азықтық және майлы дақылдармен қатар, көкөніс, бақша және күріш өнімдері жиналу үстінде.
Қазіргі кезде Сырдың ақ маржаны әлем нарығына шығып, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты қарқын алуда. Облыстан жалпы құны 23 миллион АҚШ долларын құрайтын 45,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі әлемнің 22 мемлекетіне экспортталып отыр.
Арқа төрінде ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде аудан диқандары мен шаруаларының да үлесі мол. Атап айтсақ, оған 40 тоннадан астам өнім апарылып, нарықтан 20 пайызға дейін төмен бағада 20 тонна ақ күріш, 10 тонна қауын, 10 тонна қарбыз және 2,5 тонна сүт өнімі елордалықтарға саудаланды. Әсіресе жергілікті шаруашылық өндірісінің ақ маржанына деген астаналықтардың сұранысы жоғары болды.
Дайындаған Сәрсенкүл АҚКІСІ















