» » БЕЙБІТ ҚҰСЫ ҚАЛЫҚТАҒАН ЕЛ

БЕЙБІТ ҚҰСЫ ҚАЛЫҚТАҒАН ЕЛ

Бейбітшілік – адамзат үшін ешқашан маңызын жоғалтпайтын ұғым. Жыл сайын 21 қыркүйекте атап өтілетін Халықаралық бейбітшілік күні осы құндылықтың қадірін тағы бір мәрте еске салады. Бұл күн тек қақтығыстарды тоқтатуға үндеумен шектелмейтін, мемлекеттер мен халықтарды қауіпсіз болашақ алдындағы ортақ жауапкершілік туралы ойлануға шақыратын тарихи маңызды күн. Бейбітшілікті сақтау бір ғана мемлекеттің емес, күллі адамзаттың ортақ міндеті екенін ұғындырады.
Қазақстан үшін бұл ұғымның мәні айрықша. Өйткені еліміздің тарихында жаппай қырыпжоятын қарудың зардабын өз көзімен көрген ауыр кезең бар. Семей ядролық сынақ полигоны ондаған жыл бойы қазақ даласының қасіретті шындығына айналды. 1949 жылдан 1989 жылға дейін мұнда жүздеген ядролық сынақ жүргізілді. Оның зардабы табиғатқа ғана емес, халықтың тұрмысы мен денсаулығына, бірнеше буынның тағдырына әсер етті. Осындай ауыр кезеңнен кейін 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы маңызды тарихи шешім болды. Бұл қадам мемлекеттің ядролық қарусыздану жолына түсуіне негіз қалады. Ал кеңес одағы тараған кезде еліміздің аумағында әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдың бір бөлігі қалды. Тәуелсіздігін енді ғана алған мемлекет алдында қауіпсіздік пен болашаққа қатысты күрделі мәселе тұрды. 1994 жылы ядролық қаруды таратпау туралы шартқа ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде қосылды. Осы арқылы ел қауіпсіздікті жаппай қырып-жоятын қаруға иелік етумен емес, халықаралық сенім, келісім және ынтымақтастық арқылы қамтамасыз ету бағытын ұстанды.
Бұл қадамды сол кезеңнің саяси жағдайымен ғана түсіндіру жеткіліксіз. Оның мәні әлдеқайда тереңде жатыр. Ядролық қарудан бас тарту – келешек ұрпақтың қауіпсіздігін алдыңғы орынға қойған жауапты шешім. Семей полигонының жабылуы халық жадындағы қасіретті кезеңнің аяқталғанын білдірсе, ядролық арсеналдан бас тарту мемлекеттің қарусыздану мен бейбітшілік идеясын қолдайтын ел ретіндегі бағытын айқындады.
Ядролық саясат және жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы халықаралық сарапшы Тоғжан Қасенова Семей полигонының тарихын тек қасіретті кезең ретінде қарастырмайды. Оның айтуынша, бұл – полигонды жабу жолында күрескен азаматтардың шынайы патриотизмі мен азаматтық батылдығын көрсететін тарих. Ғалым полигонның зардабын зерттей келе, өткенді білу қоғамның өз тарихын тереңірек түсінуі үшін маңызды екенін атап көрсетеді.
Халықаралық бейбітшілік күні қарсаңында осы тарихи тәжірибеге қайта үңілудің мәні зор. Өйткені бейбіт өмір дегеніміз – тек соғыстың болмауы емес. Ол – адамның алаңсыз еңбек етуі, баланың қауіпсіз ортада өсуі, отбасының ертеңіне сеніммен қарауы, елдің тұрақты дамуына мүмкіндік алуы. Мұндай тыныштықтың артында мемлекеттердің саналы шешімдері, халықтардың өзара түсіністігі мен халықаралық ынтымақтастық жатыр.
Қазақстанның ядролық қарусыздану жолы осы ұстанымның нақты көрінісіне айналды. Бір кездері аумағында аса ірі ядролық арсенал орналасқан елдің одан бас тартуы халықаралық бастамаларына да жаңа бағыт берді. Кейін ел ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселелерін халықаралық деңгейде тұрақты көтеріп келеді. Семей полигонының жабылған 29 тамыз күнінің БҰҰ шешімімен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн ретінде белгіленуі де осы тарихи оқиғаның әлемдік маңызын айғақтайды.
Алайда өткенді еске алу тек тарихты қайталау үшін қажет емес. Семей полигонының тағдырын білу – ядролық қарудың адамзат пен табиғатқа тигізетін зардабын түсіну. Бейбітшілік жолындағы нақты шешімдердің қаншалықты маңызды екенін ұғыну. Сондықтан мұндай тарихи сабақ әсіресе жас ұрпақтың санасында сақталуы тиіс.
Осы орайда бейбіт күннің бағасына үн қосқан ардагер елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тілегіне арқау етті.
– Ядролық сынақтардың зардабы туралы айтқанда, сол кезеңді көрген аға буынның жүрегінде көп нәрсе бар. Мұндай қасірет ешқашан қайталанбаса екен деймін. Бүгінде еліміз тыныш, жұртымыз аман. Балаларымыз бейбіт елде өсіп, білім алып, өз болашағын ойлайтынына қуанамыз. Осы тыныштықтың қадірін білуіміз керек. Ең бастысы, ел іргесі берік, халықтың көңілі тыныш болсын. Келер ұрпақ соғыс пен қасіретті көрмей өссін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков.
21 қыркүйек – бізге тыныштықтың өздігінен келмейтінін, оны сақтау үшін жауапкершілік пен өзара сенім қажет екенін еске салады. Бейбітшілік – бір күнде қалыптасатын жағдай емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын жауапкершілік. Сондықтан бүгінгі міндет – өткеннің қасіретін ұмытпай, бейбіт күннің қадірін түсіну және оны келер ұрпаққа аман жеткізу. Кейде мемлекеттің ең үлкен күші оның қолындағы қарумен емес, бейбітшілікті таңдай алған батылдығымен өлшенеді.
Бауыржан ЖҮНІС
21 қыркүйек 2026 ж. 47 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (10539)

18 қыркүйек 2026 ж.

№70 (10538)

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (10537)

12 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 882
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 135

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930