29 ТАМЫЗ – СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚ ПОЛИГОНЫНЫҢ ЖАБЫЛҒАНЫНА 35 ЖЫЛ
29 тамыз – Қазақстанның антиядролық қозғалыс тарихындағы айрықша мәнге ие күн. Осыдан 35 жыл бұрын, 1991 жылы 28 тамызда Қазақстан Республикасы ядролық сынақ полигоны жабылып, еліміздің бейбітшілік пен ядролық қарусыздану жолындағы тарихи ұстанымы айқындалды.
Осылайша 29 тамыздан бастап еліміз атом қаруынан түбегейлі бас тартты. 2009 жылдан бері бұл күн ресми түрде атаулы күндердің қатарына енгізілді.
Бұл шешім – Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа татулық пен ынтымақты, өзара түсіністікті ту етіп ұстанған ел екендігінің тағы бір айқын дәлелі.
Осы атаулы күнге орай, бүгін «Тағзым» алаңында Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күніне орай еске алу шарасы өтті.
Шара барысында ядролық сынақтар салдарынан қаза болған азаматтар бір минут үнсіздікпен еске алынып, рухтарына құран бағышталып, гүл шоқтары қойылды.
Тағылымды шараға ұрыс даласының ардагерлері, әскери бөлімдердің басшылық құрамы мен әскери қызметшілері, сондай-ақ жастар қатысты.
Жиында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары М. Шермағанбет, «Қызылорда «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С. Әбіш сөз сөйлеп, Семей полигонының жабылуы адамзат тарихындағы аса маңызды тарихи оқиғалардың бірі болғанын атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде белгілеу туралы шешім қабылдағаны айтылды. Бұл - еліміздің жаһандық деңгейде ядролық қарусыз әлем құруға қосқан үлесінің жарқын көрінісі.
Семей полигонының жабылуы - өткенге тағзым ғана емес, болашаққа жасалған батыл қадам. Бүгінгі ұрпақтың парызы - тарих тағылымын ұмытпай, бейбітшілік идеясын дәріптеу, ядролық қарусыз әлем құндылығын кейінгі буынға аманаттау.
Ұрпағымыздың болашағы жарқын, келешегі кемел болғай!

















