СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫНЫҢ ЖАБЫЛҒАНЫНА – 35 ЖЫЛ
1949 жылдан 1989 жылға дейін Семей ядролық сынақ полигонында 456 ядролық сынақ жүргізілді. Жасалған жарылыстардың зардабы Семей өңірімен ғана шектелмей, қоршаған ортаға және халық денсаулығына үлкен әсер етті. Ресми деректер бойынша, ядролық сынақтардың зардабын 1,5 миллионнан астам адам тартты.
1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Осы оқиғаның 35 жылдығына және 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күніне орай Қармақшы ауданында іс-шара ұйымдастырылды.
«Жастар саябағында» аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов қатысып Семей ядролық сынақ полигонында азаматтық борышын өтеген азаматтарды ерекше атап өтті.
«Сол бір күрделі кезеңде ауданымыздың 100-ден астам азаматы Семей ядролық сынақ алаңында азаматтық борыштарын өтеді. Олар денсаулықтары мен өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан, Отан алдындағы міндеттерін адал атқарды. Бүгінде олардың ерлігі мен азаматтық жауапкершілігі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді», – деді Самат Қыдырбекұлы.
Шара барысында қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ел үшін қызмет еткен азаматтарды еске алды.
Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков пен «Невада – Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Сағымбаев сөз сөйлеп, ядролық сынақтардың зардабы мен тарихи маңызына тоқталды.
Мұнан соң Семей полигонында әскери борышын өтеген азаматтарға құрмет көрсетіліп, бірқатар ардагерлер аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Бүгінде Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру идеясын қолдап, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларын жалғастырып келеді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















