» » «АУДАРМА АЛЫБЫ» АТАНҒАН қармақшылық Мұхтар Жанғалин туралы не білеміз?

«АУДАРМА АЛЫБЫ» АТАНҒАН қармақшылық Мұхтар Жанғалин туралы не білеміз?

Орыстың атақты жазушысы Федор Достоевскийдің «Преступление и наказание» романын өмірінде бір рет болса да естімеген жан кемде-кем. Ресей баспагерлерінің ақпаратына сүйенсек, шығарма өз алдына жеке кітап болып алғаш жарық көрген 1867 жылдан бастап оның осы уақытқа дейін 600 млн-ға жуық данасы басылыпты. Ал әлем әдебиетінде мәңгілік классикаға айналған және ең көп сатылған осынау бестселлерді қазақ тілінде «сөйлеткен» қармақшылық Мұхтар Жанғалин екенін көп адам біле бермейді.
Тек өз заманында ғана емес, бір жарым ғасыр өтсе де сұраныстан түспеген лонгселлер ана тілімізде Мұхтар Омарұлының аудармасында 1972 жылы «Жазушы» баспасынан 26 600 данамен жарық көрген. Жерлесіміз дүние жүзіндегі ең көп сатылатын классикалық кітаптардың үздік ондығына енген «Қылмыс пен жазаны» небәрі бір жылдың ішінде аударып шығыпты. Міне, содан бері 54 жыл өткенімен бұл романды тәржімалауға екінші рет ешкімнің жүрегі дауаламаған. Себеп біреуақ: қазақ тіліндегі аударма өте сәтті шығып, жоғары бағаға ие болған.
1910 жылдың 3 желтоқсанында қасиетті Қармақшы топырағында дүниеге келген Мұхтар Жанғалин мектеп бітіргеннен кейін арман қуып Алматыға аттанады да, Қазақ педагогикалық институтына қабылданады. Тарих факультетінің студенті болса да, ә дегеннен-ақ аударма саласында ерекше көзге түсіп, жастайынан қызметке шақырылады. Екінші курс оқып жүргенде, яғни, 1930 жылы қоғамдық-саяси әдебиет аудармашысы ретінде еңбек жолы басталған ол аз ғана уақыттың ішінде әлемге танымал шығармаларды қазақ тіліне тәржімалайды. Атап айтқанда, ол аударған А.Островскийдің «Мысыққа бәрі майшабақ емес», Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», М.Горькийдің «Егор Булыч және басқалар» пьесаларын, К.Станиславскийдің «Менің өнердегі өмірім» мемуарын оқырман өте жылы қабылдайды.
Ол 1932 жылы пединститутты бітіргеннен кейін Қарсақбай комбинатындағы Оқу бөлімінің директоры, сонымен қатар, Қазақ кен-металлургия техникумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы әрі алғашқы ректоры болады. Бір жылдан кейін Қарсақбай комбинаты директорының еңбек және кадрлар жөніндегі көмекшісі қызметіне ауыстырылады. 1935 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық комитеті бюросының бұйрығымен және Қазөлкеком бюросының келісімімен Бричмулла мышьяк комбинатының коммерциялық директорлығына бекітіледі. Алайда, «Союззолото» одақтық тресі бұл тағайындаудың күшін жойып, Жанғалин қызметіне кірісіп те үлгермейді. Кейіннен аз ғана уақыт Қазақ мемлекеттік баспасының педагогикалық басылымдар бөлімінің меңгерушісі болып, 1936 жылы Қазақ педагогикалық институтының оқытушылығына тағайындалады. Дегенмен, бұл жерде де «домалақ арыздың» күшімен қызметтен босатылады. Ал 1936-1937 жылдары Қазақ КСР Халық ағарту комиссариаты Жоғары оқу орны басқармасының бастығы болып жұмыс жасайды.
1937 жылы Мәскеудегі 2 жылдық КСРО Дипломатиялық институтына түскенімен, артынан «шетел тілінен емтихан тапсыра алмады» деген сылтаумен қабылдаудан бас тартады. Басты себеп – тіл білуінде емес, үстінен жазылған арызда еді. «1937 жылдың тамызында мені «халық жауларымен» байланыста болды деп айыптаған арыз бойынша партиядан шығарды. 1938 жылдың ақпанында Алматы қалалық комитеті ешқандай ескертусіз партия қатарына қайта қабылдады. Арыз авторына зұлымдықпен жала жапқаны үшін қатаң сөгіс жариялады», дейді бұл туралы М.Омарұлы естелігінде. Жанғалиннің айыптау қағазында жазылғандай, оны партиядан шығаруға достарымен жеке әңгімедегі: «Біздің қазақта ешқандай ұлтшылдар жоқ» деген сөзі себеп болыпты. Оған осы сөзі үшін «ұлтшыл» айыбы тағылып, оқумен қоса, қызметтен де қуылады. Оның нақты кіммен «ұлтшылдық» байланыста болғаны белгісіз, бірақ, жеке ісінде 1938 жылы атылған алғашқы кәсіби қазақ тарихшысы Санжар Асфендияровпен өте жақын араласқаны жазылған.
Мұхтар Омарұлы 1938 жылы А.Пушкин атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік көпшілік кітапханасына (қазіргі Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы – Н.М.) директор болып тағайындалады. Ол кітапхана басшылығына келе салысымен бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстарды қолға алып, кітапхана қорын толықтыруда көптеген жетістікке қол жеткізеді. Мұхтар Жанғалиннің өзі бұл туралы 1939 жылғы естелігінде: «А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік көпшілік кітапхана – Қазақстандағы жалғыз ірі кітапхана. Оған сегіз жыл толды. Егер бірінші жылы кітапханада 300 мың том болса, келесі 8 жылда бұл қор 700 мың томға дейін өсті. Елорданың қайнаған ғылыми және оқу өмірі қалада бай және мазмұны жағынан жанжақты кітап қоймасының болуын, оның қорларының библиографиялық және кітаптану әзірлемелерін талап етеді. Кітапхананың жалпы қорында XV-XIX ғасырдың бірінші жартысындағы орыс авторларының 600 мың томына дейін бар. Шетел әдебиетінің қоры шамамен 80 мың томды құрайды. 1937 жылдың аяғынан бастап кітапхана Кеңес Одағының аумағында басылып шыққан кітаптардың міндетті көшірмесін ала бастады», деп атап өтеді.
Талантты аудармашы аталған кітапхананы 1942 жылға дейін басқарады. Сол жылы директорлықтан өз еркімен бас тартып, өзге де әріптестерімен бірге адамзат баласына үлкен қасірет әкелген Ұлы Отан соғысының ауыртпашылығын елмен бірге көтеруге шешім қабылдайды. Осылайша, кітапхана қызметкерлері ағайынды Ахметовтер, Иван Бондаренко, Владимир Маховиков, Григорий Царевпен бірге майдан даласына аттанады. Архив құжаттарына сүйенсек, директор Жанғалинмен бірге сұм соғысқа барлығы 20 кітапханашы аттанған екен. Оның 10-ы қыздар болыпты. Өкінішке орай, Мұхтар Жанғалин мен Григорий Царевтан басқасы елге оралмайды.
Ел басына күн туған шақта қаламын қаруға айырбастап, от пен оқтан аман оралған қаламгер соғыстан кейінгі жылдары да аударма саласында жемісті еңбек етеді. Басаяғы екі-үш жылдың ішінде Л.Леоновтың «Шапқын» пьесасын, В.Васильевскаяның «Шұғыла» повесін, Н.Никитиннің «Солтүстік аврора» романын, үнді жазушысы П.Чанданың «Тха хури құдығы» атты әңгімелер жинағын, М.Горькийдің «Коновалов» әңгімесін аударып, әдеби майданда атой салады. 1949 жылы «Америка әдебиетінің атасы» атанған жазушы Марк Твеннің танымал повесті «Том Сойердің басынан кешкендерін», 1950 жылы сталиндік сыйлықтың лауреаты Тихон Сёмушкиннің «Аласталған алитет» романын тәржімалайды. 1951 жылы көрнекті совет педагогі және жазушысы Антон Макаренконың «Ұстаздық дастан» туындысын Құрманбек Сағындықов және Сұлтан Ембергеновпен бірігіп аударады.
Әдебиеттанушы, тарихшы Мұхтар Омарұлы аудармашылықтан бөлек, Қазақтың мемлекеттік Біріккен баспасының директоры, Қазақ Достық қоғамының төрағасы, Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының меңгерушісі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің мұрағат басқармасы бастығы секілді қызметтерді абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленді. Қазіргі «Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивiн» құрушылардың бірі болды. 1955 жылы тарих ғылымы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атанды.
1963 жылы Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының төрт томы Жанғалиннің аудармасында «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан» жарық көреді. Романның әр томы 8500 данамен таралып, қазақ тілінде де үлкен танымалдылыққа ие болады.
«Аударма – мемлекеттік маңызы зор іс» деп, оған асқан жауапкершілік және ұлттық мүдде тұрғысынан қараған әдебиеттанушының азаматтық болмысы да асқақ болғанын замандастары мақтан тұтады. Мәселен, қазақ тарихнамасының негізін қалаушылардың бірі, саяси айыппен тұтқындалып, 25 жылға ГУЛАГ лагеріне сотталған Ермұхан Бекмаханов 1954 жылы ақталып шыққан соң, онымен Мәскеуде алғаш болып Жанғалин кездеседі. Ол ғалымның бостандыққа шыққанына қуанғаны соншалық, оған жаңа костюм сыйлап, қомақты қаржы береді. «Ермұхан екінші пойызбен келді. Үстінде ратин пальто, аяғында бәтеңке, басында бас киім. Бастанаяқ су жаңа киінген. Айдаудан емес, курорттан келген сияқты. Бәріміз таңғалдық. Сөйтсем, оның бостандыққа шығуына себепші болған мәскеулік тарихшы Анна Панкратова: «Сенің достарың ғана емес, дұшпандарың да бар. Жүнжіп кетпегеніңді көрсін» деп оған 7 мың сом ақша беріпті. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін» қазақшаға аударған Мұхтар Жанғалин деген өте белгілі қазақ болған. Ол да Ермұханға: «Елге хандай болып қайтыңыз» деп қаржы ұсыныпты», дейді тарихшының жары Халима Бекмұхамедова. Мұхтар Омарұлының кісілік келбетін танытатын мұндай мысалдар жетерлік.
Жанғалиннің тағы бір даралығы – оны өзі аттас Мұхтардың, яғни, абыз Мұхтар Әуезовтің айрықша құрмет тұтуы. Екеуінің де көзін көргендер олардың ұстаз бен шәкірт, ағалыінілі сыйластығын, ерекше бауырмалдығын аңыз қылып айтады. Екеуі жиі бильярд та ойнаған көрінеді. Мұхтар Омарханұлы сапарларының бәрінде Жанғалинді қасынан тастамауға тырысады екен. Тіпті, екеуі талай рет бірге шетел асыпты.
1957 жылы Мұхтар Әуезовтің 60 жасқа толған мерейтойы туған жерінде кеңінен аталып өтіледі. Жазушы елге келген осы сапарында Жидебайдағы Абай зиратына барып, ақын рухына тағзым етеді. Классикпен бірге Ғали Орманов, Қалибек Қуанышбаев, Есмағамбет Смаилов, Мәстура Сармурзина және Мұхтар Жанғалин да болады. Елдегілер Әуезовті «Мұха» деп құрметтеп төбесіне көтереді. Бір кездесуде оқырмандар: «Бізде Мұхаң жалғыз ғой» дегенде, жазушы: «Жоқ, біз екеуміз. Екіншісі аударманың барлық түрінің бесаспабы, жанымдағы Мұхтар Жанғалин. Мен – «Үлкен Мұха», ол – «Кіші Мұха» деген екен.
1960 жылы Алматыдағы Абайдың алып ескерткішінің ашылу салтанатында ұлы Мұхаң: «Сахнаға екі Мұхтар қатар шығайық» деп, шәкірт-інісі Жанғалинді қолтықтап шығыпты.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиеттанушы, аудармашы, тарихшы Мұхтар Жанғалин 1975 жылы небәрі 65 жасында өмірден өтті. Елге бергенінен берері көп еді. Бірақ, тағдырдың жазуына шара бар ма?
Айтпақшы, Астанадағы «Фолиант» баспасы Ф.Достоевскийдің М.Омарұлы аударған «Қылмыс пен жаза» романын биыл (арада 54 жыл өткен соң – Н.М.) заманауи жаңа дизайнда басып шығармақ.
Ал қармақшылық жерлестері оның есімін ұлықтауды неге ұмытты екен?!
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

21 қыркүйек 2026 ж. 74 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (10539)

18 қыркүйек 2026 ж.

№70 (10538)

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (10537)

12 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 880
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 132

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930