ЖЕТІАСАР МӘДЕНИЕТІ – СЫР ӨҢІРІНІҢ ЕЖЕЛГІ МҰРАСЫ
Жетіасар мәдениеті – б.з.б III ғасыр мен б.з ҮІІI ғасырлары аралығында қаңлы тайпаларының қалыптастырған мәдениеті. Бұл Қызылорда облысында, оның ішінде Қармақшы ауданында тығыз орналасқан көне қалалар орны, олар толық сақталмай тек топырақ үйінділері түрінде жатқан соң асарлар деп аталды.
Бұл ескерткіштердің өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай зерттеушілер бір мәдениетке топтастырып, олардың негізгі бөлігі шоғырланған Жетіасар шатқалының атымен атаған. Жалпы бұл мәдениетке тән Бидайық асар, Қурайлы асар, Үлкен Қос асар, Кіші Қос асар, Томпақ асар, Жаман асар, Жалпақ асар, Тік асар, Тас асар, Қара асар сияқты барлығы 50-ге жуық қала мен жүздеген обасы бар қорымдар және суландыру жүйелерінің орындары анықталған. 1946 жылы С.Толстовтың басқарумен Хорезм археологиялық этнографиялық экспедициясы Сырдарияның ежелгі солтүстік арналары Қуаңдария мен Ескідариялыққа қарай жүріп, жетіасар кешенінің қалаларын ашты. 1948-1951 жылдары С.Толстов Жетіасар №3 (Алтын асар), Жетіасар №9 қалаларында және бірнеше жеке обаларда қазба жұмыстарын жүргізген. Бұл қалалар халқы Сырдарияның орта ағысы бойымен Ташкент төңірегіне таралған көршілес отырар-қаратау мәдениеті және қауыншы мәдениеттерін жасаған тайпалармен бірге тарихи Қаңлы мемлекетінің құрамына кірген. Ғалымдар бұл мәдениеттерді өзара сабақтастықты көрсететін негізгі белгілер бойынша бір мезгілде өмір сүрген деп болжайды. Ал 1973-1991 жылдары Л.Левинаның жетекшілігімен жетіасар шатқалында кең көлемді Алтын асар, Томпақ асар, Бидайық асар, Кіші және Үлкен Қос асар мен 700-ге тарта обаға кешенді қазбалар жасалды.
Жетіасар – әлемдік тарихта өзіндік орны бар ірі мәдениет. Жетіасарға жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде қала мәдениетінің дамығандығы анықталып, уақыт өте бірін-бірі алмастырып отырған көпқабатты бірнеше бекіністі қалалардың орны табылды.
Археологтардың айтуынша, бірбіріне жақын орналасқан Жетіасар қалашықтары бекініс рөлін атқарған. Бейбіт уақытта халық егін егіп, мал бағумен айналысса жау келгенде бекініске кіріп қорғанған.
Археологиялық зерттеулер барысында табылған дәнді дақылдар, дән сақтайтын ұралар, тас кетпендер, сүйектен жасалған жер өңдеу құралдары бұл жерде егіншіліктің дамығанын көрсетеді.
Қоныстардан табылған үй жануарлары – жылқының, қойдың, ешкінің, ірі қараның сүйектеріне қарап, мал шаруашылығының да дамығанын аңғаруға болады.
Бүгінгі күні облыс әкімдігі жанындағы Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылымиәдістемелік кеңестің шешімімен Жетіасар мәдениеті ескерткіштерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта облыс әкімдігінің қолдауымен Жетіасар мәдениеті ескерткіштеріне жататын нысандардың қорғау аймақтары белгіленіп, олардың менеджмент жоспары мен ғылыми құжаттамалары әзірленді.
Жетіасар ескерткіш кешені республикалық маңызы бар және 2012 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралардың алдын ала тізіміне «Жібек жолы» сериялық трансұлттық номинация компоненті бойынша енген.
Тәуелсіздік жылдарында 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Жетіасар мәдениеті ескерткіштеріне қайта зерттеу жұмыстары басталып, қазіргі уақытта да кең көлемде археологиялық зерттеулер жүргізілуде.
2020-2022 жылдары Жетіасар ескерткіштерінің ішіндегі ең күрделі құрылысы бар Алтынасар қалашығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми орталығы қала құрылысының қақпаларын жөндеп қайта қалпына келтірді.
Ал ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің 2023-2024 жылдарға жоспарлаған екі жылдық ауқымды «Қазақстан тарихындағы ғұн-сармат кезеңі: пәнаралық зерттеу, талдау және қайта жаңғырту» жобасы (жетекшісі Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры А.Оңғар) аясында Қурайлы асар қалашығының маңындағы қорымдары Ә.Марғұлан атындағы археология институтының «Арал маңы» отряды (жетекшісі тарих ғылымдарының кандидаты Ә.Тәжекеев) зерттеді.
Сондай-ақ ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруымен Қара асар қалашығына 2024 жылдан бері Ә.Марғұлан атындағы археология институты мен Неміс археология институты бірігіп, халықаралық кешенді археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы Жетіасар мәдениеті ескерткіштерінде (асарларда) жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстарының құрамында отандық және шетелдік археологиялық орталықтардың жетекші мамандары, еліміздің докторант, магистранттары және жергілікті музей қызметкерлері бар.
Музей қызметінде өлке тарихына тікелей қатысты тарихи мұраларымызды насихаттау негізгі міндеттердің бірі саналады. Осы орайда музей қызметкерлері өлкемізде жүргізіліп жатқан этнографиялық, археологиялық зерттеулерге тікелей араласып, ғылыми негіздемелер жасауға атсалысады. Айтап айтар болсақ, аудан аумағында кейінгі темір дәуірінің, Сақ мәдениетіне жататын Шірік-рабат, Бәбіш мола кешендерінде, Жетіасар мәдениеті ескерткіштерінде, Ортағасырлық Оғыз мәдениеті қалашықтарындағы археологиялық зерттеу жұмыстарына жыл сайынғы маусымда тұрақты қатысуда.
Әзірбек ІЛИЯСБЕКҰЛЫ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
















