» » Қызылқұм қойнауындағы қазба жұмыстары

Қызылқұм қойнауындағы қазба жұмыстары

Сыр елінде қорғау тізбесіне енгенмен толық зерттелмеген, ғасырлар қойнауында төбе болып үйілген асарлар мен қорғандар аз емес.
ХХ ғасырдың 1940 жылдарында С.Толстов, М.Левина бастаған Хорезм археологиялық экспедициясының мәліметі бойынша қалалардың орындары белгілі. Қуандария мен Жаңадария, Іңкәрдария бойында «Ордакент», «ШірікРабат», «Жусанқала», «Алтынасар», «Жетіасар», «Қара асар», «Робенсай асар», «Бидайық асар», «Күйік асар», «Томпақ асар», «Жалпақ асар», «Қособалы асар». «Қосасар», «Жетім асар», «Қосқала», «Жаман асар», «Шірік-Рабат ІІ», «Баршынкент», «Жент», «Сырлытам», «Атаусыз асар» осылармен бірге табылған 80 қорғанның орны бар. Археологиялық қазбалар жүргізген С.Төлепов, М.Левина сияқты орыс ғалымдарының тапқан аса құнды, алтынмен апталып, күміспен қапталған жәдігерлер Мәскеу қаласына, М.Маклай атындағы Ресей археология, этнография институтына әкетілді. ШірікРабат, Жеті асар, Алтын асар сияқты ежелгі қалалардың орнынан табылған бұл бұйымдар күні бүгінге дейін сол Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты қалалардың музейлерін безендіріп тұр.
Облыста археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде табылған бұйымдардың басым бөлігі облыстық музейлерде қалдыруға тиіс. Себебі Сыр елінің тарихы ең алдымен осында тұратын халыққа керек.
2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Сыр жерінің тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеуге, үлкен қамқорлық жасауға, күтіп сақтауға, қалпына келтіруге қосқан зор үлесі болды. Тамыры тереңде жатқан қазақ тарихының көмбесін енді тауып жатқандаймыз. Ежелгі өркениет жұртына тұнған Сыр елінің жәдігерлері ғалымдарға сенсациялық жаңалықтар әкелуде.
Қызылорда облысы бойынша археологиялық ескерткішке жататын, біздің дәуірімізге дейінгі ІV-V ғасырларда өмір сүрген Шірік Рабат қаласына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бірлескен экспедиция құрамында Орталық Қазақстан археологиялық экспедиция басшысы тарих ғылымының кандидаты Ж.Құрманқұлов, қаланы зерттеуге Ә.Марғұлан атындағы археология институтының, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студентері болды.
Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында орналасқан Жетіасар – б.з.б III-I ғасырлардағы қаңлы тайпаларының орналасқан аймағы (Қытай деректерінде Кангюй деп кездеседі). Бұл көне қалалар орны, олар толық сақталмай тек топырақ үйінділері түрінде жатқандықтан асарлар деп атаған. Бұл ескерткіштердің өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай зерттеушілер бір мәдениетке топтастырып, олардың негізгі бөлігі шоғырланған Жетіасар шатқалының атымен атаған. Бұл аймақтан Бидайық асар, Сорлы асар, Домалақ асар, Үңгірлі асар, Томпақ асар, Қара асар, Жалпақ асар, Тікасар, Тас асар, Қосаасар, сияқты барлығы 50-ге жуық қала мен жүздеген обасы бар қорымдар және суландыру жүйелерінің орындары анықталған.
1946 жылы Хорезм археологиялық этнографиялық экспедициясы Сырдарияның ежелгі солтүстік арналары Қуаңдария мен Ескідариялыққа қарай жүріп, жетіасар кешенінің қалаларын ашты. 1948-1951 жылдары Жетіасар №3 (Алтын асар), Жетіасар №9 қалаларында және бірнеше жеке обаларда қазба жұмыстарын жүргізді. 1958, 1962-1963 және 1966 жылдары басқа да Жетіасар ескерткіштерінде қазба жұмыстары жалғасын тапты. Аталған зерттеу жұмыстары нәтижесінде алғаш болып Жетіасар қалалары құрылыстарының ерекшелігіне байланысты үш топқа бөледі: ғимараттары бар бекіністі үй-жай (усадьба); екіншісі – мықты қорғаныс жүйесі бар (мұнаралары, бекіністі қақпасы), бірақ ішінде ешқандай құрылыс орны жоқ, ірі қамалдар; үшіншісі – мықты қорғаныс жүйесі бар, сонымен қатар ішінде көптеген әр түрлі тұрғын үй құрылыстары бар қамалдар. Бұл қалалар халқы Сырдарияның орта ағысы бойымен Ташкент төңірегіне таралған көршілес «Отырар Қаратау» және «Қауыншы» мәдениеттерін жасаған тайпаларымен бірге тарихи Кангюй (Қаңлы) мемлекетінің құрамына кірген. Ғалымдар бұл мәдениеттерді өзара сабақтастықты көрсететін негізгі белгілермен қатар, бір мезгілде өмір сүрген деп болжайды. Әр топтың аумағында өз суландыру жүйелері болған. Ауданы 0,5-10 гектар биіктігі 8-20 метр дөңгелек немесе сопақша пішіндес екі қабатты құрылыстар қаланың орталығы қызметін атқарған. Мұның үш кейде төрт жағын айнала төменгі қабаттың үйлері орналасқан. Барлығында берік қорғаныс дуалдары болған. Кейбірінде биік мұнаралар, қабырға үстімен айнала өтетін дәліздер де бар. Құрылысқа пахса блоктары мен шикі кірпіш қолданылған. Жетіасар шатқалында кең көлемді Алтын асар, Томпақ асар, Бидайық асар, Кіші және Үлкен Қос-асар мен 700-ге тарта обаға кешенді қазбалар жасалынды. Нәтижесінде бұл мәдениетті өзара сабақтастықты көрсететін негізгі белгілермен қатар, түрлі тарихи жағдайларға байланысты туындаған ерекшеліктеріне қарай үш кезеңге бөлді: «Жетіасар-I» кезеңінде негізгі қалалар қалыптасып, мәдениет гүлденген. Экономикалық мәдени қарым-қатынастардың негізгі желісі, этникалық тұрғыдан едәуір жақындығы бар «Отырар-Қаратау» мәдениетінің тайпаларымен екі арада өрбіген. «ЖетіасарII» (б.з. IV-VI ғғ.) кезеңіне қарай жергілікті тайпаларға ғұн мәдениетінің әсері ықпал еткен. Осы кезеңдегі жетіасар мәдениетінің тайпалары тарихтағы «ақ ғұндар» (эфталиттер) бірлестігнің құрылуына ұйытқы болған. «Жетіасар-III» кезеңіндегі (б.з. VII-IX ғғ. басы) тайпалар өмірінде ірі қоныс аударулар орын алған. Үшінші кезеңінің аяғында «Жетіасар» шатқалы шөлге айналып, «Жетіасар» мәдениеті өмір сүруін тоқтатады. Оның әсері Сырдарияның Аралға құйылысына одан әрі Әмудария сағасына өтіп, осы өлкелерде «кердер» мәдениетін қалыптастыруға қатысады.
2004 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан «Шірік Рабат» экспедициясына биыл 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде жылда маусымдық қазба жұмыстары мемлекеттің қолдауымен жалғасын тауып, жұмыстар жүргізіліп келеді.
Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері аудан аумағында орналасқан сонау Сақ кезеңде өркениет ошақтарының бірі болған «Шірік Рабат», «Бәбіш-мола», «Сортөбе», «Қорайлы асар» қалашықтарындағы қазба жұмыстарына Алматы қаласы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының өкілі, аға ғылыми қызметкері Ж.Утебаев, Қорқыт Ата мемлекеттік университеті «Археология және этнография» ғылымизерттеу орталығының жетекшісі тарих ғылымының кандинаты Ә.Тәжекеев, Мәскеудегі Мемлекеттік Шығыс музейінің ғылыми қызметкері С.Болелов, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Р.Дарменовпен бірге қазба жұмыстарына қатысып, тәжірибе алмасып келеді. Осы қазба жұмыстары барысында табылған құнды жәдігерлер музей қорын толықтыруда.
Тарихи орындардан қазба жұмыстары барысында табылған керамикалық бұйымдар – көне тарихымыздың айқын дәлелі мен куәсі.
Атап айтар болсақ «Бәбіш мола 7» елді мекені орнынан табылған құмның (керамикалық құмыра) ерекшелігі сыртындағы ангобты бояудың ағындысы, бұл жоса тасынан алынған бояуды қолданғанын көрсетеді.
Аудан орталығындағы Жосалы кентінің атауы осы табиғи жоса төбесіне байланысты аталғаны тарихтан белгілі. Бұл дегеніміз – жоса төбесінің ерте замандарда шикізат ретінде маңызды болғанын көрсетеді, яғни Жосалы атауының ертеден келе жатқаннының дәлелі бола алатын құнды жәдігер.
«Сортөбе» қалашығынан қазба жұмысы барысында табылған керамикалық дастарқан ортағасырлардағы қауымның тұрмыс-тіршілігіндегі мәдениеттің ерекшелігін көрсетеді. Нақтылап айтар болсақ диаметірі 80 см болатын керамикалық дастарқан сол уақыттағы зиялы қауымның тұрмысында қолданыста болған деп ғалымдар тұжырымдайды.
Керамикалық көнек – пішініне қарай ерекше құнды жәдігерлердің бірі. Бір жағы дөңгеленіп келсе, ал екінші жағы тегіс болып жасалынған. Себебі ерте замандардағы көліктің түрі ат немесе басқа да төрт түлік болғандықтан, қанжығасына байлап жүруге ыңғайлы болса керек.
«Сортөбе» қалашығынан табылған пішіні конус тәрізді керамикалық ыдыс сыртқы бетінің толықтай өрнектелгені, сондай-ақ өрнегінің қолдан жасалғаны ерекшелендіреді. Сыртындағы өрнегінің симметриясын сақтай отырып жасаған, бұл сол уақыттағы адамдардың ой өрісінің жоғары болғандығын және қолөнер кәсібінің жақсы дамығандығын көрсетеді.
Қазірде музей қорындағы көне керамикалық жәдігерлер, ғылыми тұрғыда зерттеліп, музейге келушілерге, көне тарихымызды насихаттауға үлкен мүмкіндік беріп тұр. Әсіресе бұл жәдігерлердің хронологиялық шеңбері, жасалу технологиясымен, сақталуы музейге келушілердің назарын аударып, қызығушылығын арттыруда.
Сырдарияның төменгі ағысындағы археологиялық тарихнамасында Қазақстан ғалымдарының және бұрынғы ізденістердің қорытындысы «Қазақстан археологиялық картасы» еңбегі өте маңызды. Өйткені жинақта археологтар мен өнер тарихын зерттеушілер үшін тұңғыш рет реттелген Қазақстандағы археология, сәулет ескерткіштеріне сипаттамалық анықтама берілді. Еңбектегі Сырдарияның төменгі ағысындағы орта ғасырдағы көне қалаларының орналасуы, деректері мен зерттелу тарихнамасы мәліметтері қазіргі кезде де құнды.
Е.ТОҚТАРОВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
31 шілде 2024 ж. 170 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№74 (10339)

17 қыркүйек 2024 ж.

№73 (10338)

14 қыркүйек 2024 ж.

№72 (10337)

10 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 1 609

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30