ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАР – ҰЛТ БАЙЛЫҒЫ
Сыр бойының шежірелі мекені саналатын Қармақшы ауданы – тарихы тереңге тамыр жайған, аңыз бен ақиқат ұштасқан қасиетті өлке. Бұл өңір бірегей тарихи-мәдени мұраларымен ерекшеленеді.
Қорқыт ата – түркі дүниесінің рухани символы. Қармақшы дегенде ең алдымен ойға оралатын киелі орын – Қорқыт ата ескерткіш кешені. Бұл ескерткіш республикалық маңызы бар, туристер мен зиярат етушілер жиі келетін рухани орталық. Қасиетті мекенді сезіну, рухани құндылығын жүрекпен ұғыну және киелі орыннан қуат алу кесенеге барған әрбір адамның жүрек түкпірінде болатын ерекше рухани күй.
Сыр бойының ежелгі өркениет ізі дегенде, біздің өлке археологиялық зерттеулер барысында табылған қорымдар мен көне қоныстардың ежелден бұл өлкеде өркениеттің ерте қалыптасқанын дәлелдейді. Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан бірегей тарихи-мәдени аймақта Жетіасар оазисінің ескерткіштеріне Жетіасар ІІІ (Алтынасар), б.д.д 1-ші мыңжылдықтың соңы, б.д IV-V ғ), Үлкен Қос асар (б.д.д 1-ші мыңжылдықтың соңы, б.д VI ғ), Кіші Қос асар (б.д.д 1-ші мыңжылдықтың соңы, б.д VI ғ), Жалпақ асар (б.д VI-VII ғ), Жоласар (б.д.д 1-ші мыңжылдықтың соңы, VI ғ), Базар асар (б.д VI-VIII ғ), Бидайық асар (б.д.д 1-ші мыңжылдықтың соңы, б.д IV ғ), Қаралы асар (б.д.д 1-ші мыңжылдықтың соңы, б.д VI-VII ғ), Қурайлы асар (б.д.д 1-ші мыңжылдықтың соңы, б.д V-VII ғ), Робинсай (Бұзықасар) (б.д.д 1-ші мыңжылдықтың соңы, б.д V-VII ғ), Тік асар (б.д.д 1-ші мыңжылдықтың соңы, б.д IV-V ғ), Томпақ асар (б.д IV-V ғ), Жетіасар ІХ (б.д IV-VII ғ) жатады. Бұл өркениетті археологтар егіншілікпен айналысып, мықты қорғаныс бекіністері бар, ежелгі урбанизацияның жарқын үлгісі деп бағалайды.
Бәбіш мола – республикалық маңызы бар ескерткіш. Сырдария өзені бойындағы ежелгі өркениеттердің ірі орталықтарының бірі болған. (б.з.д ІV-ІІ ғасырлар). Ол кезеңде бұл аймақ Кангюй мемлекетінің ықпалында болған және сол мемлекеттің мәдениетімен тығыз байланысты деп есептеледі. Қорғаныс жүйесі жақсы дамыған, тұрғын үй, шаруашылық құрылыс орындарының іздері табылған, көне кезеңнің отырықшы мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетеді. Қамал дуалдары шикі кірпіштен салынған. Географиялық орналасуы бойынша қалашық Сырдария өзенінің ескі арналары маңында, тарихи Жанкент аймағына жақын жерде орналасқан. Бұл өңір ежелден егіншілік пен сауда-саттыққа қолайлы аймақ болған. Бұл қалашық Жанкент. Шірік-Рабат секілді Сыр бойындағы көне қалалардың орталықтарымен бірге тұтас кешен құрайды.
Шірік-Рабат қалашығы (б.з.д V-ІІ ғ) республикалық маңызы бар ескерткіш қатарына жатады. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл қалашық ертедегі сақ тайпалары мен кейінгі кангюй тайпаларының кезеңінде маңызды саяси әрі діни орталық болған. Қалашық Сырдария өзенінің ежелгі арналарының бойында орналасқан. Бұл сол уақыттағы егіншілік пен тіршілікке қолайлы, стратегиялық маңызы зор аймақ болғанын көрсетеді. Қала биік төбе үстіне салынған. Айнала қамал қабырғаларымен қоршалған. Бұрыштарында қорғаныс мұнаралары орналасқан. Тұрғын үйлердің орындары, шаруашылық құрылыстары, ғұрыптық нысандар, жерлеу орындары анықталған. Қалашық жай ғана қираған қамал емес, мыңжылдықтар қойнауынан жеткен үнсіз шежіресі.
Әрбір төбе, әрбір қорым өткен ғасырдың куәсі. Іңкәр қала қалашығы (б.д.д. ІV-ІІ ғ.ғ) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Ортағасырлық кезеңнен сыр шертетін тарихи орындардың бірі. Қалашық орнынан табылған қыш ыдыстар мен құрылыс қалдықтары мұнда отырықшы мәдениет болғанын тағы да айғақтайды. Іңкәр қала – аймақтың экономикалық әрі рухани дамуының бір белесі. Қалашық Сырдария бойындағы сауда-саттық пен мәдени байланыстың дамығанын көрсетеді.
Мыңарал қалашығы (б.з.д І мыңжылдықтың жартысы) тарихи-мәдени мұра ретінде ғылыми тұрғыда зерттеліп келеді. Қалашық орны стратегиялық жағынан тиімді аймақта орналасқан. Археологтардың зерттеулерінде мекен ерте орта ғасырларда қорғаныс және тұрғын аймақ қызметін атқарған.
Сеңгіртам қалашығы Ерте темір дәуірі (б.д.д ІV-ІІ ғ.ғ) қорғаныс жүйесі айқын байқалатын көне қоныс. Қалашықтың атауы да оның географиялық ерекшелігін аңғартады. Биік төбе үстіне орналасқан бұл орын жаугершілік замандарда стратегиялық маңызға ие болған.
Сортөбе қалашығы (VІІ-ІХ ғ.ғ) Сыр бойындағы ортағасырлық өркениеттің тағы бір ізі. Қалашық құрылымы бір кездері бекіністі елді мекен болғанын көрсетеді. Бүгінде бұл орын тарихи туризмді дамытуға әлеуеті бар нысандардың қатарында.
Киелі топырақ тек көне қоныстар мен қалаларымен ғана емес, рухани тұлғалармен де қадірлі. Өңірде халық жадында сақталған әулиелердің кесенелері орналасқан.
Марал ишан (кесенесі, ХІХ ғ) 1780-1841 жылдары өмір сүрген, ел арасында әулиелігімен танылған, ислам дінін насихаттап, халықты бірлікке үндеген тұлға. Оның құрметіне тұрғызылған Марал ишан кесенесі бүгінде зиярат етушілердің қасиетті орнына айналған. Кесене тарихи ескерткіш қана емес, рухани тағылым ордасы.
Қалқай ишан (кесенесі, ХІХ ғ) 1815-1870 жылдары өмір сүрген Марал ишанның үлкен баласы, діндар, әкесінен тағылым алған. Жергілікті халықты егіншілік кәсібіне баулыған тарихи тұлғаның құрметіне тұрғызылған жергілікті маңызы бар сәулет өнер ескерткіші.
Қармақшы өңіріндегі мәдени мұралар – ұлт тарихының баға жетпес мұрасы. Бұл нысандарды зерттеу, қорғау және туристік айналымға енгізу – бүгінгі күннің өзекті міндеті. Тарихи ескерткіштерді сақтау арқылы біз өткенімізді қадірлейміз, болашаққа аманат қалдырамыз. Бұл мәдени жәдігерлерде тұтас бір дәуірлердің ізі жатыр. Кейінгі ұрпаққа сыны мен сырын жоғалтпай жеткізу парыз.
Г.БАЙКУБЕКОВА,
К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің ескерткіштер
жөніндегі маманы
















