ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ
Елді мекендердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және өртке қарсы қызметтің қолжетімділігін арттыру – маңызды міндеттің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар ауданда да жүйелі түрде жүзеге асырылуда
Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасын қолдау мақсатында «Оңталап» шаруа қожалығының демеушілігімен Ақтөбе ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті салынып, ел игілігіне берілді. Құны 50 млн теңгені құрайтын нысан ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуанышпен құттықтады. Ол өрт сөндіру бекетінің елді мекендегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызына тоқталып, жаңа нысанның ауыл халқы үшін игілікті қызмет атқаратынына сенім білдірді.
Салтанатты шарада Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасұлан Түйменов те сөз сөйлеп, ауылдық жерлерде өрт сөндіру бекеттерінің болуы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар бекеттің құрылысына белсенді қатысып, өз үлесін қосқан бірқатар азамат департаменттің алғыс хатымен марапатталды. Жиында ауыл ақсақалдары да ақжарма тілектерін жеткізді.
Бүгінде республика бойынша елді мекендерде 550 өрт сөндіру бекетін салу жұмыстары жүргізілуде. Облыста бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып, Ақтөбе ауылындағы нысан аймақтағы 10-шы өрт сөндіру бекеті ретінде табысталып отыр.
Мұндай жұмыстар ауданымызда кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Маусым айында Алдашбай ахун ауылында дәл осындай өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілсе, енді міне осындай маңызды нысан Ақтөбе ауылынан ашылды.
Ауылдық жерлерде бекеттердің ашылуы – өрт қауіпі бар жағдай кезінде уақытты үнемдеп, оқиға орнына жедел жетуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың және елді мекендердің өрт қауіпсіздігін күшейтуге ықпалын тигізбек.
«ҚТ» ақпарат

















