ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫН ҚЫЗҒЫШТАЙ ҚОРҒАҒАН ҒАЛЫМ
Қазақтың рухани тарихында ел аузындағы асыл сөзді жинап, ұрпаққа аманаттаған, халық мұрасын ғылыми айналымға енгізген біртуар тұлғалар бар. Ел руханиятына өмірін арнаған жанның бірі – көрнекті фольклортанушы, этнограф, әдебиет зерттеушісі, мәтінтанушы Мардан Келдібайұлы Байділдаев. Биыл ғалымның туғанына 100 жыл толып отыр. Қазақ фольклоры мен Сыр бойы ақын-жырауларының мұрасын зерттеуге ғұмырын арнаған ғалым еңбегін қайта зерделейтін маңызды белеске аяқ бастық.
Мардан Байділдаев 1926 жылы Қызылорда өңірінде, қазіргі Жалағаш ауданының Аққошқар ауылында жарық дүние есігін ашты. Оның балалық шағы қазақ халқы үшін аса ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келді. Ашаршылық, қуғын-сүргін, әлеуметтік қиындықтар оның отбасының тағдырына да әсер етті. Өз естелігінде ғалым әкесі мен анасының тағдырын, балалық шағындағы ауыр күндерді тебіреніспен еске алады.
Мардан Байділдаев есімінің Т.Ізтілеуовпен байланысты болуы қызықты тарихқа ие. Деректерде ақын Тұрмағамбеттің жаңа туған сәбиге «Шаһмардан» деген есім бергені айтылады. Кейін заманның саяси жағдайына байланысты оның аты Мардан болып өзгертіліп, елге осы есімімен танылды.
Ғалымның еңбек жолы ауылдағы қарапайым қызметтен басталды. 1948-1951 жылдары Кеңес әскері қатарында болып, одан кейін жоғары білім алуға ұмтылды. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, білім алды. Университетті тәмамдағаннан кейін «Жазушы» баспасында редактор болып қызмет атқарып, 1958 жылдан бастап М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болды. Ол осы ғылыми мекемеде ұзақ жылдар еңбек етіп, бар ғұмырын қазақтың рухани мұрасын жинауға және зерттеуге арнады.
Мардан Байділдаевтың ғылыми мұрасының ең басты ерекшелігі – оның ел аралап, халық арасындағы көне мұраларды өз қолымен жинауы. Ғалым Сыр бойын, Қарақалпақстанды және қазақтар қоныстанған басқа да өңірлерді аралап, жыршылар мен ақындардың, күйшілер мен көнекөз қариялардың әңгімелерін жазып алды. 1961-1964 жылдардағы Қызылорда облысына жасалған экспедициялар барысында академиялық қорға 31 679 жол өлең, 141 күй және 180 ән мәтінін тапсырғаны туралы дерек бар. Бұл – бір адамның ғалымдық еңбегімен ғана өлшенбейтін, тұтас ұлттық мәдениетті сақтау жолындағы орасан зор жұмыс.
Мардан Байділдаев халық арасындағы таланттарды дер кезінде танып, олардың шығармашылығын елге таныстыруға күш салды. Ол жыршы Көшеней Рүстембеков сияқты өнер иелерін Алматыдағы әдеби-ғылыми ортаға алып келіп, шығармашылық мүмкіндіктерінің ашылуына ықпал етті. Сондай-ақ шетелдегі қазақтар арасынан да жыршы, ақындарды іздеп тауып, олардың мұрасын жинауға атсалысты.
Мардан Байділдаевтың есімі Сыр бойының ұлы ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шығармашылық мұрасын зерттеумен тығыз байланысты. Шайыр шығармаларының бір бөлігі уақыт өте жоғалып, кейбір қолжазбаларының тағдыры белгісіз болып кеткен еді. Мардан Байділдаев ақын мұрасын ұзақ жылдар бойы іздестіріп, оның құнды қолжазбаларын табуға үлкен еңбек сіңірді. Зерттеушінің ізденісі нәтижесінде Тұрмағамбет аударған «Шаһнаманың» қолжазбасы табылып, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорына тапсырылды. Деректерде бұл қолжазбаның 35 дәптерден, 815 беттен тұратыны айтылады. Ғалымның ұлттың әдеби тарихындағы аса құнды жәдігерді жоғалудан сақтап қалудағы бұл еңбегіне баға жетпейді.
Мардан Байділдаевтың қазақтың дәстүрлі музыкасы мен жыраулық өнерін зерттеудегі еңбегі де айрықша. 1975 жылы ғалым-академик Әлкей Марғұланның бағыттауымен Қорқыт күйлерін жеткізуші Нышан ақсақалды іздеп тауып, оның орындауындағы күйлерді алғаш рет магнитофон таспасына жазып алғаны туралы мәлімет кездеседі. Сол сияқты ол халық арасындағы жыршылардың орындауындағы эпостық шығармаларды да таспаға түсіріп, кейінгі зерттеушілерге мол мұра қалдырды. 1967 жылы Әбділда жыраудан «Көрұғлы» және басқа да дастандарды жазып алуға қатысқан. Бүгінгі таңда мұндай жазбалардың құндылығы бұрынғыдан да арта түсуде. Себебі ауызша тараған жыр, терме, дастан, күй үлгілерін сол дәуірдегі орындаушылардың өз аузынан жазып алу – фольклордың бастапқы қалпын сақтаудың маңызды жолы.
Мардан Байділдаев құрастырған және дайындауға қатысқан жинақтардың қатарында «Үш ғасыр жырлайды», «Айтыс», «Бес ғасыр жырлайды» секілді қазақ әдебиеті тарихында маңызды орын алатын еңбектер бар. Бұл басылымдар арқылы халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан поэзиялық мұрасы жүйеленіп, кейінгі ұрпаққа жетті.
Ғалымның қаламынан ондаған ғылыми мақала жарық көрді. Ол көптеген ақын-жыраулардың шығармаларын жинақтап, мәтіндерін салыстырып, ғылыми түсініктер берді. Осы арқылы бұрын тек ел арасында ауызша айтылып келген көптеген туындылар ғылыми айналымға енді. Мардан Байділдаевтың еңбегін бағалаған замандастары оның бір өзі тұтас бір ғылыми мекеменің жұмысын атқарғандай еңбек еткенін айтқан еді.
Мардан Байділдаевтың ғалымдық тұлғасын ерекшелендіретін қасиет – атақ пен мансаптан гөрі халық мұрасын жоғары қоюы. Ол ел ішіндегі қарапайым жыршының, қарт шежірешінің, күйші мен ақынның сөзін үлкен ғылыми қазына деп білді. Ауылдан-ауылға, өңірден-өңірге сапар шегіп, көне сөздің, көне сарынның соңынан жүрді. Оның жинаған әрбір жыры мен жазып алған әрбір әңгімесі – қазақ халқының тарихи жадының бір бөлшегі.
Ғалым 1994 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті. Алайда оның артында қалдырған мол мұрасы қазақ фольклортану ғылымының құнды қазынасы болып қалды. Бүгінде Мардан Байділдаевтың есімі туған өлкесінде де ұлықталып келеді. Оның атымен білім беру мекемелері аталып, ғалымның мұрасы насихатталуда.
Мардан Байділдаев – қазақтың рухани қазынасын жинап қана қоймай, оны ұрпаққа аманаттаған ғалым. Оның өмір жолы бізге бір ақиқатты аңғартады: халықтың тарихы тек архивтерде ғана сақталмайды. Ол – жыршының дауысында, ақынның өлеңінде, күйшінің күйінде, қарияның шежіресінде, ел жадында өмір сүреді.
Ал сол қазынаны уақыттың жоғалтып жібермеуі үшін оны іздейтін, жинайтын, зерттейтін және кейінгі ұрпаққа жеткізетін азаматтар қажет. Мардан Байділдаев осындай азаматтық миссияны бүкіл ғұмырына арқау етті. Ғалымның туғанына 100 жыл толуы – айтулы тұлғаны еске алумен қатар, ұлттық мұраны сақтаудың маңызын қайта түсінетін тарихи мүмкіндік. Ағамыздың ғибратты ғұмыры – елін, жерін, тілін, әдебиеті мен өнерін сүйген ұрпаққа өнеге.
Лаура БАҚТЫБАЕВА

















