«Кітап Time – 2026» V жалпы республикалық фестивалі өтті
Бүгін Руханият орталығында аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, қазақ тілі мен әдебиетін терең меңгеруге ықпал ету, ойлау қабілеті мен тапқырлығын, шапшаңдығын дамыту және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Кітап Time – 2026» V жалпы республикалық фестивалі өтті.
Фестиваль аясында мектеп оқушыларының қатысуымен «Кітап – уақыттан озған қазына» атты пролог қойылып, көрермендер назарына «Кітап сөйлегенде...» атты Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінді көрініс ұсынылды.
Сонымен қатар, Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Кітап – ойдың кені, тіл – елдің жаны» атты интеллектуалды сайыс ұйымдастырылды.
Интеллектуалды сайысқа түрлі сала мамандарынан құралған төрт команда қатысты. Олар:
«Шипагерлер» – адам жанына дауа, тәніне шипа сыйлаған, ақ халатты абзал жандар.
«Мұра әлемі» – халқымыздың тарихы мен мәдениетін көздің қарашығындай сақтап, өткен мен бүгінді жалғап жүрген руханият жанашырлары – музей қызметкерлері.
«Жал толқын» – жаңалыққа ұмтылған, білімге құштар, ойы озық, талабы биік жалынды жастар.
«Шабыт керуені» – жас ұрпақтың бойына өнер мен білімнің дәнін егіп, олардың шығармашылығына қанат бітіріп жүрген ұстаздар.
Төрт команда – төрт бағыт, төрт әлем. Алайда барлығының мақсаты ортақ – білімді дәріптеу, кітапты қастерлеу, тілді құрметтеу және руханиятты биікке көтеру.
Төрт кезеңнен тұратын интеллектуалды сайыс барысында қатысушылар қазақ әдебиетінің жауһарларын еске түсіріп, ана тіліміздің байлығын танып, мақал-мәтелдердің мағынасын зерделеп, білімдері мен ой ұшқырлығын, тапқырлығы мен шапшаңдығын сынға салды.
Сайыс қорытындысы бойынша:
Бас жүлде – «Жас толқын» командасы;
І орын – «Мұра әлемі» командасы;
ІІ орын – «Шипагерлер» командасы;
ІІІ орын – «Шабыт керуені» командасы иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Диплом, Алғыс хат және сыйлықтармен марапатталды.
«Кітап Time – 2026» фестивалі кітаптың адам өміріндегі маңызын насихаттап, оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайтып, білім мен руханиятты ұлықтаған мазмұнды мәдени-танымдық шара болды.

















