ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГТАР БАС ҚОСТЫ
Дүйсенбі күні Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде аудан мектептерінің педагог-психологтарына арналған көшпелі секциялық отырыс өткізілді. Оны ұйымдастыруға облыстық психологиялық қолдау орталығының басшысы Жұмагүл Баянова ұйытқы болды.
Секцияда білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің сапасын арттыру, білім алушылардың психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, психологиялық қызметтің жаңа заңнамалық талаптары мен педагогпсихологтардың қызметіндегі өзгерістер, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Жеке қауіпсіздік сабағын» ұйымдастыру және өткізу ерекшеліктері және «Өркен» институты ұсынған диагностикалық әдістемелерді тиімді қолдану жолдары кеңінен сөз болды.
Іс-шарада орталық басшысы Жұмагүл Тасболатқызы қатысушыларға нормативтік құжаттарды таныстырып, маңыздылығына тоқталса, аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгерім Кенжебаева жыл қорытындысы бойынша баяндама жасап, сұрақ-сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің психологі Бағлан Нұхиев биылғы оқу жылындағы платформаның қолданылуы мен тиімділігі туралы хабардар етті.
Секция отырысында білім алушылардың психологиялық жағдайын зерделеуге мүмкіндік беретін жаңа сауалнама платформасы, оны қолдану, сонымен қатар сауалнамаларды ұйымдастыру тәртібі түсіндірілді. Қорытындысында педагогпсихологтар өзара тәжірибе алмасып, әдістемелер бойынша пікір бөлісті.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
















