ЖАҢА БІЛІМ ОРДАСЫ АШЫЛДЫ
Мемлекет басшысының білім беру саласына қатысты тапсырмаларын орындауға байланысты нақты жобалар іске асырылып келеді. Оның ішінде балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау және білім беру жүйесін жетілдіруде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде Байқоңыр қаласындағы білім беру ұйымдарының желісін кеңейту бойынша маңызды қадам жасалып отыр.
Атап айтсақ, «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссиясының бірлескен шешіміне сәйкес, бұрынғы М.Янгель атындағы №7 мектептің ғимараты қала әкімшілігінің жалға беру қорынан шығарылып, толықтай Қазақстан Республикасының білім беру стандартына көшірілді.
Бүгінде білім ұйымы Қазақстан Республикасының коммуналдық меншігіне өтіп, №298 орта мектеп атауына ие болды. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп халық игілігіне пайдалануға берілді.
Мектептің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жан Шайхысламов, аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков және сала ардагерлері қатысып, жаңа білім ордасының жұмысымен танысты.
Мектептің жобалық қуаты – 790 орын. Жаңа оқу жылына қажетті жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Сонымен қатар кадрлық қамтамасыз ету, оқушыларды қабылдау және оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру іс-шаралары аяқталып, мектеп жаңа оқу жылында жұмысын бастады.
«ҚТ» ақпарат
















