БІР АУЫЗ СӨЗДІҢ САЛМАҒЫ
Екі адам әңгімелесуде. Бірі кенет: «Саған бір қызық айтайын, бірақ ешкімге айтпа» дейді. Осы бір сөйлемнің өзі көпшіліктің назарын бірден өзіне аударады. Біз әңгіменің немен аяқталатынын білгіміз келеді. Неге? Неліктен адамдар басқа біреудің өмірі туралы ақпаратты тыңдағанды немесе таратқанды қызық көреді? Өсек айту – жай ғана жаман әдет пе, әлде оның астарында адам психологиясы мен эволюциясына қатысты терең себептер бар ма?
Көпшілік өсекті жағымсыз әрекет деп қабылдайды. Шынында да, біреуді сыртынан жамандау немесе жалған ақпарат тарату адамдардың қарым-қатынасына зиянын тигізуі мүмкін. Алайда психологтардың айтуынша, өсек тек теріс құбылыс емес. Ғылыми тұрғыдан алғанда, адамдардың бір-бірі туралы ақпарат алмасуы қоғамның қалыптасуында маңызды рөл атқарған.
Ғалымдардың пікірінше, ежелгі дәуірде адамдар шағын топтар болып өмір сүрген. Ол кезде кімнің сенімді, кімнің қауіпті, кімнің уәдесінде тұратынын білу өмір сүру үшін керек. Сондықтан адамдар бір-бірі туралы мәліметпен бөлісіп отырған. Бұл қазіргі түсініктегі өсектің алғашқы түрі болуы мүмкін. Яғни әңгіме тек қызық үшін емес, қауіпсіздік пен сенім үшін де қажет болған.
Оксфорд университетінің белгілі эволюциялық психологі Робин Данбардың пікірінше, өсек айту адамдар арасындағы әлеуметтік байланысты нығайтатын құралдың бірі. Оның айтуынша, бұрын маймылдар бір-бірінің жүнін тазалау арқылы байланысын күшейтсе, адамдарда бұл қызметті әңгімелесу, оның ішінде өсек алмастырған. Сондықтан күнделікті сөйлесудің едәуір бөлігі басқа адамдар туралы ақпаратқа арналады.
Бір қызығы, зерттеулер адамдардың өсекке көбіне жағымсыз жаңалық үшін ғана емес, жағымды оқиғалар үшін де құмар екенін көрсетеді. Біреудің жетістігі, күтпеген жаңалығы немесе өміріндегі өзгерістер де әңгіме тақырыбына айналады. Демек, ол дегеніміз әрдайым – жала жабу немесе ғайбат айту емес. Кейде ол жай ғана әлеуметтік ақпарат алмасудың бір түрі.
Психологтар адамның миы жаңа ақпаратты ерекше жақсы қабылдайтынын айтады. Әсіресе тосын немесе күтпеген мәліметтер мидың қызығушылыққа жауап беретін бөліктерін белсендіреді. Сондықтан «Естідің бе?», «Саған бір жаңалық айтайын...» деген сөздер адамның назарын әп-сәтте өзіне аударады. Бұл – миымыздың жаңалыққа деген табиғи қызығушылығының көрінісі.
Мұның бір психологиялық себебі – адамдардың өзін өзгелермен салыстыруға бейімділігі. Біреудің жетістігі немесе сәтсіздігі туралы естігенде, адам еріксіз түрде оны өз өмірімен салыстырады. Кейде бұл өзіне сенімділікті арттырса, кейде керісінше қызғаныш немесе алаңдаушылық тудыруы мүмкін.
Қазіргі заманда өсек бұрынғыдан әлдеқайда жылдам таралады. Бұрын бір ауылдың ішінде ғана айтылған әңгіме бүгінде әлеуметтік желілер арқылы бірнеше минуттың ішінде мыңдаған, тіпті миллиондаған адамға жетуі мүмкін. Сондықтан жалған ақпараттың немесе дәлелденбеген қауесеттің таралу қаупі де артты. Осы себепті мамандар кез келген ақпаратқа сыни көзқараспен қарап, оның рас-өтірігін тексеруге кеңес береді.
Ғалымдар қызықты тәжірибелердің бірінде адамдардың күнделікті әңгімелерін талдап, сөйлесудің едәуір бөлігі басқа адамдар туралы екенін анықтаған. Алайда бұл әңгімелердің бәрі жағымсыз болмаған. Керісінше, олардың көпшілігі бейтарап немесе жағымды сипатта болған. Бұл өсек туралы қалыптасқан түсініктің әрдайым шындыққа сай келе бермейтінін көрсетеді.
Дегенмен, өсектің екі қыры бар. Егер ол адамдарға пайдалы ақпарат жеткізіп, қоғамдағы сенім мен сақтықты арттырса, белгілі бір деңгейде әлеуметтік қызмет атқаруы мүмкін. Ал біреудің абыройына нұқсан келтіретін, жалған мәліметке негізделген өсек адамдар арасындағы сенімді бұзып, үлкен жанжалға себеп болуы ықтимал.
Сондықтан мәселе өсектің өзінде емес, оның мазмұны мен мақсатына байланысты. Шынайы ақпаратқа негізделген әңгіме мен ойдан шығарылған қауесеттің айырмашылығы жер мен көктей.
Адам табиғатынан қызығушылыққа бейім. Біз айналамыздағы адамдар туралы білгіміз келеді, өйткені бұл қоғаммен қарым-қатынасымыздың бір бөлігі. Бірақ сол қызығушылық жауапкершілікпен ұштасқанда ғана пайдалы болмақ. Өйткені бір ауыз сөз кейде адамды қанаттандырса, кейде оның беделіне орны толмас нұқсан келтіруі мүмкін.
Сондықтан келесі жолы «Саған бір құпия айтайын» деген әңгімені естігенде, оны бірден таратуға асықпаңыз. Ақпараттың рас-өтірігін таразылап, оның басқа адамға қандай әсер ететінін ойланған жөн. Өйткені сөз – айтылған сәттен бастап өз иесінен алыстайды, ал оның салдары кейде ұзақ уақыт сақталып қалады. Сөз – адамға берілген үлкен аманат. Сол аманатқа адал болып, біреудің сыртынан сөз тасымай, жақсылықты насихаттайық.
Бауыржан ЖҮНІС
















