» » Адаспайық, ағайын!

Адаспайық, ағайын!

Тарихы бай, қазақ деген халықпыз,
Бірлік болса – осал емес, алыппыз.
Талай жылдар қос қанатын қырандай,
Бірін – балға, бірін – қанға малыппыз.
Тіріміз біз, өлген жоқпыз, өлмейміз,
Үш жүз жылғы бодандықтан шөлдейміз.
Ақыл болса, намыс болса қанымда,
Еркіндікті енді ешкімге бермейміз.
Дегенмен де дертті халық біз деген,
Өз жерінде өз келбетін іздеген.
Құлдық сана торлап алған миларын,
Мақсаты не, нені олар көздеген?
Қазақтықтан қашып қайда барады,
Жүз тіл білсін, сол – қазақ боп қалады.
Бәрін біліп, ана тілін білмеген,
Ұрпақ өсіп, жат бауыр боп тарады.
Көңілімнің шаттық гүлін бүлдірген,
Сол жағдайды ұмыта алмай жүрмін мен.
Ақын деген елі үшін қашанда,
Жүрегінің қызыл етін тілдірген.
...Тойда отырдық үлкені бар, кішісі,
Қазағымның дастарқаны – ырысы.
Бір келіншек он жастағы ұлымен,
Қасымызға кеп жайғасты, дұрысы.
Келіп алып, басқаларға қарамай,
Орыс тілде шүлдірледі тоқтамай.
Қазақ болып тілін оның білмейтін,
Еркін елде ұл өсірген, бұл қалай?..
– Масқара ғой, әйеліме қарадым,
Жас өскіннің қасиетін тонадың.
Өз ұлтының қатарына қоспаған,
Кімге обалы ұлтсыз қалған баланың?!..
Жаймен ғана айтып едім жарыма,
(Бұған бекер дейсің бе, сен, налыма).
Ал келіншек айтқан сөзді естіпті,
Тигендей ме, сол сөз оның арына.
– Өз балам ғой, өзім білем, не істесем,
Мен онымен тек орысша тілдесем.
Жарты қазақ осы тілде сөйлейді,
Айтпас едім, егер оны білмесем...
Келіншектің мына сөзі ұнамай,
Сөз бастадым мен де енді шыдамай.
Елің сенің қашан еңсе тіктейді,
Ұрпағы боп жүрегіңмен жыламай.
– Біріншіден, болмасын еш жаманат,
Ұрпақ саған Тәңір берген аманат.
Ол – балаңды қазақ етіп жаратқан,
Аманатқа жасап тұрсың қиянат.
Екіншіден, ол – халықтың баласы,
Бойында оның болмау керек шаласы.
Тілді білмеу – ұлтсыз қалу деген сөз,
Ол баланың бітпес жүрек жарасы.
Үшіншіден, бала өсіру сауабын,
Ала алмай тұрған жансың, қарағым.
Осы ісіңе екі дүние алдында,
Асықпасаң, сен берерсің жауабын.
...Мен осындай адамдардан қорынам,
Құтыла алмас жасап алған сорынан.
Ал келіншек жетекке ертіп баласын,
Үндей алмай тұрып кетті орнынан.
Ана тілді білмесе жас кезінен,
Ондай жанды бақытсыздай сезінем.
Халқын сүю тілден бастау алады,
Безбүйректен бұра тартып безінем.
Туған елді ақылыммен шолайын,
Көрдім жатқа еліктеген талайын.
Ұлтқа өгей ұрпақ өсіп келеді,
Бұған айтшы, қалай шыдап қарайын?..
Осы жайды мен есіңе салайын,
Басқаны зор мен қалайша санайын.
Өз халқыңмен биіксің сен қашанда,
Басқалардың көбейтпегін малайын.
...Адаспайық, ағайын!
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ
29 тамыз 2026 ж. 96 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (10533)

29 тамыз 2026 ж.

№64 (10532)

24 тамыз 2026 ж.

№63 (10531)

22 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 746
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 191

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31