Халықтың асыл қазынасы

Б.Момышұлы
Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы.
Жалпы адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі. Ол – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз – тәуелсіздік, егемендіксіз – тіл болмақ емес. Тіл – тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып орнағалы отыз жылдан астам уақыт болды. «Мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жарияланды. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – біздер, яғни қазақ жастары. Демек, біздің міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін асыру болмақ. Ана тілі – ананың ақ сүтімен әр қазақ баласының бойына сіңген тілі емес пе еді?! Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Осыны қазақ жастары түсінсе екен деймін. Алайда осыны ескермей өзге тілде шүлдірлеп, қазақ тіліндегі әнді тыңдауды қор санап жүрген кейбір қазақ жастарының бары өкінішті.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп Қадыр ақын айтқандай, қазіргі қоғам өзге тілдерді үйреніп, жетілдіруге еш шектеу қоймайды. Қанша жерден ел көріп, жер көріп, тілін үйренгенімен, әр қазақтың санасында ұлттық ана тіліне деген құрметі сайрап тұруы тиіс. Патриот дегеніміз де міне – осы. Еліміз егемен ел атанды. Ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді. Тіл туралы заң қабылданды. «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысына орай, 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні ретінде аталып келеді. Тілге деген құрметімізді, асыл мұрамызды сақтауда оған деген жанашырлығымызды көрсетуіміз қажет. Әр қазақтың азаматтық қасиеті – өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүюімен, ана тілін қалай білуімен өлшенбек. Әркімнің тілге деген құрметін анасына, ұлтына, Отанына деген құрметінен аңғаруға болады. Ана тілін ұмытқан адам – өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.
Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгінгісі, болашағы. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей еркін есіп тұрады. Қазақ тілі қасиетті қазақ домбырасының үнімен үндесіп жатады.
Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени-әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Осы бір ұғымды санамыздан жоғалтпай, ана тілімізді қашанда болсын құрметтеп жүрсек. Өзара қазақ бола тұра бір-бірімізбен қазақ тілінде сөйлесіп, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі бола алғанымыздың өзі бір ғанибет емес пе?!
Осы орайда басымнан өткізген оқиғамен бөлісе кетсем. Ол кезде студенттік кездер, ауылдың қара қызы қалаға алғаш барып, қаланың күйбең тіршілігіне енді-енді бойсұнып, біршама қала өміріне араласа бастаған уақыт еді. Сабақтан шығып, қоғамдық көлік күтіп, аялдамада тұрған едім. Қасыма орта жастағы әйел кісі келіп, орыс тілінде жол сұраған еді. Білгеніммен бөліскенім айып болмас деп шамам жеткенше айтып түсіндірдім. Әрине, өз тілімде жауап қайтардым. Оған қазақша жауап бергенім жақпаған секілді, күрсініп бұрылып кете барды. Ішімнен жай ғана «Қазақстанда тұрып, неге менімен орысша тілдескісі келді екен» деген сұрақ тұрды. Қаншама қазақ бауырларымды көрдім, алдарына өзге ұлт өкілдері келсе, сол кісілер сияқты орысша жауап бергісі келіп тұрады. Одан шығар нәтиже не? Тілімізге деген құрметтің аздығы деп ұқтым. Кейде осындай жағдайларға куә болып, жүрегім сыздайды. Сол үшін де жас ұрпақ, өсіп келе жатқан кішкентай бауырларымыз тілімізге деген қадір-қасиетін жоғалтпаса екен деген ой туады. Осы тұста: Мағжан Жұмабаевтың тілінде айтар болсақ:
«Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!».
Сонау ата-бабамыздан сарқылмас қазына болып қалған ана тілімізді үлкені мен кішісі болып құрметтеп, әр қазаққа қазақ тілінде сөйлеуді барынша насихаттай беруміз қажет-ақ.
Қымбат МЫРЗАБЕК,
№109 мектептің іс-жүргізушісі