ҚАРМАҚШЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЛАСЫНДА ОҢ СЕРПІН БАР
Ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өндіріс көлемін арттыру – негізгі басым бағыттардың бірі. Осыған байланысты бүгін аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес кезекті баспасөз брифингі өткізілді.
«Руханият» орталығында өткен брифингте аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Ниматулла ауданның 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы бюджеттің орындалуы, инвестициялық жобалар және мемлекеттік сатып алу бағыттарында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Жыл басынан бері жеті айдың қорытындысы бойынша ауданның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан.
Өнеркәсіп саласында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 142,4 пайыз өсімге қол жеткізілсе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 149 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы өнімдері өткен жылдың тиісті кезеңінің 101,3 пайызын құрады.
Инвестиция – аудан дамуының негізгі тетігі болғандықтан брифингте аудан экономикасына бағытталған инвестициялық жобалар да айтылды.
2026 жылы инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған қаражат елді мекендердегі тұрғын үй секторларының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға, тұрғын үй сатып алуға, ауылдарды газдандыруға, автомобиль жолдарын жөндеуге, спорт алаңдары мен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамытуға бағытталуда.
Қазір бюджет көлемі ұлғайып, қаржының игерілуі жоғары деңгейде. Себебі 2026 жылға аудан бюджеті бастапқыда 8 млрд 765,8 млн теңге көлемінде бекітілген. Жыл ішінде үш рет нақтылау жүргізіліп, нәтижесінде аудан бюджеті 14 млрд 981,4 млн теңгеге жеткізілді. Бұл бекітілген бастапқы бюджетпен салыстырғанда аудан бюджеті 6 млрд 215,6 млн теңгеге ұлғайып отыр. Бұдан бөлек республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер толық көлемде, яғни 100 пайыз игерілген.
Брифинг барысында Жанар Абайқызы БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, аудан экономикасының негізгі көрсеткіштері мен бюджет қаражатының игерілуі бойынша толық ақпарат берді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















